Ән мен жыр әр берген бұл өмірге!

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасымен бірлесіп,

«Әр берген бұл өмірге ән менен жыр» тақырыбында облыс ардагерлері арасында байқау ұйымдастырды.

Ардагерлердің өнерлерін тамашалауға халық көптеп жиналды. «Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған көрермендердің бар тілегі аға ұрпақтың сонау аласапыран жылдары Отанын басқыншы жаудан қорғай жүріп, патриоттық сезіммен жазған және орындаған, сөйтіп ерлік істерге жетелеген ән-күйлерін тыңдап, билерін тамашалау еді. Олар сол мақсаттарына жетті деп нық сеніммен айтуға болады.
Сұрапыл жылдары майданның алғы шебінде жаумен арпалыса жүріп жазған әндері бүгінгі ұрпақтың орындауында Көкшенің көк жүзінде қалқып, барша көрермендерді қуанышқа бөлеп, естен кетпес әсер қалдырды. Облысымыздың ардагер-өнерпаздарының өнер сайы-
сына асқан жауапкершілікпен дайындалғандары айқын байқалып тұрды. Бурабай, Ақкөл, Аршалы, Есіл, Целиноград, Біржан сал аудандарының және Көкшетау қаласы ардагерлер ұйымдарының жоғары орындаушылық шеберліктерін айрықша атаған жөн. Сол сияқты Жақсы, Шортанды, Бұланды, Астрахан аудандары сан түрлі жанрларымен ерекшеленді.
Жеке орындаушылар арасында Жарқайың ауданынан келген қатысушы Надежда Коковихинаның қазақ тілінде тамылжыта салған «Бұл-бұл» әні, Бұланды ауданының ардагер өнерпазы Мәуелгүл Жолдасованың мандалинмен сүйемелдеп шырқаған «Меніңдағы бір аққуым бар шығар» әні, Зеренді ауданынан келген өнерпаз Сайлау Ибраевтың «Жас қазақ» әндерін көрермендер ерекше ілтипатпен қарсы алды. Атбасарлық Валентина Найденованың жетекшілік етуіндегі ардагерлер хорының орындауындағы патриоттық попурри залдағы көрермендерді ерекше тебірентті.
Сол сияқты Біржан сал ауданының өнерпазы Василий Устьянцевтің гитарамен салған «Часы» әні, осы ауданның ардагері Виктор Дробининнің «Письмо солдата» сатиралық әңгімесі, ақкөлдік Гүлмира Работягованың жетекшілік етуіндегі «Элегия» вокалдық тобының орындауындағы «Нұрикамал» әні, Есіл ауданынан келген қатысушы Любовь Белоусованың жетекшілік етуіндегі халық хорының салған «Ноктюрн» әнін де айтпай кетуге болмас.
Гала-концерт көркемөнерпаздардың орындауындағы «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті. Концерт соңында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл бұл шара Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналып отырғанын айтты.
Байқауда жеңімпаз шыққан, сондай-ақ, белсенділік танытқан қатысушыларға грамоталар мен Алғыс хаттар, ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бірінші орынға ие болған бурабайлықтарға 300 мың теңгенің, екінші және үшінші орындарды иеленген Ақкөл, Есіл, Целиноград аудандарынан келген қатысушыларға 200, 100 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Осылайша, сұлу Көкшенің көк күмбезін әуелеген әсем ән арқаның жазира даласында қанатын кеңінен жайып, ақша бұлттармен араласып, ұлан-ғайыр қазақ даласына тарап, көкжиекпен астасып жатты. Аға ұрпақтың салып кеткен сара жолы асқақ әнмен, күмбірлеген күймен өрнектеліп, ардагерлердің әлі де сапта екенін және бола беретінін тағы да бір дәлелдеп берді.

Үкітай АХМАДЕЕВ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар