Әлеуметтің әлеуетін көтере түседі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы» бағдарламасының орындалу барысымен таныстырып, журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды.

– Еліміздің Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен 2017 жылдан бастап кең тармақты «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы іске асырылып келеді. Ақмола облысында тұрғын үй құрылысы бағдарламаның барлық 5 бағыты бойынша табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде 900 мың шаршы метрден астам пәтер салынып, 8 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Биылғы жылы 501 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланса, өткен 9 айда 3462 пәтердің кілті табыс етілді. Қазіргі күні 2019 жылға бөлу көзделген 11,4 миллиард теңге қаржы кестеге сай игерілу үстінде. Бұл орайда, «Байтерекдевелопмент» АҚ 1,5 миллиард теңгелік мемлекеттік құнды қағаздардың барлығын айтып өткім келеді», – деді Марат Сәкенұлы.
Бұдан әрі басқарма басшысы бағдарламаның маңызды бағыттарына жекелей тоқталды. Соңғы екі жылда облыста 20 жалдамалы тұрғын үй (674 пәтер) салынған екен. Ал, пәтерді сатып алу құқынсыз жалға алу тәсілімен 9 ауданда 23 үй салыныпты. Үстіміздегі жылы «Байтерекдевелопмент» АҚ қаржысымен 30,8 мың шаршы метрлік 400 пәтерді қатарға қосу жоспарланғаны бағдарламаның тиімділігін байқатады. Осы ретте несиелік тәсілдің облыстың көптеген аудандарын қамтып отырғанын айта кету керек. Мәселен, 2020 жылы 41 мың шаршы метрлік 13 үй Көкшетау қаласымен бірге Бурабай, Бұланды, Ерейментау аудандары орталығының шырайын аша түспек.
Биылғы жылы құрылысшылар 177 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарласа, бұл көрсеткіш 184-ке жеткені белгілі болды.
Мемлекет басшысының әрбір облыста үй құрылысы комбинаттарын құру туралы тапсырмасына сәйкес Көкшетаудағы осындай кәсіпорын қазірдің өзінде 5 тұрғын үйді пайдалануға беріп отыр. Комбинаттың жүктемесін арттыру мақсатында панельді үйлер құрылысын дамытудың 5 жылдық жоспары түзілді.
Облыста жеке тұрғын үй құрылысы қарқын ала бастады. Биыл бюджет қаржысына Шортанды ауданында 808 жер учаскесі су және электр желілері тартылады. Былтыр Атбасар, Аршалы аудандары мен Степногорск қаласында 5820 учаске инженерлік желілермен қамтамасыз етілген. Жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында облыс әкімдігінде өңірлік үйлестіру комиссиясы құрылып, тиімді жобалар қаржымен қамтамасыз етілуде.
Облыста «Ақмола жастары» бағдарламасы тиісті қайтарым беруде деп атап көрсетілді брифингте. Биыл 200 пәтерді қамтитын 3 жоба сараптамадан өткізіліп, екі жоба бойынша мердігерлер анықталды. Қазіргі күні 90 пәтерлік тұрғын үйге қатысты 4 жобалау құрылыс құжаттары дайындалуда екен.
Өңірде тұрғын үймен қатар әлеуметтік бағыттағы құрылыс ісі дами түсуде. Бұл бағытта 18,033 миллиард теңге игерілуі қажет. Жұмыс қарқыны көңілдегідей деп айтуға болады. Оны ведомство басшысы денсаулық сақтау, білім, спорт салаларында 15 нысанның құрылысы жүргізіліп жатқанымен негіздеді.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар