Көкшетауда диірмен және көпір іске қосылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақмола облысы бойынша ел мүддесіне жарарлық көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылды. Жер-жерде Елбасыға ел тартуы, ел құрметі деген ұранмен жаңа нысандар пайдалануға беріліп, халықтың шынайы қуанышын туғызды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы «AGRIMER-ASTYK» cеріктестігінің тәулігіне 200 тонна қатты бидай өңдейтін диірмен кешенінің және Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин көшесінің бойында Қылшақты өзенінің үстінен салынған жаңа көпірдің ашылуы рәсімдеріне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорынның ашылуымен құттықтай келе, өңір басшысы жаңа технологиямен жұмыс істейтін 2,5 миллиард теңгеге салынған кешеннің облыс экономикасын дамытуға үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашатынын атап өтті.
– Тұңғыш Президент күні қарсаңында көптеген әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындар ашылып жатыр. Күні кеше Целиноград ауданындағы «Kazyna-SR» cеріктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сайра Матайбаева облысымыздағы алғашқы жекеменшік «Дара – бизнес академиясы» мектеп-лицейін ашты. Облыс орталығында жеңіл атлетика манежі пайдалануға берілді. Соңғы екі-үш айда ғана Мемлекет басшысының қатысуымен бірнеше ірі кәсіпорындар ашылды. Тұңғыш Президент күні қарсаңында мал бордақылау алаңы мен тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Осының бәрі Қазақстан рыногындағы импортты қысқартуға және астананың азық-түлік белдеуін ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге өз септігін тигізетін болады,–деген облыс басшысы кәсіпорын ұжымына табыс тіледі.
Серіктестік директоры Николай Казактың айтуынша, жаңа диірмен кешенінің жобасы осыдан 1,5 жыл бұрын қолға алынған. Осы бағытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1,5 миллиард теңге қаражат алынып, бес қабатты ғимарат пен шикізат сақтайтын алты қойма салынған. Қашықтығы 0,5 шақырым теміржол желісі тартылыпты. Шикізат Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан сатып алынады. Айына 5-6 мың тонна қатты бидай тартылады. Ұн Ресей мен Украинаға экспортқа шығарылады. Кәсіпорын Италиядағы «Барель» компаниясының Мәскеудегі филиалымен іскерлік байланыста жұмыс істейді. Серіктестік келешекте макарон өндіруді де жоспарлап отыр. Диірмен кешенінде 20 адам еңбек етеді.

* * *

Шарада облыс басшысы елімізде құрылыс саласында алдыңғы орындардың біріне ие болып келе жатқан облыста, оның ішінде Көкшетау қаласында ашылып жатқан нысандар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне лайықты тарту болып отырғандығын атап өтті.
– Еліміз үшін маңызды мерекелер – Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа кәсіпорындарды іске қосу жақсы дәстүрге айналған. Осыдан бірер күні бұрын Целиноград ауданында облысымыздағы алғашқы жекеменшік мектеп есігін айқара ашқан еді. Кеше облыс орталығында «Agrimer-Astyk» ЖШС-де бидайдың қатты сортынан ұн шығаратын жоғары технологиялық жаңа диірмен кешенін іске қостық. Бүгін міне, жаңа көпірді қала тұрғындарының игілігіне пайдалануға беріп отырымыз, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі келер жыл облыс орталығында өтетін Қазақстан – Ресейдің аймақаралық әріптестік форуымына дайындық шеңберінде Қопа көлінің жағасына жол тартылып, тағы бір жаңа көпір салынатынын атап өтті. Бұл Көкшетау қаласында соңғы 50 жылда салынып отырған жаңа көпір екен. Жобаның жалпы құны шамамен 450 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын қарағандылық «Сервис ССТ» компаниясы жүргізді. Көпірдің ұзындығы 65 метр, ені 33 метр. Көпір салынған М.Ғабдуллин көшесі Абылай хан даңғылы мен Ш.Уәлиханов көшесін байланыстырады.
Осы шарада сөз сөйлеген Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов қала тұрғындарын Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтап, жүрек жарды жылы лебізін білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар