«AirKZ» мобильді қосымшасы ауа сапасын бақылайды

Атмосфералық қызмет жетістіктерінің басты өлшемі ауа кеңістігіндегі әртүрлі қоспалардың құрамы туралы ақпаратқа қол жеткізу болып табылады. Ауаның ластану дәрежесі зиянды заттардың шығарындылары мен олардың құрамына байланысты жинақталады. Ластанудың күшті көздеріне металлургия және химия өнеркәсібі кірсе, ластанудың аз көздеріне шағын қазандықтар, пештер мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жатады.

Сонымен қатар, көлік құралдарының зиянды әсері көбейе түсуде. Мұндағы газ құрамында көміртегі тотығы, азот оксиді, басқа да заттар ауаны едәуір ластаса, дизельді қозғалтқыштар жұмыс істеген кезде көп мөлшерде күйе бөлінеді. Сондықтан, атмосфералық ауаның мониторингі тұрақты түрде жүзеге асырылып отыруы тиіс. Өйткені, атмосфералық қатынастардың жай-күйін бақылау, оның адам денсаулығы мен басқа да тірі организмдерге зиянды немесе қауіпті әсері туралы ақпарат алу өте маңызды екендігі түсінікті.
Бұл ретте «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола облысы бойынша филиалының сынақ зертханасы ауаның ластануының 8 бақылау бекетінде атмосфералық өзгерістер жағдайын тексереді. Мониторингтік жұмыстар Көкшетау, Степногорск, Атбасар қалалары мен Щучинск-Бурабай курортты аумағында жүргізілуде. Мұның қорытындылары мен нәтижелері ақпарат құралдарында, электронды жүйеде орналастырылып отырылады.
Бүгінгі күні атмосфералық ауаның ластануының жай-күйі туралы тұрғындарды жедел ақпараттандыру мақсатында «Қазгидромет» РМК Қазақстандағы ауа сапасын бақылауға арналған «AirKZ» мобильді қосымшасын іске қосты. Мұны пайдаланушылар бүкіл еліміз бойынша ауа сапасын бақылай алады. Қосымшада тиісті бекет аумағындағы ластаушы заттардың негізгі көрсеткіштері топтастырылады. Атап айтқанда, бұлардың құрамындағы азот оксиді мен диоксиді, күкірт диоксиді, көміртегі тотығы және басқа заттардың қоспалық әсері айқындалады.
«AirKZ» мобильді қосымшасы қарапайым болғандықтан оны кез-келген кісі пайдалана алады. Мұнда бақылау мәліметтеріне қоса, әр заттың сипаттамасы және оның адам денсаулығына әсері туралы мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ, соңғы 24 сағат ішінде ауадағы қоспалық өзгерістер динамикасы айқын көрініс табады. Қосымшадағы кескіндеме шекті рұқсат етілген қоспалық құрам (концентрация) шегінен асып кеткен кезде кескіндеме масштабқа сәйкес келетін түске боялады.
Бұл мобильді қосымшаның ақпараттарын Ақмола облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталынан алуға болады. «AirKZ» қосымшасын жүктеп алғанда сіз таңдаған аумақтағы атмосфералық ауа сапасының жай-күйін толық біліп отырасыз. Осынау мобильді қосымша «Play Market» және «AppStore»-де қол жетімді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар