Домбыраны дәріптеген орыс баласы

Халқымыздың ұлттық аспаптарының ішінде домбыраның алатын орны ерекше. Ертеде әр қазақ отбасының үйінің төрінде домбыра ілулі тұратын. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп Қадыр ақын айтпақшы, осы аспаптың халқымызға қаншалықты қымбат екенін түсіну қиын емес. Домбыраның құлағында ойнайтын аға-апаларымызбен, ұл-қыздарымызбен қазір де мақтана аламыз.

Осы орайда, өзге ұлт өкілдерінің де ұлттық аспабымызды жатсынбай, қызығушылық танытып жүргені өнерде шекара жоқ екенінің, өнер ұлт пен дінге бөлінбейтінінің дәлелі деп түсінеміз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз домбыраның қос құлағын бұрап, күмбірлетіп күй ойнап жүрген орыс баласы Александр Скороходов.

Талантты жас Александр Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің үшінші курсында оқиды. Орыс баласының домбырада ойнайтынын естігенімізде бір жағынан көңіліміз толып, екінші жағынан аз-маз таңырқағанымыз да рас. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған концерттік бағдарламалардың бірінде бесінші сыныпта оқып жүрген Александрды Атбасар қаласындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Тоқсан Зекенұлы байқап қалып, оның анасына «Балаңыздың бойында дарыны бар. Оны біздің мектепке беріңіз» деп қолқа салған екен.
Осылайша ол өзі білім алған Атбасар қаласындағы №6 орта мектеппен қатар, осындағы балалар музыка мектебінде бес жыл бойы домбырадан сабақ алған. Оны үздік аяқтап шыққаннан кейін Көкшетауға білім қуып келген. Қазақтың қара домбырасын анасы өтінгеннен кейін қолына алған кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде қазір бір күнін күйдің үнінсіз өткізе алмайтынын жасырмады.
– Отбасымда музыкаға жақын мен ғана. Бала кезімнен ән айтуды жақсы көретінмін. Ал, домбыраға деген сүйіспеншілігімді анам оятты. Бүгінімді де, болашағымды да домбырасыз елестете алмаймын. Балалар музыка мектебінің төртінші сыныбында оқып жүргенімде орта мектептің тоғызыншы сыныбында білім алушы едім. Ал, музыка мектебін толық тәмамдап шығу үшін бес жыл оқу керек болатын. Сол себепті, оны тастап, өз қатарластарым секілді колледжге тоғызыншы сыныптан кейін түсе алмадым. Сөйтіп, оныншы сыныпты да ауданда оқуға тура келді. Оған еш өкінбеймін. Домбырадан музыкалық білімім бар. Колледжді тәмамдағаннан кейін оқуымды Астанадағы консерваторияда жалғастырғым келеді, – деген Александр Скороходов 2017 жылы Петропавл қаласында өткен «Өнерім – рухани қазынам» атты ұлттық дельфий ойындарының «Домбыра» аталымы бойынша дипломанты.
Колледж қабырғасында болғанымызда Александрдың ұстазы Руслан Қойшыбаевты да сөзге тартқан едік.
– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушыларым биіктен көрініп жатса, мен үшін ол үлкен мерей. Домбыраға әркім қызығуы мүмкін, бірақ оның тілін кез-келген адам түсіне бермейді. Өзге ұлттың өкілі болғанына қарамастан, шәкіртім Александрдың бойында ұлттық аспабымызға деген сүйіспеншілік те, шеберлік те молынан байқалады. Оның болашағынан зор үміт күтемін, – дейді ол.
Әңгімеміздің соңында Александарға қолқа салып, күй орындап беруін өтіндік. Орыс баласы домбырасын қолына алып, Қазанғаптың «Жұртта қалғанын» шертіп сала берді. «Талабыңа нұр жаусын, өнерің өрге жүзсін» деп қоштастық.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар