Жәрмеңке жұрт көңілінен шықты

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бүгін Көкшетау қаласының Тәуелсіздік алаңында

ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің сауда шатырларын аралап көріп, оның ұйымдастырылу деңгейіне назар аударды, облыс тұрғындарының хал-жағдайын сұрап білді.

Бұл жәрмеңкеде Астрахан, Аршалы, Бұланды, Біржан сал, Есіл, Жақсы, Қорғалжын мен Сандықтау аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен Көкшетау қаласының өңдеуші кәсіпорындары өз өнімдерін саудалады. Мұнда қала тұрғындарына нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуынша, жәрмеңкеге облыстың 90 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өнімнің елуден астам түрін әкелген. Жалпы, мұнда 90,7 миллион теңгенің 97 тонна азық-түлік тағамдары саудаға шығарылды. Тұтынушыларға 43 тонна ет және ет өнімдері,  4,5 тонна балық, 152 мың дана жұмыртқа, 7,5 тонна сүт және сүт өнімдері, 16 тонна ұн, 20 тонна картоп пен көкөніс ұсынылды.

Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеміс ағаштарының көшеттері мен отын сатылды. Алаңда кәуәп, ыстық шай, нан өнімдері тәрізді қоғамдық тамақтандыру орны ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тегін дәм тату және бауырсақ тарату акциясы өткізілді. Әсіресе, Біржан сал ауданында орналасқан «ҚазГерҚұс» серіктестігі құрған сауда шатырының алдында тұтынушылар қарасы көп болды. Олар тауық жұмыртқасының бір данасын 22-24 теңгеден сатып алып жатты. Аталмыш аудан әкімінің орынбасары Кәрібай Шәймерденовтың айтуынша, бұл өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 2 тонна ірі қара мал етін, 500 келі қой етін, 300 келі құс етін, 70 мың дана тауық жұмыртқасын, сүт өнімдерін әкеліпті. Сондай-ақ, Қорғалжын ауданы да 2 тонна ірі қара мал етін, құс етін, 2 тонна әртүрлі балықты, қымыз бен көкөністі саудалады. Жәрмеңкеге келген жұрт 1 келі ірі қара етін 1,5 мың теңгеден, жылқы етін 1,7 мың теңгеден, қой етін 1,4 мың теңгеден, құс етін 850 теңгеден сатып алып жатты.

Өнер сүйер қауым облыстың ең үздік шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Рамазан ТІЛЕУОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *