Ел газеті – Егемен

«Егемен Қазақстан» – Қазақстан Республикасында жарыққа шығатын мемлекеттік ресми баспасөз құралы.

Газет 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» деген атпен Орынбор қаласында жарық көріп, аптасына 5 рет шығарылды. Содан бері ұжымдастыру кезеңі де, сталиндік қуғын-сүргін кезеңі де, соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі қиын кезең де газеттің тұрақты түрде жариялануына кедергі бола алмады. Тек атауы ғана бірнеше рет өзгеріп, бүгінгі күні «Егемен Қазақстан» болып қолымызға тиюде.

Бұл газетте қазақ зиялыларының күшті шығармашылық тобы жинақталды. Басылымның алғашқы редакторларының бірі Сәкен Сейфуллин болды. Мұнда Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров секілді қазақтың біртуар тұлғалары қызмет істеді және шығармаларын жариялады. «Егемен Қазақстанның» мектебінен көптеген журналистер тәрбиеленді. Заман айнасы болып, еліміздің өткен кезеңдерінде халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп келген «Егемен Қазақстан» замана көшінен қалмай, уақыт талабымен үндесіп, алға басып барады.

Биылғы жылдың 21қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілді.
Ұлт сөзін сөйлеп келе жатқан «Egemen Qazaqstan» газетінің елмен бірге жасасқанына тура бір ғасыр. Еліміздің бас басылымының мерейтойына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады. Салтанатты жиында бұл жылы лебіздерді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеткізді.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде газет тойының ұлттық руханият үшін толағай белес, торқалы мереке екенін, алғаш рет 1919 жылы Орынбор қаласында жарыққа шыққан ата басылым бүгінде еліміздің ғасырлық жылнамасына айналғанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы мерейтойға орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысын «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге, басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменге, бас редактордың орынбасары Талғат Батырханға, саясат бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базарға және басылымның аға корректоры Зәпира Төлешоваға табыстады.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев егемендіктердің еңбегін ерекше атап өтіп, Үкімет басшысы Асқар Маминнің құттықтауын оқып берді. Мерейтойда Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары да «Egemen Qazaqstan» газетінің еңсесін бір көтеріп тастады. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның ізгі тілегін сенатор Нұртөре Жүсіп жеткізді. Ал, депутат Қуаныш Сұлтанов Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтауын оқып берді.
Ақмола облысының атынан мерейтойға барған делегацияның жетекшісі, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев «Egemen Qazaqstan» газетінің бір ғасыр бойы қазақ елінің рухани, ақпараттық, ғылыми ағартушылық сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан ұлттың ұстазы, жетістігінің жаршысы екендігін тереңнен толғап айта келіп, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыс етті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар