Қарапайым заттар экономикасы дамуы керек

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауын іске асыру аясында Парламент Сенатының бір топ депутаттары жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, өңдеуші өнеркәсіпті, яғни, «қарапайым заттар экономикасын» және қазақстандық тауарларды аймақтық нарықтарға жылжыту бойынша Щучинск қаласы мен Бурабай курорттық аймағындағы бірнеше нысандарды аралады.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков бастаған топ құрамында аталған комитеттің хатшысы Дәурен Әділбеков пен комитеттің белді мүшелері Михаил Бортник, Манап Көбенов, Ерік Сұлтанов болды.
Комитет құрамы ең алдымен Бурабай ауданындағы «Байтас» қонақ үй құрылысының жайымен танысты. Жалпы қаржыландырылуына 4,816 миллиард теңге жұмсалған кешеннің бас мердігері «Heidelberg Construction Gruop» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып саналады. 9,356 гектар аумақты алып жатқан қонақ үйде барлығы 76 нөмір болса, оның бас ғимаратында 44, жазғы корпуста 32 нөмір бар. Курорттық аймақта тұрған, сәні мен салтанаты жарасқан бұл кешеннің елімізде туризмді дамытуға үлес қосары анық.
Бурабай кентінің орталығында орналасқан «Promenade Burabay» көпфункциялы кешен құрылысы да Сенат депутаттарының назарынан тыс қалмады. 3 қабатты сәулетті үйлерде барлығы 39 пәтер болса, 2 этажды 2 таунхауста 12 пәтер бар. Пәтерлер үлкен-кішілігіне байланысты 214,8 шаршы метрден 559,79 шаршы метр аумақты алып отыр. Кешен құрылысы әлі де жалғасуда.
Сонымен қатар, сенаторлар Щучинск қаласындағы №12 қазандығында болды. Мұнда азот оксиді мен көміртегі тотығы шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беретін балама отын – су-эмульсия өндіріледі.
Ал, комитет мүшелерін қысқы спорт түрлерінен «Олимпиадалық дайындық орталығының» қазіргі жағдайымен таныстырған орталықтың басшысы Мирхаят Сембековтың айтуынша, мұнда қысқы спорттың барлық түрі бойынша халықаралық жарыстарды өткізуге болады. Кешеннің бұл жағынан жабдықталуы толық қамтамасыз етілген екен. Мұнда шаңғы, биатлон және трамплиннен секіру бойынша оқу-жаттығулар мен жарыстар өткізіледі. Жалпы 125 гектар жерді алып жатқан аумақта биіктігі 100 метрлік трамплин мұнарасы, шаңғы жолдары, бассейінді жабық спорт кешені, бокс залы, жаттығу залы, судиялық павильон және командалық құрамның орналасуына арналған ғимараттар орналасқан. Орталықта халықаралық дәрежедегі 67, республикалық деңгейдегі 179 спорт шебері даярланған. Бір айта кететіні, трамплиннің ерекшелігі қатты жел тұрған кезде арнайы желдің күшін азайтатын перделер ашылып, жарыстың өтуіне қолайлы жағдай туғызады. Аталған нысандарды аралаған депутаттар бұл нысандар аймақтағы туризм мен спорттың дамуына жаңа серпін беретіндігін айтып өтті.
Іссапар соңында Сенат депутаттары Бурабай аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесіп, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді талқылады. Отырыста өңірді одан әрі дамыту, мәслихат жұмысы туралы мәселелер көтерілді. Профильдік комитеттің төрағасы Серік Жақсыбеков бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттілігіне назар аударды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар