Тиімді жобалар өз нәтижесін беруде

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында Ақкөл ауданының білім және мәдениет саласындағы атқарылған бірқатар игілікті істерімен таныстық.

«Жас прожект» жастар бағдарламасына Ақкөл ауданынан жеті жоба ұсынылып, оның екеуі өткен. Бағдарлама мемлекет тарапынан қаржыландырылуда. Жобаның жетекшісі Ақбота Мизамхан жобамен әлеуметтік желіде танысқанын, кейін қатысушыларын тапқанын айтып берді.
– Конкурсқа қажетті құжаттарды жинап, тапсырдық. Бір айдан соң конкурстан өттіңіздер деген хабар келді. Бұл жоба жұмыс істей бастағанда ата-аналардың қуанышында шек болмады. Мұнда Ардақ Өнерхан, Темірлан Бектасов, Демежан Сәрсенбаев сияқты жобаға қатысушылар жұмыс істейді. Біз бүлдіршіндермен мектепке дейінгі дайындықпен айналысамыз. Мұнда олар жазумен, оқумен айналысады. Шахмат, лото, дротики, тоғызқұмалақ тәрізді әртүрлі ойындар ойнайды. Өйткені, ойынды оқумен қатар ұстаған оқушы ешқашан жалықпайды. Сондай-ақ, біз оқушылардың үй жұмысын орындауына көмектесеміз. Орталыққа Бектұров атындағы №3 орта мектептің 15 оқушысы тұрақты түрде келеді. Олардың арасында дарынды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. «Бес саусақ бірдей емес» деген сияқты балалардың ынтасы да әртүрлі. Кейбір екінші сыныптың оқушылары әріп танымайды,–дейді Ақбота Мизамхан. Аудандық орталық кітапханада ашылған «Kovorking ortalyg»-қа келетін жастар саны күн санап артып келеді. Олар мұнда кітап оқиды, баспасөз мәслихаты, әдебиет кеші, суретшілер көрмесі, бейнефильм, үстел ойындары тәрізді әртүрлі шараларға қатысады. Құрдастар жиналып, өз идеяларын айтады. Жобаларды жүзеге асырады. Орталық компьютермен жабдықталған. Интернет, Wi-Fi жұмыс істейді. Қазір оқушылар жастар форумына дайындалуда. Орталықта дарынды оқушылар көп. Мәселен, биылғы жылдың қазанында Ақкөл қаласының Петр Исаков атындағы №1 орта мектептің оқушысы Арсений Гривастов облыстық экологиялық өлкетану форумына қатысып, «Сүйікті өлкем», «Туған жерім» аталымы бойынша бейнематериал ұсынған. Ол облыстың 12 ауданының өкілі арасында екінші орынды жеңіп алыпты.
– Әркім өз өлкесінің тарихын білуі қажет. Өйткені, өткен тарихты білмей, болашақты болжау қиын. Моншақты төбесінің етегінде қазақтар тұрды. Мұнда алғашқы қоныстанушылар 1881 жылы келді. Ақкөл қаласының іргесі 1887 жылы қаланған,–деген Арсени Гривастов таба алмайтын кітаптарын орталықтан табатынын айтты. Жайық Бектұров атындағы №3 қазақ орта мектептегі 11 сыныптың оқушысы Линара Қуанышбаеваның тобы Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық би конкурсына қатысып, екінші орыннан көрініпті. Олар шетелдіктердің биін көріп тәжірибе жинақтаған көрінеді. №2 орта мектептің оқушысы Карина Юнусова жол қозғалысының жас инспекторлары үйірмесіне қатысатынын, оқушылар арасында жол жүру ережесін
насихаттайтынын айтты. Осы бағытта олар аудандық жарыстарға қатысып, бірінші орынды, облыстық жарыстарда екінші, үшінші орындарды жеңіп алады екен.
Аудандық кітапхана жүйесінің директоры Нұргүл Әлішеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» кабинетінде аудандық маңызға ие барлық шаралар өткізіледі екен. Ауданда білім, мәдениет аясында өткізілетін барлық шаралардың ақпаратын осы бөлмеден табуға болады. Кітапхана жүйесіндегі аудандық және 18 селолық кітапхана бірігіп, энциклопедия жинағын, сондай-ақ, өңірдегі киелі жерлердің картасын жасады. Осы жерден Абылайханның қара жолы өтеді. Моншақты төбесінің етегінде Өрезханым, Домбыралы төбесінің етегінде Қазы батыр жерленген. Кітапханашы Шолпан Бертілеуова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы, бұл жұмыс бұдан он жыл бұрын басталған. 2017 жылы кітапхана күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Оқу залында мүмкіндігі шектеулі балалардың орталығы ашылды. Мұнда «Еңсеру» жобасы жүзеге асырылуда. Балалар кітап оқиды, әртүрлі ойындар ойнайды. Балалардың барлық мәдени шаралары осында өткізіледі. Бағдарлама аясында жиһаз, проектор мен компьютерлер сатып алынды. Телевизор «Отау» жүйесіне қосылды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар