Өңіраралық форумға қазірден бастап қызу дайындалу қажет

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат мәжілісінде Үкімет басшысы Асқар Маминнің және оның орынбасары

Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтің жұмыс тобы мүшелерінің Ақмола облысына жұмыс сапарының қорытындысы шығарылды, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы 16-ші өңіраралық әріптестік форумы шеңберінде ресейлік әріптестермен қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселелері талқыланып, жауапты басшыларға тиісті міндеттер жүктелді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Көкшетау қаласының әкімі, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аппарат кеңесін бастамас бұрын облыс әкімі Ермек Маржықпаев жақында тағайындалған облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Арманбек Баймурзинді және облыстық жер қатынастарының басшысы Бауыржан Ерназаровты таныстырды.
Аппарат мәжілісінде айтылғандай, алдағы үш жыл ішінде Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Ресей арасындағы 16-ші өңіраралық әріптестік форумында ресейлік әріптестермен келіссөз жүргізілді. Жиында облыс басшысы Омбы қаласында өткен өңіраралық әріптестік форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Осындай форумды келер жылы облыс орталығы – Көкшетау қаласында өткізу жоспарланып отыр. Облыс әкімі Көкшетауда өтетін ауқымды іс-шараны ойдағыдай өткізу бойынша дайындық жұмыстарын осы бастан бастау қажеттігін айтып, тиісті ведомство басшыларына нақтылы міндеттер жүктеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі форум Көкшетауда өтетіндігін ресми түрде жариялады. Біздің негізгі міндетіміз – осы іс-шараны лайықты өткізу, – деді Ермек Маржықпаев өз сөзінде.
Сонымен қатар, аппарат мәжілісінде облыс әкімі Үкімет басшысы Асқар Маминнің Целиноград ауданының Родина ауылына және вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобының Ақмола облысына жұмыс сапарларының нәтижелері және өңірлік даму салалары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
– Барлық мәселелер бақылауға алынып, пысықталуы қажет. Жалпы жергілікті құзырлы органдар тиімді жұмыс істеулері, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» талаптарына сәйкес келулері қажет. Біз құжаттарға қол қоя аламыз, сәтті келісімдерге қуанамыз, ал қарапайым жандар үшін бұл маңызды емес. Сондықтан, мемлекеттік органдар үшін ең бастысы – азаматтардың көңіл-күйіне ден қою, – деп қорытындылады облыс әкімі.
Аппарат мәжілісінде айтылған барлық міндеттер мен тапсырмалар облыс әкімдігінің бақылауына алынатын болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар