Саналы да парасатты ұрпақ өсіп келеді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде ашылған сервистік орталықтың таныстырылымынан соң,

пара алмау тұрғысында көрсетілген бейнеролик ешкімді де бейжай қалдырмады.
Одан әрі Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Ақмола облысының орталығындағы «AQMOLA – Adaldyq Alaṅy» жобасының Open Space форматындағы жаңа кеңсесінің ашылуына қатысты.
Жобалық кеңсенің жұмысы мен іске асырылып жатқан бастамалар туралы баяндап берген кеңсе жетекшісі Самира Тайтенова:
– «Ашық кеңістікке өту ашықтықты, айқындылықты, халық үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір қадам. Бүгінгі таңда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Біздің өңірде осы идеологияның драйвері «AQMOLA – Adaldyq Alaṅy» жобасы болып табылады. Барлық жұмыс жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста іске асырылуда» – деді. Ол,
«Адал Ұрпақ», «Саналы Ұрпақ», «Парасаттылық мектептері», «Protecting business and investments» сияқты жобалардың іске асырылу барысымен де таныстырып өтті.
Кеңсенің ашылуы аясында «ADAL VINE» жастар сериалы көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сериал әлеуметтік мәселелерді, өмірлік қиын жағдайларды қозғайды және жалпы адалдық, парасаттылық, әділдік және сатылмаушылық сияқты қасиеттерді көтермелейді. Бейнеролик көрсетілімінің соңында қатысушылар пікір алмасты.
Сондай-ақ, арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Владислав Шуль қоғамдық қызметкерлерді тартумен жүргізілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, азаматтық қоғам өкілдері маңызды салаларда мониторинг жүргізуге үлкен көмек көрсетуде.
– «Бүгінгі таңда «Адалдық алаңы» шағын жобадан жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Құрамына азаматтық қоғамның, үкіметтік емес сектордың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен белсенді қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар кірген бұл жоба қазір мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекерліктің рөліне ие болды» – деп атап көрсетті агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өз кезегінде.
Одан әрі Агенттік төрағасы Көкшетау қаласының «Ашық әкімдігімен» таныс-ты. Қала әкімі Амангелді Смайылов, әкімдіктің жаңа форматтағы жұмысын таныстыра отырып, аталған сервистік орталық әкімдік қызметкерлеріне азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге және халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы алуға тиімді екеніне тоқталды. Оған қоса, мемлекеттік органдардың алдына халықтың барлық сауалдарына жедел және тиімді әрекет ету үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» тұжырымдамасын іске асыру сияқты ортақ міндет қойылғанын жеткізді. Енді қала тұрғындары мемлекеттік қызметтерге сапалы қол жеткізіп, кабинеттер алдындағы кезекті күтпей, проблемалық мәселелер бойынша өтініш бере алатынын да хабардар етті.
Жемқорлықты болдырмау мақсатындағы игі шара «Зерек» балабақшасында жалғасып, «Әдептілік балалар көзімен» атты студенттік қуыршақ театрының қойылымы тамашаланды. «Көкшетау» мәдениет сарайында адалдық дүкені ашылып, Ақмола жастарының қатысуымен өткен «AQMOLA – Adaldyq Alaṅy» атты жастардың музыкалық-хореографиялық акциясына жалғасты. Облысқа жұмыс сапарымен келген Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Ақмола жастарының жалынды сөздерінен бүгінгі қоғамдағы жастардың білімді де саналы ұрпақ болып тәрбиеленіп шығарына сенім артты.
Агенттік төрағасы одан әрі Көкшетау қалалық соты мен Ақмола облыстық полиция департаментінің фронт-офистерін аралап, ондағы жұмыстардың барысымен танысып, тиісті міндеттер жүктеді. Ал, түс ауа Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Парасаттылық мектебінің» ашылу салтанатына қатысқан Алик Шпекбаев мәжіліс залында оқытушылар мен студент жастардың, облыстағы жоғары оқу орындарының басшылары мен студенттері және аудан әкімдерінің алдында «Адалдық сағаты» атты үлкен жиында сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де маңызды, күрделі әрі өзекті екенін айта келе, жастарды әділдік пен адалдықтың биігіне жетелейтін мәнді әңгіме айтып, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев оқу орнының жетістіктеріне тоқтала отырып, мұндай студенттік жобаларды жас ұрпақтың білімін жетілдіруге, идеялық құндылықтарды нығайтуға және қоғамға пайдасын беретініне сенімді екенін де атап өтті.
Өз кезегінде аталмыш университет басшысы Марат Сырлыбаев «Болашағымыз – білімде», – деп Елбасы атап өткендей, біз жастарымызды отансүйгіштікпен қатар, олардың санасын жаңғырту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға тиістіміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дегендей Елбасының жастарымызға артқан сенімінің орындалып жатқанына куәміз. Жоғары оқу орындарының студенттері оны іс жүзінде көрсетіп, толық қолдайтынын мақтанышпен айта аламыз, – деп сөзін түйіндеді. Сондай-ақ, заңтану факультетінің 3-курс студенті Әнел Уәлиева жастардың болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға риза екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы курстарға қатысып, онда түрлі жобаларды қорғап жүрген жастардың көптігін де мақтанышпен жеткізді.
Агенттік төрағасының өңірімізге сапарының соңы «РИО» ойын-сауда орталығында өткен «Халықтық заңгер» акциясына ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар