Өздері газетке жазылмайды, бірақ…

Халықтың дені әлеуметтік желіге үйір бола бастағаннан бері елдің газет пен журналға деген көзқарасы өзгерді. Блогерлер апыл-ғұпыл ақпарат таратуға бейімделіп алды. Ал, олардың қаншалықты сауатты ақпарат таратып жатқандығын ешкім саралап жатқан жоқ. Осы орайда, оқиғаны жан-жақты талқылап, тарқатып, оқырманына сөзбен суреттеп беретін газет тілшілерінің еңбегі бұдан көш ілгері екендігі ақиқат.

Бәлкім содан болар, күні бүгінге дейін газеттен келген тілшілерге деген халықтың ықыласы зор. Бірақ, қазақ қашанда көбік сөзді көлденең тартуға келгенде алдына жан салмайтыны бар. Кей-кейде «Қазір кім газет оқиды? Айтпақшы, қай газеттен едің?» деп миығынан қарап, менсінбей сөйлейтіндер күндердің күні газет редакциясына қайта-қайта хабарласып, «ана жағдай, мына жағдай, соған бір мақала…» дейтіндерін қайтерсіз?
Баспасөзге жазылу науқаны қазір тіпті қызу өтеді. Бұрынғысы қайдам, қазір кез-келген мекемеге бара қалсаңыз, әңгіме газетті күштеп жаздыра алмаймыз дегеннен басталып, ақыры бір мақаланы тегін шығарғысы келетінімен аяқталады. Өздері газетке жазылмайды, бірақ мақаласын жариялауға келгенде алып-ұшып тұратын көпшілікті қалай түсінуге болады? Былайша айтқанда, газетке жазылмайтындар газетте мақала жариялауына несіне сонша құштар?!
Әсіресе, жаңа оқу жылы басталғанда редакцияға лек-легімен келетін мұғалімдерді көрсеңіз. Мақаламызды тез әрі тегін жариялап беріңіздер дейді. Тақырыбын оқысаңыз, «сын тұрғысынан ойлау…» сияқты бірдеңе-бірдеңе деп басталатын мақаладан гөрі баяндамаға ұқсас дүние. Сөйтсек, мұғалімдердің тез әрі тегін жариялап беріңіздер деп қиылатыны – кезекті аттестациядан өту үшін қажет шаруа екен.
«Су ішкен құдығыңа түкірме» деген бір ұлағатты сөз бар ғой. Әуелден «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болса, яғни, мемлекеттік саясаттың тұғырын биіктету мен мәртебесін арттыруды көздейтін мемлекеттік тілде жарық көретін газетке өріс ашу үшін алдымен қалың оқырман мүдделі болуы керек шығар.
Анау бір жылдары газетке жазылыңыздар деп қаладағы балабақшалардың біразын араладық. Атамның аманаты жерге қалардай алдымен мекеме басшысына қиылып, кейін жиналған қызметкерлердің алдында қазақ газетіне жазылыңызшы деп өтіндік. Сонда бір тәрбиеші «біз газетке жазылсақ, мақаламызды шығарып тұрасыздар ма?» деді әуелі. Тегі сол аттестацияға не жұмыстарын жақсы жағынан көрсетуге керек мақалалар. Иә, «шығарамыз» дейміз ғой енді өтінгесін. Сол-ақ екен, әлгі тәрбиешім есепке жүйрік екенін паш етсін келіп, «Қыздар, бір мақала шығаруға бес мың төлейміз, ал газетке жазылсақ ол да бес мың. Жылына үш төрт мақаламыз шықса, онда 5 мыңды төртке бөлсек, 1250 болады. Яғни, өте пайдалы. Сондықтан газетке жазылсақ, ақшамыз жанымда қалады» деп тақ-тұқ етіп жағадан алғандай, сөзбен жанымызды тілгілеп тастағандай болды. Міне, қазіргі оқырманның ой-пайымы!
Содан не керек, редакцияға топтап тәрбиешілер келе бастады. Сорым құрысын, он газетке жаздырамын деп он тәрбиешінің меншікті тілшісіне айналдым. Мінекей, бүгінгі газеттің халі осындай, ағайын. Ой маржанын тере білсеңіз, оймақтай сөзде де ойып алар тағылым бар. Сондықтан, газетті құрметтей біліңіздер. Себебі, сөз киелі ғой…
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар