«Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан!»

Тұңғыш Президент – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясындағы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру мақсатында аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның мақсаты аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға негізделген тұрақты даму шарттарын қалыптастыру болып табылады.

Бұл орайда орталықтардың экономикалық өрлеуі мен ел тұрғындарына қолайлы жағдайлар туғызудағы басымдықтары аймақтарды дамытудың мемлекеттік саясатының идеологиялық тұтқасы ретінде қарастырылады.
Табысты даму үстіндегі елдер тәжірибесі, мемлекеттің ұзақ мерзімді экономикалық дамуының қозғаушы күші жеке салалар немесе аумақтар емес, жұмыс күшін тиімді топтастыру, бірінші кезекте талантты жастар мен мамандарға барынша тартымды әрі қолайлы тұрмыстық жағдайлар қалыптастырумен байланыстырылады. Біздің елімізде де кадрлық әлеуетті күшейту ауылдық жерлерге келген әлеуметтік сала мен агороөнеркәсіп кешені қызметкерлерін мемлекеттік қолдау үрдісімен өзектес жүргізіледі. Қолданыстағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы төмендегідей әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда: 70 айлық есептік көрсеткішпен жол қаражаты, тұрғын үй сатып алу немесе құрылыс жүргізуге 15 жылдық мерзімге 1500 айлық есептік көрсеткішпен бюджеттік несие және 100 АЕК көлемінде көшіп-қону өтемақысы беріледі.
Ақмола облысында үстіміздегі жылдың 10 айында 345 маманға 68,4 миллион теңге өтемақы төленді. Бұлардың ішінде білім беру саласына 255 маман, денсаулық сақтау – 54, мәдениет – 5, әлеуметтік қамту – 8, спорт саласына – 7 және агроөнеркәсіп кешеніне 16 маман келді. Өңірде жұмысын бастаған 250 маман тұрғын үй сатып алу үшін 866,7 миллион теңгенің бюджеттік несие қаржысын алды.
Бағдарлама шеңберінде, өңірлердің жергілікті маңыздағы өзекті мәселелерін шешу үшін, қаржылай қолдаудың тетіктері іске асырылуда. Бұл әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу, коммуналдық шаруашылық, көлік коммуникациясы, ауыл шаруашылығы, ауылдық елді мекендерді абаттандыру сияқты 5 бағытты қамтиды. Биыл аталған мақсаттағы 215 жобаны қаржыландыруға 358,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде айтақаларлықтай жұмыстар ел игілігіне айналды.
Жалпы, тұрғындар пікіріне негізделген жергілікті өзін-өзі басқару құрылымын қаржылай қолдаудың кешенді шаралары елді мекендердің инфрақұрылымдық келбетін елеулі түрде жақсартуға септігін тигізді.
Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету аймақтарды дамыту бағдарламасының басты ұстанымдарының бірі саналады. Орталықтандырылған сумен қамту және оны тарату желілерін кеңейту мақсатында 2018-2019 жылдары өңірлік 64 жобаны іске асыруға 18,3 миллиард теңге қаржы бөлінді.
2018 жылы Жақсы ауданындағы Лозовое және Киевский ауылдарының су желілері, Целиноград ауданындағы Сабынды-Оразақ, Оразақ-Ақмолдан Қосшы ауылына дейінгі және Қызылжар, Р.Қошқарбаев су жүйелерінің қайта құрылысы аяқталды.
Сондай-ақ, биылғы жылдың соңына дейін Ақкөл ауданындағы Жалғызқарағай, Аршалы ауданындағы Қостомар, Атбасар ауданындағы Покровка, Сепе, Жарқайың ауданындағы Бірсуат, Целиноград ауданындағы Тайтөбе және бұрын суды тасып пайдаланатын Қаражар ауылдарының 5 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған су жүйесіне қосылатын болады.
Аталған бағдарлама шағын және моноқалаларды да қамтиды. Ақмола облысында Ақкөл, Атбасар, Державинск, Есіл, Ерейментау, Макинск, Степняк, Щучинск шағын қалаларға жатқызылса, Степногорск моноқала дәрежесінде.
Есіл қаласы мен Шаңтөбе кентінің тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында 8,2 миллиард теңгенің жылу желілерімен қамтылған қазандық құрылыстары аяқталды. Осының нәтижесінде орталықтандырылған жылумен қамтылған тұрғындар қатары 43 пайызға артты, желілік шығындар азайып, экологиялық жағдай жақсара түсті. Державинск және Степногорск қалаларында су тазалау құрылымдар мен кәріз желілерінің қайта құрылысы жүргізіліп, бұл істерге 7,9 миллиард теңге жұмсалды. Мұның да игі қайтарымдары барлығы белгілі. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Щучинск қаласының 8 көшесін жарықтандыру, Степногорск қаласындағы 45 пәтерлік екі үйдің инженерлік желілерінің құрылысы жүргізілгенін атап өтуге болады.
Аймақтардың экономикалық бәсекелестігін арттыру және басқарылатын урбанизация жағдайындағы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту шарттары аймақтарды дамытудың 2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында одан әрі өсе түспек.
Бұл істе «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде қосымша шаралар да қарастырылған. Бұл жоба «Екатеринбург-Алматы» республикалық автомобиль жолы бойындағы Астрахан және Аршалы аудандарының елді мекендері мен туристік кластер ошағы саналатын Зеренді ауылынан бастау алды. Аталған өңірлерде 3,1 миллиард теңгенің 31 жобасы іске асырылуда. Мәселен, Астраханка ауылында аудандық мәдениет үйінің, агротехникалық колледждің, ауылішілік жолдардың, жаяу жүргіншілер жолдарының, сумен қамту жүйесінің жөндеу жұмыстары және қазандық құрылысы жүргізілуде. Аршалы кентінде №2 орта мектептің, жолдардың жөндеу жұмыстары, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынды. Ал, Зерендіде мәдениет үйіне, су жүйелеріне, ауылішілік жолдарға жөндеу жүргізілуде және жылу орталығының қазандықтары алмастырылуда.
Аймақтарды дамытудың 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мультипликаттық тиімділік алу үшін ауылдық тірек пункттері кешенді түрде дамитын болады. Бұл орайда, әлеуметтік және инфрақұрылымды қуаттандыру, елді мекендердің кадрлық әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу, халықтық қолөнер мен қызметін өрістету айрықша назарда ұсталады. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты сипатын қамтамасыз етіп, тұрғындар кірісін еселей түсетін болады.

Қанат Дүзелбаев,
Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар