Ардагерлер құрметтен тыс қалмайды

Қарттарды қолдау айлығы аясында «Күзет сервис-Көкшетау» серіктестігі де өздерінің бір топ ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Бұл мекеме 2005 жылы өңірімізде жекеменшік күзет фирмаларының басын біріктіру мақсатында құрылған болатын. Сөйтіп, Ақмола облысындағы барлық қызмет көрсетуді өз жауапкершілігіне алған. Оның құрамында «Күзет технолог» және «Союз-04» күзет фирмалары бар. Мекеме басшысы, отставкадағы полковник Болатқожа Рамазанұлы Жұмабеков бізбен әңгімесінде:
– Қарттарды қолдау айлығымен тұспа-тұс келген күзет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, зейнеткер-ардагерлерімізге құрмет көрсету біздің де парызымыз. Алдағы жаңа жылда мекемемізге 15 жыл толады. Ал, сонау кеңес үкіметінің уақытымен есептесек, күштік құрылым ретіндегі күзет қызметінің құрылғанына 57 жыл толып отыр. Өзім мамандандырылған күзет қызметін 15 жыл басқардым. Қазір «Күзет сервис-Көкшетау» фирмасында қызмет істеймін. Күзет қызметінде жастармен қоса, жасы 70-тен асқан майор шеніндегі ардагер ағамыз Көпжасар Шайекенов те бар. Ол күзет саласындағы қызметін абыройлы жалғастарып қана қоймай, спорт саласында да жетістіктерге жетіп, өзін жастарға үлгі етіп келеді. Мұндай ардагерлерімізді көптеп айтуға болады. Оған дәлел, жуырда күзет қызметінің құрметіне «Динамо» стадионында спорт жарысы болып, онда волейболдан облыстық командалар арасында біздің команда үшінші орын алды. Сонда 70 жастан асқан ардагер ағаларымыз да волейбол ойнауға қатысты. Олар қатысып қана қоймай, жүлделі орынды иемденгендері біз үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ, есілдік волейболшыларымыз бен ату жарысы бойынша Макинскіден қатысқан жігіттеріміз жақсы өнер көрсетті. Олардың күзет қызметіндегі еңбегіне шексіз ризашылығымызды білдіремін, – деді ол.
«Күзет сервис-Көкшетау» серіктестігі құрылған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан Әсемгүл Қоңқашева 13 жыл қашықтан бақылау орталығында жұмыс істесе, қазіргі күнде осы мекеменің шаруашылық жөніндегі орынбасары екен.
– Біздің екі офисіміз бар. Олар Ақан сері көшесі 111-ші және Әуелбеков көшесі 112-ші үйде орналасқан. Жалпы серіктестікте 100-ден астам адам еңбек етеді. Біз бүгін соның ішінде бес ардагерімізді орталыққа шақырып отырмыз. Олар Көкшетау, Есіл, Атбасар, Макинск қалалары мен Зеренді селосынан келді.
– Зейнеткер болсам да қоғамға пайдам тисін деген ниетпен атамекенге ат басын тірегелі бері үш жыл күзет саласында жұмыс істеп келемін. Әлі де жұмыс істей беремін. Бізде компьютерлік сервис жақсы дамыған. Тәулік бойы кезекшілігімізді өткіземіз, – деген күзет саласының ардагері Көпжасар Шайекенов ардагерлерді сыйлап, құрметтеп жатқан мекеме басшылығына алғысын айтты. Оған бар саналы ғұмырын күзет саласына арнаған ардагер Наталья Темпель де қосылды.
Шара барысында ардагерлерге Алғыс хаттар мен ақшалай сый-сыяпаттар табыс етіліп, мейрамханада ақ дастархан жайылды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар