Мүгедек жанның жағдайы басты назарды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жұмыс тобының бір мүшесі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалында азаматтарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау жүргізді.

Қабылдауға келген екінші топтағы мүгедек Хасан Ерденов мүгедектер жыл сайын бір шипажайда ғана денсаулықтарын сауықтыратынын айтып, басқа шипажайларға да жолдама берілсе деген тілегін білдірді. Жылда мемлекеттік сатып алу кезінде үнемі «Алмаз» деп аталатын бір ғана шипажайдың жеңімпаз атанатын себебі,онда басқа шипажайларға қарағанда баға біршама төмендеу екен. Ал, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова мұның себебін байқаудың алдымен қоғамдық ұйымдар арасында жүргізілетінімен, оған «Алмаз» шипажайынан басқа ешқандай қоғамдық ұйым қатысуға ниет танытпайтындығымен түсіндірді.
Жергілікті бюджеттен мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыру орындарына жіберуге бөлінетін қаражат тек аталмыш шипажайға ғана баруға жетеді. Бүгінде 3 мыңға жуық мүгедек шипажайға жіберілуі керек болса, соның тек 1242-сі ғана қамтылып отыр. Министр көкшетаулық Хасан Ерденовтің өтінішін тыңдай келе, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың көбісін осындай мәселелер толғандыратынын, оны шешу үшін министрлікпен бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
–Белсенді азаматтық ұстанымыңызға, мүгедектердің проблемасын көтеріп отырғаныңызға қуаныштымын. Енді осы мәселе қалай шешілетіні туралы айтатын болсам, келер жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығын мемлекеттік сатып алудан шығарып, әлеуметтік қызметтер порталын ашатын боламыз. Ол жерде барғыларыңыз келген шипажайды өздеріңіз таңдайсыздар. Бағаға келсек, шынымен де, сауықтыруға бөлінетін қаражат әр облыста әртүрлі. Бұл ең алдымен,жергілікті бюджетке байланысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардан ақша аямау керек. Тіпті, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде де мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың жәрдемақысын есептеген жоқпыз. Неге? Өйткені, олар онсыз да қамқорлыққа мұқтаж. Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосқанда біз осы жайттардың барлығын ескеретін боламыз, ¬– деді министр.
Шипажайлардың бағасына қатысты республика бойынша бірыңғай тұжырымдама қажет екені де қоғамдық қабылдауда айтылмай қалмады.Сонымен қатар, мүгедектердің шипажайларға өздерімен бірге көмекші ертіп апаруы туралы мәселе көтерілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедектер арбасын ағымдағы жөндеуден өткізу туралы өтініш айтқан бірінші топтағы мүгедек, «Қазақстан Республикасы Ұлттық паралимпиадалық комитеті» Ақмола облыстық филиалының төрағасы Рамазан Мұқатаевқа, сонымен қатар, мүгедектер арбасын пайдалану мерзімі аяқталғанын күтпей, тозығы жеткен кезінде ауыстыру туралы өтініш білдірген бірінші топтағы мүгедек Валерий Чернышевқа мәселелерін жұмыс сапары аяқталғасын жіті зерттеп, көмектесуге уәде берді. Министрлік бекіткен жарлық бойынша, үйде жүретін арба төрт жыл мерзімге, ал далаға арналған арба жеті жылға беріледі. Бір жылға дейінгі кепілдік мерзімі аяқталғасын арба не ауыстырылмайтындықтан, не жөнделмейтіндіктен мүгедектер сынық арбамен жүруге мәжбүр.
Ал, Көкшетау қаласының тұрғыны Бақытбек Сәдуов Қазақстан Республикасының Президенті халыққа арнаған биылғы Жолдауындажұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырғанын алға тартып, министрден зейнетақы жинағын қай кезге қарай алуға болатынын сұрады. Бұл ретте министр:
–Президент бізге жылдың аяғына дейін осы мәселеге байланысты Ұлттық банкке ұсыныс беруді тапсырды. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жинақтаушы зейнетақы қорында 10 миллион адамның ақшасы жатыр. Олардың барлығын қосқанда 10 триллион теңге болады. 75 пайыз салымшының бар жиған-тергені бір миллион теңгеге жетпейді. 50 пайызынікі 500 мың теңгеге дейін ғана. Ол дегеніміз, жинақтаушы зейнетақы қорында адамдардың басым көпшілігінің жинаған ақшалары аз. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, жинақтаушы қорда айтарлықтай ақша жиналуы үшін кемінде 35-40 жыл уақыт керек екен. Ал, бізде бұл жүйеге жиырма жыл ғана болды. Осы қор ертеңгі күні ел азаматтарына зейнетақы төлеуге жетуі керектігін ұмытпауымыз керек. Келешекте мемлекеттің тарапынан тағайындалатын зейнетақы болмайды. Барлығы жинақтаушы қордан алынады. Сондықтан, жинақтаушы жүйенің рөлі артады,– деді министр. Бұл күні жұмыс тобының мүшелері «Тыныс» акционерлік қоғамында болып, жұмысшылармен кездесті.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *