Ауыл еңбеккерлерінің салтанаты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетауда өткен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері

күніне арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, агроөнеркәсіп саласында үздік көрсеткіштерге жеткен аудандар мен шаруашылықтарға, шаруа қожалықтары мен жекелеген еңбек озаттарына Алғыс хаттар мен түрлі марапаттар табыс етті.

Салтанатты шараға аудан және қала әкімдері, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және тағы басқа салалық басқармалардың, облыстық ұйымдар мен қызметтердің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жергілікті құрылымдарының басшылары мен еңбек ардагерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өзінің құттықтау сөзінде биыл Ақмола облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35,7 миллиард теңге қаржы бөлінгендігін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 миллиард теңгеге артық екендігін атап өтті. Осы шаралардың барлығы облыс диқандарына ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 11,7 центнер өнім алып, барлығы 5,1 миллион тонна астық жинауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, ақмолалық аграршылар биыл да республика бойынша алынатын астықтың төрттен бірін қамтамасыз етіп, еліміздегі ең ірі астықты аймақ екенімізді дәлелдей түсті.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзімде облысымызда екі рет болып, ауыл шаруашылығы, соның ішінде егіншілік саласына ерекше назар аударды. Қыркүйек айындағы алғашқы сапарында Жақсы ауданының шаруашылықтарындағы істің барысымен танысып, саланың жай-жапсарына жете көңіл бөлсе, қараша айының ортасындағы екінші сапарында «Родина» агрофирмасы» және «ТНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егіншілік және мал шаруашылығы салаларындағы оң тәжірибелеріне қолдау білдірді, – дей келе, облыс әкімі өз сөзінде ортақ табысқа толымды үлестерін қосқан Жарқайың және Жақсы аудандарын алдымен ауызға алды. Бұл аудандардың әрқайсысының биылғы мол астықтағы үлес салмақтары 11 пайыздан асып отыр. Сондай-ақ, Сандықтау, Атбасар, Есіл аудандарының да жекелей алғанда осыған қосқан үлестері 9 пайыздан кем түспейді. Ал, ел ырыздығын тасқындатқан озат шаруашылықтар туралы айтқанда, Зеренді ауданының «Викторовка», Сандықтау ауданының «Свободный», Жақсы ауданының «Айбат» серіктестіктері ауызға алдымен оралады.
Облыс әкімі өз сөзінде биыл мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп отырғанын атап өтті. Мәселен, бұл салада 124,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бүгінгі таңда Ақмола облысы мал бордақылау бойынша республика көлемінде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Тек биылдың өзінде ғана шетелден 6,3 мың бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынуына қол жеткізіліп, шаруашылықтар мен жеке қожалықтар мал басын айтарлықтай көбейткен.
Салтанатты шарада 291 мың гектар дәнді дақылдар алқабының әр гектарынан орта есеппен 16 центнерден өнім алып, барлығы 465 мың тонна астық жинаған Сандықтау ауданы жарыс жеңімпазы деп танылып, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Дәл осындай құрмет келесі орындардан көрінген Шортанды және Жарқайың аудандарына да көрсетілді. Мал шаруашылығында ет өндіруді екі есеге арттырған Бұланды ауданы жеңімпаз болса, өз саласы бойынша үздік көрсеткіштерге жеткен ұжымдар арасынан Бараев атындағы Шортанды ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы суырылып шықты.
Облыс әкімі өз сөзінде өңіріміздегі ең құрметті еңбек адамдары – Социалистік Еңбек Ерлері Сағила Есенжолова, Есілбай Қадыралин, Валентин Щербаковты құттықтауға да үлкен мән берді. Осы саңлақтарымыздың ізбасарлары, орақ науқанында 2 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін астық бастырған озат комбайншылардың да еңбектері паш етілді. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында өнім өндірудегі ең жоғары көрсеткіштері үшін 10 серіктестік пен 2 шаруа қожалығы атап өтілді. 12 адам «Мамандығы бойынша үздік» номинациясында жеңімпаз атанды. Алты ауыл еңбеккері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапатын алды. Соның ішінде екі адам «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалі, ал, бір адам «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Көптеген еңбек озаттарына тиісті марапаттары жергілікті жерлердің өзінде табыс етілетіні айтылды.
Сөйтіп, жылы лебізді тілектер, асқақ ән, әсем бимен көңіл хошын келтірген мазмұнды кеш ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген ауыл еңбеккерлерінің абыройы мен мерейін бір көтеріп тастады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар