Жас сарбаздар ант берді

Тәуелсіздік алаңында әскер қатарына шақырылғандарды шығарып салуға және «Жас сарбаз» қатарына енушілердің

Ант қабылдау рәсіміне арналған республикалық «Ел тірегі» әскери-патриоттық акциясы болып өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал майор Мұхамеджан Таласов пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысты.

Салтанатты шарада, ең алдымен ортаға Мемлекеттік Ту әкелініп, Гимн шырқалды. Әскери қызметін өтеуге аттанғалы тұрған болашақ сарбаздар сап түзеп, Әнұранның әуенін шырқады.
Қарулы Күштер – сыртқы қауіпке немесе агрессияға жол бермеу, ел қорғанын қамтамасыз ету үшін құрылған. Сондай-ақ, бұл Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне байланысты тапсырмаларды орындайтын мемлекеттің әскери ұйымы. Ел тыныштығын, халқымыздың амандығын сақтау – азаматтардың Отан алдындағы басты парызы, қасиетті борышы. Сол борышты абыроймен атқаруға ант еткен Бурабай ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп оқушылары «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысы қатарына енді. Олар ант қабылдап, «Жас сарбаз» гимнін орындады.
Салтанатты шараны ашқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов:
– Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Бүгінгі армия – бүкіл қазақстандықтардың ар-намысы және мақтанышы. Қазіргі таңда «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен жұмыс жасап келеді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз 2018 жылы елордада осы «Жас сарбаз» қозғалысының тұсауын кескен еді. Содан бері қатарымыз 180 мыңға жетті. Бұған Ақмола облысының патриоттары да атсалысуда, – деген ол «Жас сарбаз» қатарына қабылданушыларға куәліктер мен төсбелгі табыс етті.
Ант қабылдау рәсімінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, әскер қатарына алынушы 20 сарбазға сыйлықтар үлестірді және өңір басшысының атынан генерал-майор Мұхамеджан Таласовқа, елордадан келген ансамбльге, қарауыл мен барлау ротасына Алғыс хат табыстады.
Әскери бөлімге шақырылушы Арман Бауыржанұлы бүгін өзі үшін айтулы күн екенін былай жеткізді:
– Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, соның ішінде десанттық-шабуылдау әскерінің қатарына өткенімді мақтан тұтамын. Әскери борышын өтеу әрбір азаматтың асыл парызы деп санаймын. Осы міндетті абыроймен атқарып, толыққанды орындауға уәде беремін. Аталарымыздың аруағына, әкелеріміздің арына, ағаларымыздың намысына дақ түсірмей, солар жүріп өткен жолда адал болуға тырысамын.
Шара соңында Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Ұлттық әскери-патриоттық орталығының ансамблі көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынып, жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс түрлерінен өнер көрсетті.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар