Ғасырларға жалғасқан поляк-қазақ достығы

Поляк және қазақ халықтарының достығы бірнеше ғасырлар бойы жалғасып келеді. 1246 жылы поляк монархы Бенедикт қазақ жеріне тұңғыш тарихи экспедиция жасап, еуропалықтарға ұлы қазақ даласын ашып берді.

Ал, әлемдік әдебиеттегі қазақ даласы жайлы алғашқы поэманы осы өлкеден таңқаларлық әсер алған поляк поэті- романтигі, Қазақстанға 1834 жылы жер аударылған Густав Зелинский жазды. Тағы бір поляк Адольф Янушкевич қазақтардың тұрмыс салтына арналған этнографиялық жазбаларды өз күнделігіне түсіріп, бұл еңбек аса құнды монографиялардың қатарына енді.

Қазақстанның қайталанбас табиғатын алғаш байқап, мәдениетін алғаш зерттеумен айналысқандардың бірі поляктар болды. Александр Затаевичтің арқасында қазақ фольклоры көпшілікке кеңінен танылып, дәрежесі арта түсті. «Қазақ халқының мың әні» еңбегі оның өмірлік ісіне айналды. «Сіздерге, менің құрметті достарым», – деп жазды ол қазақ жолдастарына. – Еңбегімнің жемісін арнаймын және жолдап отырмын. Мұнда ішкі гармония мен көңіл пернесінсіз ешнәрсе жасау мүмкін емес еді. Соның арқасында, мен, кездейсоқ келімсек, талантты және мейірімді қазақ халқын мәңгіге жақсы көріп кеттім».
Біздің этно-мәдени бірлестік – Көкшетау облысының «Полония Пулноцна» мәдени-ағартушылық қоғамының игі істерінің жалғастырушысы және мұрагері болып табылады. 1989 жылы құрылған біздің ұйым биыл өзінің отыз жылдығын атап өтті.
Ақмола облысы поляктары бірлестігінің негізгі міндеті ұлтаралық қатынастарды нығайту, достыққа тәрбиелеу, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауды үйрету болып табылады. Осының бәрі көпқырлы поляк мәдениетінің негізінде жүзеге асырылады. Қауымдастық алғаш құрылғаннан бастап оған поляк ұлтының ғана емес, басқа да ұлттардың өкілдері мүше болып келеді. Әрқайсысының бойында поляк халқының мәдениетін тануға деген құштарлық байқалады.
Осынау отыз жылдың ішінде Қазақстанда поляк этносының ұлттық колоритін және өзіндік ерекшелігін сақтауға, мемлекетімізде қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Польша мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық байланыстарды дамытуға, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, облысымыздың мәдени, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуға атсалысып келеміз. Осы аталғандардың барлығы әлбетте, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттерімен ұштасып отырады. Тағы бір баса назар аударатын мәселе – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру. Бұл міндет те біздің ұдайы назарымызда.
Этно-мәдени орталық алғаш жұмыс істей бастаған күннен-ақ поляктар Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене кірісіп кетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезеңнен бастап және бүгінгі күнге дейін біз Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен, сондай-ақ, басқа да этно-мәдени бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істейміз. Орталық белсенділері облыс және қала тұрғындарымен ауқымды жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, олар: кездесулер, кеңестер, заңгерлік көмек, аудармалар, конференциялар, ақпараттық-насихат жұмыстары.
Біздің «Поляне» фольклорлық ансамблі елімізде поляк халқының фольклорын, дәстүрін, салтын насихаттап жүрген ұжым ретінде кеңінен танымал. Ансамбльдің Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Петропавл қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысында және «ЭКСПО-2017» көрмесінің сахнасында, Польша мемлекетінің Жешув қаласында өткен халықаралық ансамбльдер фестивалінде көрсеткен тамаша өнерлері жоғары бағаланды. Биыл ансамбльдің қыз-жігіттері «Жаз Польшамен бірге» халықаралық жобасына қатысып, осы елдің көптеген қалаларын аралап шықты және Польша Президенті Анджей Дудамен кездесті.
Көкшетау қаласында поляк әндерінің «Поющая Полония» республикалық фестивалін өткізу жақсы дәстүрге айналды. Биыл бұл шараны осымен тоғызыншы рет өткіздік. Поляк мәдениетінің ән жанрына деген махаббат Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын жандарды біріктіреді. Фестивальдің директоры және идея авторы Людмила Суховецкая. Оның жетекшілігімен жастар қанаты және волонтерлік орталық белсенді түрде жұмыс істеуде.
Ақмола облысы поляктары бірлестігінің жастар қанатының бастамасымен құрылып, «20 игі іс» акциясы аясында 2015 жылы басталған «Жақсылық жолымен» деп аталатын волонтерлік жоба сәтті жалғасын табуда. Айта кетейін, «КZ еріктілері» волонтерлар орталығы да сол жылы ашылып, оған мүше жастар Краков қаласында оқытудан өтті. Ерікті жастар көптеген қайырымдылық шараларының бел ортасында жүрді. Мәселен, олар қиын өмірлік жағдайда қалған кәмелетке толмағандарға ойыншық сыйлап, қуанту шарасы, Щучинск қаласында «Сәбилер үйінің» балаларына көмектесу мақсатында өткен қайырымдылық жәрмеңкесі және тағы басқалары.
Бірлестіктің облыс аудандарындағы бөлімдері жайлы да айта кеткенім артық болмас. Бүгінде олар қызметтерін жақсы қалыпта жүзеге асыруда. Мысалы, Астрахан ауданындағы Первомайка ауылында Поляк мәдениет үйінің жұмыс істеп тұрғанына он жылдан асты. Осы ауданда «Полония» поляктар одағы да бар. Мұндағы «Полония» деп аталатын фольклорлық ансамбльдің көркемөнерпаздары 25 жылдан бері аудан тұрғындарын мазмұнды концерттік бағдарламаларымен қуантып келеді. Шортанды ауданындағы «Поляне» поляктар қоғамы жайлы да жақсы-жақсы пікірлер айтуға болады. Бұл бірлестік 1992 жылы құрылды. Степногорск қаласындағы Достық үйінде де поляк бірлестігі өзінің лайықты орнын тапты.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының аумағында төрт бірдей бөліміміз бар. Олар Келлеровка, Чкалов, Ясная Поляна ауылдарында орналасқан. Аудан және облыс сахналарында Келлеровканың «Подолянка», Тайыншаның «Краковянки», Зеленый Гай ауылының «Кропэлька» поляк шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп келеді. Чкалов ауылында, міне, осымен он жыл қатарынан поляк мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Барлық бөлімдерде поляк тілі оқытылады.
Мақалада Ақмола облысы поляктары бірлестігінің жанынан ашылған Поляк білім орталығы жайлы да тоқталып өтсем деймін. Бұл орталық қажетті құрал-жабдықтармен және оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтылған. Ол жерде оқушыларға жоғары білікті оқытушылар сабақ береді. Атап айтсақ, Людмила Суховецкая мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің сауатын ашса, Наталья Крупельницкая «Шаңырақ» жексенбілік мектебінде ұстаздық етеді. Сондай-ақ, Польшадан келген мұғалім поляк тілін оқытады. Сабақ күн сайын, тіпті демалыс күндері де адамдарға ыңғайлы уақытта жас ерекшеліктеріне қарай барлығы он екі топта тегін жүргізіледі.
Астрахан ауданында да поляк тілін Польша мемлекетінен келген оқытушы оқытады. Шортанды селосы мен Дамса, Научный, Андреевка және Петровка елді-мекендерінде де поляк тілі сыныптары жұмыс істейді.
2017 жылдан бері бірлестік «Көкшетау – пайдалы демалыс» атты тілдік білім лагерін ұйымдастырып келеді. Жыл сайын жаз мезгілінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар мен жастар жиналып, он күн шамасында еліміздің інжу-маржаны саналатын Бурабай курортты аймағында тынығады, білімдерін кеңейтеді. Польша мемлекетінің жоғары оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін облысымыздағы мектеп түлектеріне барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Жыл сайын бірлестікке мүше балалар мен жастар тілдік курстардан өту үшін Польша Республикасына барып келеді. Үстіміздегі жылы облыс аудандарынан және Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларынан, Солтүстік Қазақстаннан ең белсенді деген жасөспірімдерді Краков қаласына демалысқа жібердік.
Ақмола облысы поляктары бірлестігінің осынау отыз жылда жеткен жетістіктері аз емес. Польша Республикасы Президентінің, Ақмола облысы және Көкшетау қаласы әкімдерінің Алғыс хаттарына, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломына, тағы басқа марапаттарға ие болдық. Бірлестік белсенділерінде Қазақстан және Польша Республикалары Президенттерінің және екі ел үкіметтерінің марапаттары бар.
Қазіргі таңда Польшада үлкен қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Польша қазақтарының одағы бар. Қазақстанға және қазақ халқына деген шексіз құрметтің белгісі ретінде алғаш рет Еуропада Варшаваның кезінде ылғи патшалар тұрған орталық және әдемі көшелерінің біріне «Қазақ» атауы берілді. Қазақстанның ЕЫҚҰ-да мүше болуын алғашқылардың бірі болып құп алған мемлекет Польша болатын.
Польша Президенті Анджей Дуда астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысты. «Нұр-Сұлтан – Варшава» тікелей әуе қатынасы рейсі ашылды. Бір сөзбен айтқанда, екі ел арасындағы ынтымақтастық, достық қарым-қатынас жылдан жылға нығайып келеді. Бұл мемлекетіміздің беделі қаншалықты биік екендігін көрсетеді. Лайым осылай болуын тілеймін.
Александр СУХОВЕЦКИЙ,
«Ақмола облысы поляктары» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар