Әлеуметтік қызмет деңгейін көтеретін жаңа жүйе іске қосылады

Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдар арнайы құрылған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өз бетінше әлеуметтік қызметтер мен қажетті техникалық құралдарды таңдап ала алады. Автоматтандырылған бұл жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды. Жаңа жүйенің жұмысы жайында облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова өз ой-пікірімен бөліседі.

– Дина Қамидоллақызы, портал арқылы қандай тауарлар мен қызметтерді алуға болатыны және ең бастысы, оны кім төлейтіні туралы айтып берсеңіз.
– Осындай порталды құру мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету сапасын жақсарту мен ашықтыққа деген үлкен қадам. Осы электронды платформаның көмегімен мүгедектер өз бетінше немесе біздің қызметкерлеріміздің көмегімен тікелей жеткізушілерден қажетті техникалық құралдарды немесе қызметтерді таңдай алады. Мәселен, нақты адамға барлық өлшемдері бо-йынша сәйкес келетін кресло-арбаны өз бетінше таңдау, жеке көмекшіні табу, санаторлық-курорттық емделуге өтінім беру қызметтерін таңдауға мүмкіндік бар. Портал бес үдерісті цифрлауды көздейді: техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, ымдау тілі маманының, жеке көмекшінің, санаторлық-курорттық емделудің қызметтері. Ол тек инватакси қызметтерін қамтымайды. Мемлекет өз тарапынан техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің құнын өтейтін болады. Бұл ретте, егер тұтынушы мысалы, неғұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған болса, қосымша ақы төлеу мүмкіндігі көзделген.
– Бұл портал мүмкіндігі шектеулі адамға қандай жеңілдіктер
мен артықшылықтар әкеледі?
– Артықшылықтары аз емес. Біріншіден, әркім сапалы тауарлар мен қызметтерді өз бетінше таңдай алады. Орталықтандырылған сатып алу мен бөлуді күтудің орнына оған қажет нәрселерді тезірек алуына мүмкіндік бар. Бізге электрондық жүйе қызмет көрсету сапасын жақсартуға, техникалық құралдар мен қызметтерге нақты қажеттілікті анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай порталды құру болашаққа, біздің қамқорлығымыздағы жұмыстың жаңа деңгейіне жасалған қадам деп ойлаймын. Портал арқылы қызмет көрсетуге біртіндеп көшу қаңтар айында басталады. Жыл бойы тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз ету портал арқылы да, мемлекеттік сатып алу арқылы да жүзеге асырылатын болады, ал 2021 жылдан бастап жұмыстың электрондық форматына толық көшу жоспарлануда.
– Идея жақсы екен. Бірақ, оны іс жүзінде жүзеге асыруда проблемалар болмай ма? Интернеті жоқ ауылдық жерлерде мүгедектер немесе ұялы телефон жоқ адамдар портал қызметін қалай пайдаланады?
– Бұл мәселені шешу ойластырылған. Әрине, әлеуметтік қызмет көрсету порталының барлық пайдаланушылары үшін тең жағдай жасау керектігін түсінеміз. Бұл үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдар өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын құратын болады, онда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары мүмкіндіктері шектеулі адамдарға консультация беретін, оларға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін таңдау мен алуда көмек көрсететін болады.
– Егер портал арқылы тапсырыс берілген арба сапасыз болса немесе адамға қандай да бір өлшем бойынша сәйкес келмесе, қалай болады? Оны қайтаруға бола ма?
– Бүгінде мүгедек, жеткізуші және тауарды жеткізуді жүзеге асыратын ұйым арасындағы шарттық қатынастарды реттейтін тетіктер мен құжаттар әзірленуде. Біздің қызметкерлеріміз жүйеге енгізілетін барлық өлшемдерді бақылай отырып, тұтынушыларға қызметтерге тапсырыс беруге және алуға көмектесетін болады. Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде даулы мәселелер туындаған жағдайда оларды шешу үшін комиссиялар құрылатын болады. Тауардың немесе қызметтің сапасы үшін жауапкершілік, әрине, жеткізушіге жүктеледі.
– Жеткізушілердің өздері қандай да бір іріктеуден өте ме немесе порталда барлық талап білдірушілер жұмыс істей ала ма?
– Әрине, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету үшін барлық жеткізушілер нақты өлшемдер мен талаптарға жауап беруі тиіс. Әлеуметтік қызметтер порталында өз қызметтері мен тауарларын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ, заңды тұлғалар мен олардың филиалдары ұсына алады. Бұл ретте олардың салық берешегі, әлеуметтік аударымдар бойынша қарыздары болмауы, барлық қажетті сертификаттар мен құжаттар болмауы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген белгілі бір талаптарды сақтауы тиіс.
– Бірінші қаңтарға дейін көп уақыт қалған жоқ. Сіз қалай ойлайсыз, осындай қысқа мерзімде жаңа жүйені нақты енгізу мүмкіндігі бар ма?
– Мүмкін емес ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ағымдағы жылдың соңына дейін министрлік қызмет алушылар мен оларды жеткізушілер үшін порталды пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулықтар әзірлейтін болады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы мен әлеуметтік қызметтердің электрондық тұғырнамасымен жұмыс істейтін өңірлердегі бөлімдердің барлық қызметкерлері азаматтарға білікті көмек көрсету үшін оқыту тренингтерін өткізеді. Айтпақшы, 2019 жылдың
1 қарашасынан бастап елімізде 1411
call-center жұмыс істейді.

Сұхбатты ұйымдастырған облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар