Облыс диқандары барлық дақыл түрлерінен жақсы өнім жинады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде биылғы егін орағы науқанының қорытындылары мен

өңіріміздегі экологиялық ахуал туралы мәселе қаралды. Облыс әкімі, ең алдымен жиналғандарға жаңадан тағайындалған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренованы таныстырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаевтың айтуынша, биылғы егін орағы науқаны аса күрделі жағдайда өтті. Ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, облыс диқандары дәнді дақылдардың барлық түрінен жақсы өнім алды.
Облыс шаруашылықтары биыл 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын сеуіп, қоймаға 5,1 миллион тонна астық құйып алды. Гектар түсімі 11,7 центнерден айналып отыр. Жиналған астықтың жартысынан көбі 3 класты, яғни, егін сапасы да көңілден шығатындай дәрежеде. Астықты қабылдап, сақтайтын орындарды уақытында дұрыс әзірлеудің арқасында бұл мәселеде еш қиындық болған жоқ.
Қазіргі күнге дейін шаруашылықтар 218 мың гектар алқаптың майлы дақылдарын жинады. Бұл – жалпы осы дақылдар егістігі алқабының 85,2 пайызы. 156,7 мың тонна майлы дақыл жиналып, гектар түсімі 7,2 центнерді құрады. Сонымен бірге, 17,4 мың гектар алқаптан 278 мың тонна картоп, 3,8 мың гектар жерден 57 мың тонна көкөніс жиналып алынды.
Облыс басшысы барлық аудан, қала әкімдеріне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, жиналған астықты сақтау және нан бағасын тұрақты ұстап отыру үшін «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық Компаниясы» АҚ-на астықты тапсыру арқылы азық-түлік қорын жасау мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, қараша айының 10-нан кешіктірмей майлы дақылдарды түгел жинап алуға тапсырма берілді.
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әнуар Нұрсейітов облыс аумағында бүгінгі күні кездесіп отырған өзекті мәселе – қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтайтын полигондарды заңдастыру жайында ақпарат берді. Қазіргі күні облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 130 қоқыс төгетін орын мен полигон болса, солардың 25-і ғана заңдастырылған. Ғарыштық мониторинг қортындысына сай, бүгінгі күні 1576 заңсыз қоқыс төгетін орындар анықталған. Мұның қоршаған ортаға үлкен залалын тигізетіні белгілі.
Облыс басшысы бұл мәселеге қатысты табиғат русурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен барлық аудан, қала әкімдеріне қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыруға, мұндай полигондары жоқ селолық округтер аумағынан уақытша қоқыс төгетін орындар жасауға арналған тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Сонымен бірге, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен аудан, қала әкімдеріне қатты тұрмыстық қалдықтар сақтайтын полигондар салу, өңірлерде тұрмыстық қалдықтар шикізаттарын қабылдайтын қосымша пункттер ашу және контейнер тұратын алаңдарды талаптарға сай абаттандыру, коммуналдық қалдықтарды түріне қарай бөліп қабылдау сияқты шараларды жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар