Израильдік инвестор қаз фермасын салуға ниетті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облысымызға жұмыс бабымен келген израильдік инвестор – «Amos VP Agro LTD» компаниясының президенті Владимир Полевой бастаған іскер топ мүшелерін қабылдап, өңірге инвестиция тарту мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу негізінен танысу, таныстыру мақсатында өтті. Мәртебелі меймандар арасында «Он-Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Нәбиев те бар. Облыс басшысы қонақтарға өңіріміздің инвесторлар үшін қолайлы әрі мүмкіндігі зор екенін жан-жақты айтып берді.
Шетелдік инвестор Владимир Полевой облыс аумағында жылына 10 мың тонна қаз ет өндіретін қаз фермасын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, компания албырт балығын өсіретін шаруашылық салуға да ниетті. Инвестициялық жобалардың жалпы құны шамамен 100 миллион долларды құрайды. Жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік кепілдікті қажет етпейді. Шетелдік қаржыландырудың сомасы 85 пайызды құрайды. Алдағы уақытта компания өңірде өз жобаларының портфелін арттыруды жоспарлауда.
Ермек Маржықпаев ынтымақтастық үшін әкімдіктің ашық және жобаларды жүзеге асырумен байланысты мәселелерде көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
– Біз, шетелдік инвесторлардың ел экономикасын, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз. Қолайлы инвестициялық ахуал құру біздің негізгі басымдылығымыз, – деді аймақ басшысы. Кездесу соңында Ақмола облысы әкімдігінің және «Amos VP Agro LTD» компаниясының арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы орайда, Ақмола облысы республика бойынша жүк машинасының 40 пайызын, алтынның 30 пайызын, уран қоспасының 10 пайызын, құс етінің 24 пайызын, жұмыртқаның 16 пайызын, ұн мен сүттің 11 пайызын өндіретінін атап өткен жөн.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар