«Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі»

Көкшетау қаласындағы «Достық» үйінде өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ аймақтық

имамдар форумында жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бекітілген «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы жан-жақты түсіндіріліп, енді бұл құжатты тұрғындар арасында кеңінен насихаттау қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, форум соңында діни, рухани тарихымыздағы ірі тұлғаның бірі Науан Хазіреттің көзі тірісінде Көкшетауда тұрған үйіне тақтайша орнатылып, рухына дұға бағышталды.

Облыс имамдарының, зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан алқалы жиын қасиетті Құран аятымен ашылып, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлының алғы сөзіне ұласты. Одан кейін көпшіліктің назарына жуырда Нұр-сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық имамдар форумынан бейнебаян көрсетілді.
Рухани құндылық – адамзат баласын парасат пен прогреске, өркендеу мен көркем мінезге, игілік пен ізгілікке бастайтын қуатты күш, ал руханияттың қайнар көзі ислам. Осы орайда, мүфтияттың «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын әзірлеудегі басты мақсаты – халықтың рухани дамуына үлес қосу. Халқымыздың дәстүрінде, өзіне тән өмір сүру салтында жеті қазына қандай қастерлі болса, «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы мұсылман қауымының тіршілігі мен құлшылығының шамшырағына айналуы керектігі форумда кеңінен айтылды.
Шараға астанадан арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің басшысы Смайыл Сейтбеков өз баяндамасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылу тарихына тоқталып, тұғырнама баршаға үлкен ой салғанын айтты.
–Имам тек қана діни рәсімдерді ғана атқарып қоймай, сауатты, теріс ағымға қарсы күресе алатын, отаншыл, діні мен дәстүрін сабақтастыра білетін, дінаралық, ұлтаралық татулықты сақтай білетін, қоғамның ынтымағы мен бірлігі үшін аянбай еңбек ететін, жан-жақты бәсекеге қабілетті маман болуы керек. Біз бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, білімді де білікті, рухани қазығымыз мықты маман дайындау заман талабы. Тұғырнама мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық, – деді астаналық мейман. Сауатты насихат жұмыстарын жүргізу үшін сауатты діни маманның қажет екені де айтылмай қалмады. Сенім мен рухани қазығы мықты мамандарды даярламай, дін мәселесіне қатысты проблемаларды шешу оңайға түспейді.
Сенаторлар кеңесінің мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын біздің облыс төңірегінде насихаттайтын арнайы жұмыс тобын құру туралы идеясын форумға қатысушылар жақсы қабылдады. Конституциямызда адамның діни-наным сеніміне бостандық берілгеннен кейін, одан қала берді тиісті заң қабылданып, бүкіл діндерге еркіндік берілген заманда ата дініміз өркендегенін, алайда осы кезеңде басқа да діндердің көптеп ағылуынан халқымыз біраз есеңгіреп қалғанын, оған билік басындағыларды да, имамдарды да, қарапайым халықты да кінәлауға болмайтынын Жабал Ерғалиев өз сөзінде айтып өтті. Мұсылмандардың рухани тұғырнамасында жалпы адамзат баласына тән барлық қасиеттердің барлығы сипатталып отырғанын, ол жалғыз мұсылман, қазақ баласының ғана емес, бұл адамзат баласының рухани құндылығы болатын үлкен құжат, адами қасиеттің кодексі деді қоғам қайраткері.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев те алқалы жиында тағылымды ойларымен бөлісті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни рәсімдер тізімі таныстырылып, діни лауазымдар мен олардың міндеттері туралы қысқаша ақпарат берілді. Форумда Үндеу қабылданды.

Форум жұмысы аяқталғаннан кейін жиынға қатысушылар бір кісідей ата дініміздің өркендеуіне үлес қосқан тарихи тұлға Науан Хазірет тұрған үйдің жанына жиналып, сол үйде белгілі дінтанушы, қоғам дәне дін қайраткері халық арасында Науан Хазірет атымен танылған Наурызбай Таласұлы тұрғанының белгісі ретінде қойылған тақтайшаның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ол жерде де зиялы қауым өкілдерінің ислам діні және соның Көкше жерінде кеңінен таралуына зор үлесін қосқан тұлға Науан Хазірет жайлы бір-бір ауыз сөз алды. Көкшетау қаласының кұрметті азаматтары Болат Жанәділов пен Жабал Ерғалиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің басшысы Смайыл Сейтбеков Науан Хазіреттің қазақ тарихындағы тұлғалық қасиетін ерекше атап көрсетті. Қазіргі таңда сол үйде тұрып жатқан Зүлфия апайдың Науан Хазіреттің есімін үнемі дұғасына қосып жүретінін аңғартқан ыстық лебізі де көпшіліктің жүрегін бір жылытып тастағандай болды. Хазіретке құран бақшыланды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар