Тіл жанашырымен кездесті

Көкшетаудағы Достық үйінде «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы, «Мәміле» клубының жетекшісі, әуесқой лингвист Қанат Тасыбековпен кездесу өткізіліп, осы жиында қазақ тілін үйретумен айналысатын «Мәміле» клубын «Қоғамдық келісім» коммуникалдық мемлекеттік мекемесінің жанынан ашу туралы ұсыныс айтылды.

Алматылық мейманмен кездесуге Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты. «Ситуативті қазақ тілі» кітабы қалай жазылғанын, оның қазақ тілін үйрететін басқа кітаптардан ерекшелігін қатысушылар автордың өз аузынан естіді.
Алдымен, кездесуде сөз алған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева мемлекеттік тілді үйрену барша қазақстандықтардың азаматтық парызы екенін, бүгінде елімізде қазақ тілін оқытуға, оны ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға зор көңіл бөлініп отырғанын айта келе, жуырда Достық үйінде ашылған қазақ тілі курстары енді «Ситуативті қазақ тілі» методикасымен жүргізілетінін жеткізді.
Қазіргі таңда ел аумағында зор сұранысқа ие, тіпті министрліктер тарапынан да үлкен қолдау тапқан кітап авторы Қанат Тасыбеков өзін қарапайым ғана «орыс тілді қазақ» деп атайды және ол қазақ тілін күнделікті өмірде қолдану арқылы игергенін айтады.
–Бәрі өзімізден басталады. Кеудеден итеретін қазақтардың талайын кездестірдім. Анауың дұрыс емес, мынауың басқа деп шығады. Орыс тілді қазақсың деп елден қуып шығуға болмайды ғой! Әрине, мен қазақ тілін мүлдем білмедім деп айта алмаймын. Кездескенге сұрақ қоя алатын «қазақшам» болды. Үйренуді 2010 жылы қолға алдым. Францияда білім алып, төрт жыл сонда тұрдым. 1998 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бургунд (Франция) университетінің докторантурасын тәмамдадым. Жылқы баптау кәсібімен айналысқан едім. «Өз тілімді неге француз тілінен кем білуім керек» деген ой сап ете қалды бір күні. Басында жеңіл әдістермен үйрене бастадым. Қазақ тілін бір кісідей білетін кезге жеткенде, сол уақыттардағы «өзім сияқтыларға» көмегім тисін деп, осы кітапты жазуға бекіндім. Үш-төрт жыл бұрын менің тіл үйреніп жүргеніме күлген замандастарым, қазір табандылығыма қол соғады. Қоңырау шалып, алғыстарын айтады. Қазақтың қарапайым тірлігінен бір мысал келтірейін, қаралы үйге барғанда «марқұмның арты қайырлы, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын» деу керек. Бастапқыда қуаныш-тойға немесе келелі кездесулерге бара қалсам, керек сөздерді дәптеріме жазып алып, жаттап айтып жүрдім. Қазақ тілін осылай әр жағдайға мәтін құрап жүріп-ақ меңгеріп алдым. Мектептерде пайдаланылатын қазақ тілін үйрету әдістемелері сапалы дей алмаймын. Өйтпегенде, оқушылар неге қазақша сайрап кетпейді? Менің ойымша, адам тілді кез-келген жағдайдағы қажеттіліктен үйренеді. Яғни, тәжірибе керек. Мұны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Қазақ тілін қажет ететін нақты жағдайлар бар. Салт-жоралғыларда, беташарда, құдалықта, қазаға көңіл айтқанда, шілдеханада, тұсаукесерде деген сияқты, – деді автор.
Мейман айтып өткендей, «Ситуативті қазақ тілі» кітабы тіл үйренемін деуші жандарға тілді басқа кітаптардағы секілді грамматикамен емес, күнделікті өмірде, не болмаса белгілі бір жағдайларда қолданылатын сөз тіркестері арқылы үйретуді көздейді.
Қанат Тасыбековтың «Ситуативті қазақ тілі. Қазақтар әлемі» деп аталатын алғашқы кітабы 2012 жылы жарық көрген. 2016 жылы Мәскеуде «Ситуативті қазақ тілі. Диалогтар» деп аталатын екінші кітабының таныстырылымы өтіп, автор «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталған.
Қазіргі таңда қазақстандық қоғам қазақ тілді және орыс тілді қазақтар болып екіге бөлініп отырғанын, аталған клубтың мақсаты соларды бір мәмілеге келтіру екенін айтқан Қанат Тасыбеков кездесу соңында Достық үйіне өз кітаптарын сыйға тартты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар