Талай жасқа ақылшы

Еңбек майданында қара жұмыстан қол үзбей жүрген ауыл еңбеккерлерінің есімдері бізге беймәлім болса да, олардың еңбегін астықты ауданның әрбір жетістігінен көріп жүрміз.

Теңіздің тамшыдан құралатыны іспетті, ауданның да ауыл шаруашылығында толайым табыстарды бағындыруына ауыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Олар бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнап, ауылдың әлеуеті үшін бар қажыр-қайратын аямай еңбектеніп келеді. Сондай жанның бірі – Жұлдыз Сармурзина. Жасы алпыстан асып, жетпіске тақап қалса да әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген Жұлдыз апа «Жасыбай XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде зертхана меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істейді. Астықтың сапасын тексеретін зертхана маманы ретінде еңбектеніп жүргеніне биыл 44 жыл толды.
Еңбек жолын әуелі Сұрған элеваторында зертханашы болып бастаған Жұлдыз апаның 1985 жылдан бастап 2009 жылға дейін туған ауылынан табан аудармай, бір орында ұзақ жыл зертхана меңгерушісі болып қызмет істеуі – оның өз ісіне, туған жеріне деген шексіз махаббатын аңғартады. Жұмысына әркез тиянақты қарайтын Жұлдыз Сармурзина қызметі талап еткен білімді де, тәжірибені де қатар меңгеріп алды. Қостанай механикалық-технологиялық техникумын «технолог» мамандығы бойынша тәмамдап, Алматыда біліктілігін жетілдірді. Осы алған білімі мен аға буын ұстаздарынан үйренген білген -түйгені қазір оның өзін «тәлімгер» атандырып отыр.
Зейнеткерлікке шыққан соң басшылық қызметтің тізгінін жастарға табыстап, өзі жас мамандарды дайындауға ден қойды. Білікті маман жұмыстағы әріптестеріне ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп, астық сапасын анықтау ісінің қыр-сырын үйретіп жүр. Қолдағы алтынның қадірін білген серіктестік басшылары да тәжірибелі маманнан қол үзгілері келмейді. Әрдайым жұмыс барысында ардақты қызметкердің өмір тәжірибесіне жүгініп, пікірімен санасып отырады. Сөздің тоқетерін айтсам, Жұлдыз апа өз ортасында сыйлы, әріптестерінің зор құрметіне бөленген бақытты жан.
Қаракөз БЕКЖАНОВА.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар