Арманыңды орындап, мақсатыңды іске асырудың жолы

«Достар» мәдениет сарайында Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен іске асқан

«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасының Ақмола облысы бойынша қорытынды форумы өтті. Оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының, «Даму» қоғамдық қорының өкілдері, мәслихат депутаттары және үйлестіру агенттігінің қызметкерлері, жастар мен жоба тәлімгерлері қатысты.

«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылы бастау алған. Ол кезде төрт облыс қамтылған екен. Кейін 2018 жылы алты облыста жұмыс жүргізілген. Енді, биылғы жылы жоба Маңғыстау, Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын қамтып отыр. Ақмола облысы бойынша «Zhas Project» жобасының үйлестірушісі Тимур Ысқақовтың айтуынша, бұл жобаға облыс көлемінде 420-ға жуық жас қатысқан.
–Жоба аясында 122 тың жоба грант ұтып алды, бүгінгі таңда оның 113-і жүзеге асырылуда. Яғни, мұнымен 385 ақмолалық жас азаматтар айналысуда. Қатысушылар үш кезеңдік оқудан өтті. Бірінші кезең жастардың әлеуметтену процесі болса, екінші кезеңде олармен ай сайын тәлімгерлер жұмыс істеп, кездесулер, коучингтер өткізді. Үшінші кезеңде гранттық конкурстан тыс өздерінің заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық есебін дұрыс толтыруына, жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қалай тіркелуге болатынын үйретуге мән берілді. Облыстағы үздік жобаларды біз республикалық форумға апарамыз – дейді ол.
Форум басталардан бұрын мәдениет сарайының фойесінде көрме ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің жобалық жұмыстарын, сол алты ай бойы істеген бұйымдарын, өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Осы көрмеде бірнеше қатысушымен тілдесіп көрген едік. Қала іргесіндегі Краснояр кентінде тұратын Ғалия Қостанова «Шұғыла» оқыту орталығын ашқан. Өзінің айтуынша, орталықта бала күтімі демалысындағы әйелдерді тігіншілікке үйретіп қана қоймай, қолөнер бұйымдарын сатып, табыс табуға да болады екен.
–Қазір тобымызда үш адам бар. Біз адамдарға құрақ көрпе тігуді үйретеміз. Сонымен қатар, заманауи үлгіде ұлттық киімдер тігумен де айналысамыз. Негізінен жобамыз бала күтімінде отырған әйелдерді тігін өнеріне үйретуді көздейді. Курсқа қатысушылар тігін машинасымен жұмыс істеуді, пішуді және тігуді үйренеді. Жоба жұмыссыз әйелдердің қатарын азайту мақсатында қолға алынған. Бүгінде толық курсты 20 адам өтті. Өзім бала кезімнен осы қолөнер түріне жақын болдым. Менің анам тігінмен айналыспағанымен, әжем жақсы тігінші болған, – дейді Ғалия. Ал, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің медицина факультетінде білім алып жатқан Айгерім Нұриденова тоқыма ісімен айналысады.
–Біздің тоқылған бас киімдер жобасы балаларға арналған. Жағдайы төмен және көп балалы отбасыларды қамтиды. Біз бас киім тоқып, сосын оны көбіне балаларға таратамыз. Сонымен қатар, айына екі рет шеберлік сыныбын өткізіп тұрамыз. Бұған төлеуге қаржысы жетпейтін адамдарды да шақырамыз. Олар бас киім тоқиды, сосын әркім өз тоқығанын алып кетеді. Жоба аяқталған соң біз өз бұйымдарымызды сата бастаймыз, – деген Айгерімнің айтуынша, бүгінде 100-ден аса балаға бас киім сыйланған. Жанна Синина есімді қатысушы өз жобаларын бала күніндегі арманымен байланыстырғанын айтады.
–Бүгін мен «Сенің стилің» атты сән салоны жобасын таныстырамын. Біз жастар тобы Ақмола облысындағы балалар үйінің түлектеріміз. Балалар үйінде тұрғанда бізде сән салонына баратын мүмкіндік болған жоқ. Шаштаразға немесе өзге де сән мамандарына бара алмадық. Шаш үлгісін, макияж, маникюр бәрін өзіміз жасап үйренуге тура келді. Түлектер кешінде біз қыздар, бір-бірімізді сәндендіргеніміз есімде. Әдемі шаш үлгісін жасап, тырнақтарымызды ашық түстерге бояғанбыз. Осы кезде біз жаңа нәрсені істеуге дағдыландық. «Zhas Project» гранттық бағдарламасын білгенде біз бала күніміздегі арманымызды жүзеге асыруға шешім қабылдадық. Біздің тобымыз бірауыздан өзіне шаш үлгісін, косметикалық қызметтерді жасатуға мүмкіндігі жоқ және бұған мұқтаж адамдар үшін сән салонын ашамыз деп келісті. Степногорск қаласында сән салондарының көптігіне қарамастан, олар барлығына бірдей қолжетімді емес. Себебі, онда көрсетілетін қызметтердің, тіпті ең қарапайым түрлерінің бағасы қымбат. Біз көптеген қызмет түрлері бар, қолжетімді бағада, әрбір клиентке ерекше көңіл бөліп қарайтын сән салонын ашқымыз келеді. Әсіресе, мүгедектерге, жетім балаларға, зейнеткерлерге, жағдайы төмен отбасыларға ерекше қараймыз. Біздің топ жоба аяқталғаннан кейін де, Степногорск қаласындағы көптеген адамдарға, оның ішінде зейнеткерлерге, мүгедек жандарға, жетім балаларға қызмет көрсетеміз деп отыр, – дейді Жанна. Топ мүшелері бірнеше шеберлік сыныптарын өткізіп, 70 шақты адамды қамтыған.
«Zhas Project» әлеуметтік жобасы жүргізіле бастаған кезеңде мына бағыттар бойынша кіші жобалар іске асқан. 23 ауыл шаруашылығының ет және сүт өнімдері, 16 оқу курсы, 12 демалыс орталығы және шығармашылық үйірме, 11 спорттық орталық пен фитнес-клуб, 11 наубайхана және кондитерлік дүкен, 4 тігін шеберханасы, 7 сұлулық салоны және 4 көлік жөндеу орталығы ашылған. Жобаның 2019 жылғы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға арналған гранттар мен әлеуметтік стипендияларын қосқанда тек Ақмола облысына бөлінген қаражат көлемі 227 541 000 теңгені құрайды.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар