Танымал дирижерге арналған кеш

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Тұрлығожа Базаровтың жетпіс жылдығына орай шығармашылық кеші өтті.

Тұрлығожа Биназарұлы 1949 жылы 7 қыркүйекте Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесін, одан кейін Алматыдағы ұлттық консерваторияны бітірген. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында өнерде өзі пір тұтқан хас талант иесі, біртуар дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиевтің өзінен ақыл-кеңес алған Тұрлығожа Базаровтың өмірі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрімен тығыз байланысты. Майталман музыканттың есімі Көкше жеріне ғана емес, күллі Қазақстанға талантты дирижер ретінде бұрыннан таныс.
Жетпіс жасқа толып отырған айтулы азамат өзінің бар саналы ғұмырын музыкаға арнап келеді. Қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Мерейтой иесінің отбасы да шетінен өнерлі. Жан-жары Бақыт, балалары Жанна, Дина, Ербол, Біржан кәсіби музыканттар. Атап айтсақ, қызы Жанна аталмыш оркестрдің белді домбырашысы болса, Динасы Алматы қаласындағы Чайковский атындағы колледжде ұстаз, ұлы Ербол Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжде сабақ береді.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің шыңдалуында, мыңдаған өнерпаздардың өнер жолында биік белестерге көтерілуінде Тұрлығожа Базаровтың сіңірген еңбегі зор. Ұлағатты ұстаздың алдынан алпыстан астам жас домбырашылар тәлім алып, өнердің қиясына қанат қақты. Қазіргі таңда олардың барлығы да еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп, ұлттық өнердің көсегесін көгертуде. Олардың қатарында ағайынды Айнагүл және Қайырлы Сәрсенбаевтар, Шымболат және Бекболат Өтеулиевтер, Кенжеболат Марат, Гүлжан Мұсахимова, Руслан Қойшыбаев, Әсел Тоқсанова және тағы басқалары бар.
Қазақ өнерінің тарландары Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржамал Үсенбаеваның Көкшетауға келіп, осы оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқауы біраз жайды аңғартады. Бүгінде елуден астам музыкант оркестрдің құрамында өнер көрсетеді.
Талантты дирижердің жетпіс жылдығына орай өткізілген концертте оркестр өзінің тамаша өнерімен көрерменін тағы бір тамсандыра түсті. Шығармашылық кештің шымылдығы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Мереке Бекмағамбетов пен Гүлжан Ахметованың орындауындағы (дирижері Тұрлығожа Базаров) әсем әнмен ашылды. Құлақ құрышын қандырар басқа да әндер мен халық күйлері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тұрлығожа Базаровтың Семейде бірге оқыған жолдасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ахметхан Алпысбаев, Құрманғазы атындағы оркестрдің дирижері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров, ел ағалары Иран сал Тасқара, Айтқали Жайымов, Құрмет Сақай шығармашылық кештің құрметті қонағы болды.
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова мерейтой иесіне Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатын тапсырса, Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің менеджері Абзал Тоқанов «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен марапаттады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар