Фермерлердің мәселелері қаралды

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың қатысуымен өткен «Қазақстан фермерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола филиалының облыстық конференциясында фермерлердің мәселесі жөнінде айтылды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі директорының міндетін атқарушы Жақып Өмірзақов пен фермерлер қатысқан жиында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола филиалының төрағасы Талғат Сүлейменов атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
– Бүгінгі таңда фермерлердің жерге, жанар-жағар май, субсидия, маман кадрлар мен жолға қатысты мәселелері бар. Бұл жайында облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа хат жолдадық. Бірқатар аудандарда кеңес өткізіп, фермерлердің мәселесін тыңдадық. Өкінішке орай, бұл мәселе кейбір өңірлерде жауапсыз қалуда. Фермерлердің ауызбірлігі мен белсендігі жоғары болған жағдайда мәселе шешіледі. Бүгінгі күнге дейін фермерлердің ауылдық кеңесі құрылған жоқ. Жылдың соңында бізді өз ұсынысымызбен Қазақстан Респуб-
ликасы Ауыл шаруашылығының министрі қабылдайды,–деді филиал төрағасы.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов көтерілген мәселелер жөнінде түсінік беріп, қоғамдық бірлестік жұмысының форматын өзгерту қажеттігін айтты.
– Биылғы жылы өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне 35 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары «ҚазАгро» қаржы институты арқылы 299 трактор, 279 комбайн, 74 егіс кешенін сатып алды. Сондай-ақ, 6300 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Ет бағытында Ақмола облысында алға басушылық аңғарылады. Биыл сатып алынған барлық ірі қараның 70 пайызы ет бағытындағы мал шаруашылығына тиесілі. Күнделікті кіріс әкелетін тауарлы-сүт фермасын да дамыту керек. Жұмыс орындары да ашылады. Егіншілікпен бірге міндетті түрде мал шаруашылығымен де айналысу қажет. Мал сатып алмай тұрып, оның тұқымына, жағдай жасалуына назар аудару қажет. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғандарға субсидия беріледі. Фермерлер мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуы керек,–деді өңір басшысының орынбасары. Конференцияда фермерлердің сауалдарына мемлекеттік органдардың өкілдері жауап берді. Шара соңында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі директорының міндетін атқарушы Жақып Өмірзақов сөз сөйлеп, бірқатар фермерлерді «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және құрмет грамотасымен марапаттады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар