Батырға құрмет

Биылғы жылдың 7 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 95 жыл толу құрметіне орай үлкен мерекелік мәдени іс-шара өтті.

Ұлы Отан соғысындағы жеңіске соңғы нүкте қойған, Рейхстагқа ту тіккен қазақтың батыр ұлы Рахымжан Қошқарбаев көзі тірісінде кеңестік теріс саясаттың кесірінен ерлігіне лайықты марапат ала алмаса да, еліміздің тәуелсіздігінің арқасында Халық Қаһарманы атанып, ел құрметіне бөленді. Елордамызда қазақтың қаһарман ұлының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы шара соның бір айғағы десе болады.

Елорда әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен бастаған игі жақсылар батыр ескерткіші алдында сөз сөйлеп, оның сындарлы шақта көрсеткен ерлігін елге паш етті.
Бұл жиынға астана іргесіндегі Целиноград ауданының тұрғындары, батырдың немере қарындасы Рымжан апай, тағы көптеген ел жанашырлары мен рухы биік патриот адамдар қатысты.
Бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш 2016 жылы ашылса, Целиноград ауданының орталығы Ақмолда Рақымжан Қошқарбаев пен Талғат Бигелдиновке арнайы қойылған бюстің тұсауы 2015 жылы кесіліп еді. Бұл кезде Целиноград ауданының тұрғындары үлкен апатты жағдайда өмір сүріп жатты. Оразақ, Ағанас, Шінет, Қабанбай батыр, Жаңажол, Отаутүскен ауылдары тасқын судың астында қалған жүрекке бір қорқыныш ұялаған мезгіл еді.
Соған қарамастан, жаңадан тағайындалған Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Сәттарұлы Тәткеев бір қолымен тілсіз жаумен арпалысып жатса, екінші қолымен, рухы биік патриот адам болғасын, ізгілігі мол мәдени жұмысты қатар қолға алып жатты. Бұл қамал бұзар, жан-жақтан қысым көріп жатқанда бір саспайтын батырларға тән сирек мінез.
Малғаждар Сәттарұлы осындай сындарлы шақта өзінің өршіл ер мінезін іс жүзінде дәлелделі. Ұйымдастыра білу қабілетінің арқасында ол барлық ойға алған жұмысын толықтай орындап шықты. Міне, Азамат деп халық сүйсініп айтатын сөз осындай биік, ер мінезді жандарға арналған ғой. Бұл көпшілік үшін ұмытылмайтын өнегелі бір іс болды.
Елордада өткен жиынға Рақымжан Қошқарбаев ауылының әкімі Гүлбану Қонақова мен қоғамдық жұмыстың белсендісі, еңбек ардагері Амантай Байбисенов, Жалғызқұдық әкімдігінің жетекшісі Мәулен Сағынтаев пен қадірлі ел ағасы Әпсәмет Сәтенов, Целиноград ауданы әкімдігінің және мәслихатының, ішкі саясат бөлімінің басшылары, еңбек ардагерлері, даңқты батырды көрген әрі тілдескен қарт ұстаз Абай Ерденов сияқты қазыналы қарттар мен жастар қатысты. Той барысында батыр ескерткішіне олар ізгі құрметпен алқызыл гүл шоқтарын қойды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар