Еңбегімен елге сыйлы азамат

Біз бүгінгі мақаламызға арқау етіп отырған Қаратай Байкенұлы Төлекеев 1959 жылы 24 қарашада бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданы Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Бұл киелі топырақтан халқымыздың мақтанышы болып табылатын талай игі жақсылар шыққандығы мәлім.

Жастайынан осыған қанығып өскен Қаратай Байкенұлы да орта мектептен соң, 1978 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы өнер институтына емтихан тапсырып, оқуға қабылданғанымен, ауа райының жақпауына байланысты еліне оралады. Келесі жылы жаңадан ашылған Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының «театр және кино әртісі» факультетіне түсіп, бір курсын жақсы аяқтағанымен, тағы да осы себептен институт басшылары денсаулығына қолайлы деп Мәскеудегі өнер институтына жолдама береді. Алайда, «өз елінде ғана оқимын» деген мақсатпен өнер жолын тоқтатып, Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетіне сырттай түсіп, оқып бітіреді. Еңбек жолын туған ауылында мәдениет үйінің директоры болып бастайды. Кейін жергілікті мектепте оқу ісінің меңгерушісі және мектеп директоры лауазымында 1996 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылдан бастап 2006 жылға дейін Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-кешенінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2006 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымында қызмет етуде.
Қаратай Байкенұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Ол сөз өнеріне ден қоя отыра, серілер жолын жалғастырып келеді. Бойындағы көп қасиеттерінің бірі – домбырамен ән айту. Сонымен қатар, өлең шығаратын, әңгіме жазатын өнері де бар. Кезінде Жанайдар Мусин ағамыз «Жер шоқтығы – Көкшетау» атты кітабында сол кездегі белгілі әншінің бірі деп атап көрсеткен болатын. Аудан, облыстың талай өнер додаларына қатысып, лауреат атанған. Ұстаздыққа ауысуы-
мен ән айтуды екінші жолға қойған. Қазіргі таңда жастар тәрбиесіне арнап жазған әңгімелерін жинақтап, баспаға даярлау үстінде. Әртүрлі тақырыпқа жазылған бұл шығармалардың қай-қайсысы да кезінде оқырмандарын сүйсіндіре түскен. Ата-бабамыздың дәстүрін жалғастырып, бос уақытын аңшылық пен балық аулауға және ең бас-
тысы, немерелерін тәрбиелеуге жұмсайды. Өзі асқар тау, ардақты әке ретінде, жұбайы Гаухар аяулы ана, отбасы ұйытқысы ретінде үш ұл мен төрт немере тәрбиелеп отыр.
Қаратай Байкенұлы – адамгершілігі мол адам. Байсалды және салмақты мінезімен кез-келген адамды өзіне баурап алады. Парасатты, білімді әрі білікті маман ретінде бір істі бастаса, аяғына дейін жеткізуге тырысады. Іскерлігін, тапқырлығын, әр қадамын ойлап басатындығын атап айтқым келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында жақсы тәрбие алғандығы бірден сезіліп тұрады. Қаратай Байкенұлы адамдармен тез тіл табыса алады. Әрқашан қолынан кітап, газет түспейді, күнделікті жаңалықтармен, ақпараттармен танысып отырады. Сөз саптауы терең, білімі ұлан-ғайыр. Жаңадан келген жас мамандарға көрсеткен үлгі-тәлімі өмірдің әр жағдайында дұрыс шешімге жөн сілтейді.
Қазіргі кезде мұндай азаматтар саусақпен санарлықтай. Біз, әріптестері Қаратай Байкенұлымен біраз жылдар бірге қызмет атқарып келеміз. Әр адамның бойына біткен қасиеттері болады. Басшымыздың бойында жақсы қасиеттер өте мол, сол қасиеттердің бірі – не ренжігенін, не ашуланғанын көрген емеспіз. Әр істі байыппен шешуге тырысады. Болашақ ұрпаққа үлгі болуға лайық адамның бірі десек, қателеспейміз. Ол сияқты басшылар санаңа сенімділік орнатып, Отаныңды, халқыңның дәстүрі мен мәдениетін сүюге тәрбиелеп, болашаққа деген үмітіңді нығайта түседі.
Аз сөйлеп, көп тыңдайтын Қаратай Байкенұлының «кезінде Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына, Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы институтқа және басқа да шақырған жерлерге бармай қалуымның себебі, «Аллам тіл сардары болсын деген шығар» деп күліп қоятыны бар.
Білікті басшымыздың ел алдындағы еңбегі лайықты бағаланып, үш рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл Комитетінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаттары, Мәдениет министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
–Кейде ұстаз туралы қалың ойға шомып, ұстаз бейнесін көз алдыма елестетсем, бірден адал жүректі, ақкөңіл, пейілі кең Қаратай Байкенұлының бейнесі көз алдыма елестеп, еріксіз нұрлы естеліктер жетелей жөнеледі. Себебі, облыс орталығы – Көкшетау қаласына алғаш көшіп келіп, М.Ғабдуллин атындағы мектепке қызметке орналасқан уақытымда, осы ұстазбен қызметтес болып, тәжірибе алмастым. Осы жылдары көптеген әріптестеріміздің ішінде Қаратай Байкенұлы өзінің ешкімге ұқсамайтын даралығымен есте қалды. Сол жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған уақытында сынып жетекшілермен аса бір ынтымақтастықта жұмыс істеді. Біз жыл сайынғы өтетін көркемөнерпаздар байқауында да қала мектептері арасында жүлделі бірінші орынды иеленіп жүрдік. Облыстық «Жыл мұғалімі» сайысына пән мұғалімі ретінде қатысып, жүлделі екінші орын алуының өзі ол кісінің білімдарлығының айғағы деп білемін. Әр берген сабағы қызықты өтетін, әсіресе, әдебиет сабағына оқушылары зор қызығушылық танытатын. «Атамекен» ұйымы жұмысының жандануына да Қаратай Байкенұлының үлесі зор. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, мектепте «Шұғыла» ансамблінің құрылуына мұрындық болып, жетекшілік жасады. Кәсіби шеберлігінен бөлек бойында адамгершілік, сабырлылық, әдептілік сияқты қасиеттері өте көп. Биыл біздің тарихы мен тағылымы зор қасиетті қара шаңырағымызға 100 жыл толып отыр. Осы бір үлкен оқиғада да Қаратай Байкенұлының елеулі үлесі бар деп ойлаймын,–дейді біз сөзге тартқан бұрынғы әріптесі, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мамандандырылған гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Ахметжанова.
Иә, ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі Бауыржан Момышұлының «анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзін әрбір қазақ біздің осы басшымыздай ұғынса, ана тіліміздің жағдайы дәл қазіргі қалпынан әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді. Қаратай Байкенұлы мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі дей келе, оны өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейтуді әрбір орталық директорына, тіл саласында жүрген әріптестеріне айтудан ешбір жалықпайды. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, еңбек жолында талай белеске шығып, ұжымның және достарының құрметіне бөленді. Осы өрелі істерін айтқанда ауыз толады, өйткені, ол кісінің өмірі нағыз майталман маманның, ұлағатты әкенің, еліміздің абзал азаматының өнегесі. Осы абыроймен Отанымыздың өркендеуі, ана тіліміздің дамуы жолында әлі де талай істерді атқаратынына біз кәміл сенеміз.
Ал, бүгін абзал азаматты, білікті басшыны 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтай келе, деніңіз сау, өмір жасыңыз ұзақ болып, елге сыйлы қалпыңызда жаңа биіктерден көріне беріңіз дегіміз келеді.
Ләззат ҚОҚЫШЕВА,
Ақмола облыстық оқу-әдістемелік
орталығының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар