Тәуелсіздік тұғыры – бірлік пен келісім

Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында

«Бірлік пен келісім – қоғамның әлеуметтік жаңғыруының негізі» атты тақырыпта өткен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының кезекті XXII сессиясына қатысып, сөз сөйледі, бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайтуға барынша үлес қосып келе жатқан бір топ белсенді азаматтарға марапаттар табыс етті.

Сессия отырысына облыстық ассамблея мүшелері, этно-мәдени және діни бірлестіктердің, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, саяси партия-лар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаев қатысушылардың келісімімен сессияның күн тәртібін бекітіп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ережеге сәйкес облыстық ассамблея төрағасының екі орынбасары болатынын, бірі – Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі екенін, екіншісі этно-мәдени бірлестіктер атынан сайланатынын айтты. Былтырғы қарашадан осы уақытқа дейін бұл қызметті Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев атқарып келген болатын.
Ермек Маржықпаев этно-мәдени бірлестік төрағасына атқарған жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Норик Ашотовичті Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыстық ассамблея құрамы жыл сайын жаңарып отыратынын айтып, биыл қабылданған мүшелерді таныстырып өтті. Олардың қатарында ведомство басшылары, жеке кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары, ардагерлер, ұстаздар бар.

–Құрметті қауым, сессия қатысушылары! Баршаңызды келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекенің баршамыз үшін маңызы ерекше. Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында сөйлеген сөзінде біз экономикасы қарқынды дамыған мықты мемлекет құрғанымызды, осының барлығы Қазақстан халқының бірлігінің арқасында екенін атап өткен болатын. Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толғалы отыр. Облысымызда 100-ден астам этнос өмір сүруде. Олардың барлығына ана тілдерін меңгеруге, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттауға теңдей жағдай жасалған, – дей келе, Ермек Маржықпаев өз сөзінде бірліктің арқасында тәуелсіздігіміз нығайғандығына, Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыруда ақмолалықтар да зор үлес қосып келе жатқандығына тоқталды.
Өңірде экономиканы дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңір экономикасына 270 миллиард теңге көлемінде қаржы құйылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынғалы бері 1 миллион 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, шамамен 12 мың ақмолалық баспанамен қамтылды. Сессияда сөйлеген сөзінде облыс әкімі арендалық тұрғын үй қоры және демеушілерді тарту арқылы жыл соңына дейін 870 әлеуметтік аз қамтылған отбасыны баспанамен қамту көзделіп отырғанын айтты.
–Шағын және орта бизнес жанданып келеді. Бүгінде салада 130 мың адам еңбек етеді. Мемлекет қолдауының арқасында кәсіпкерлік нысандарының саны 4 мыңға жетті. Барлық мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік бастамалар еңбек нарығына оң серпін берді. Экономиканың әр салаларында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Былтырғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары, – деген облыс әкімі ауқымды республикалық акцияларға белсене араласып жүрген Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, этно-мәдени бірлестіктердің, әсіресе, облыстық ассамблея жанындағы қоғам белсендісі Зере Қиықова төрайымдық ететін Аналар кеңесінің жұмысын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, әлеуметтік жаңғыруды сәтті жүзеге асыру үшін алда бірқатар міндеттер тұрғанын айтып, соларға ассамблея мүшелерінің назарын аударды. Тұңғыш Президент күні қарсаңында республикада бастау алған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы жалпыұлттық жобасы өңірімізде жалғасын табуы керек. Осыған байланысты облыс әкімі жергілікті ассамблеяға іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселелері де ұдайы назарда болуы тиіс. Жастар жылы аясында банк-термен «7-20-25» бағдарламасы бойынша 520 өтініш мақұлданса, оның 25 пайызын жас отбасылардың өтініштері құрайды. Алты білім беру мекемесіне 2500 орынға студенттік жатақхана салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 950 жас оқытылды.
Ермек Маржықпаев алда келе жатқан Еріктілер жылы аясында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясына тиісті басқармалармен бірлесіп, белсенді жас-тарды қолдауға бағытталған шаралар ұйымдастыруды тапсырып, еріктілерді даярлайтын білім орталықтарын ашу, қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жандандыру, медиация институтын дамыту қажеттігін айтты. Облыстық ассамблея осы игі, әрі жауапты бастамалардың басы-қасында болуы тиіс.
Бұл күні бір топ ақмолалықтар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлестері үшін облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Шаңырақ» облыстық байқауының жүлдегерлері облыс әкімінің дипломына және бағалы сыйлыққа ие болды. Солардың қатарында «Казахстанкая правда» республикалық газетінің меншікті тілшісі Шыңғыс Тәшенов, «Арқа ажары» облыстық газетінің тілшісі Венера Талғатқызы, «Акмолинская правда» облыстық газетінің тілшілері Александра Мякота мен Нина Митчинова және тағы бір топ журналистер бар.
Жарыссөзге қатысқан «Ақмола облысының орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің «Русская песня» халықтық ансамблінің жетекшісі Зоя Авилова, Целиноград ауданындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Қақабаева, Сандықтау ауданы Бірлік селолық округінің әкімі, осындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Аңсар Ибрагимович, Атбасар аудандық мәдениет үйінің хореографы Виктория Манукян, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді дамыту орталығының төрайымы Алена Солопованың сөйлеген сөздерінен де туған жерге деген махаббат, мемлекеттік тілге деген құрметтің лебі есіп тұрды. Сессия соңында Үндеу қабылданып, концерттік бағдарлама қойылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар