Жат жұртқа қиғаныңмен, жат елге қия алмайсың!..

Ақмола облыстық статистика басқармасының ресми мәліметтеріне сүйенетін болсақ, 2018 жылы біздің өңірде барлығы 4780 ерлі-зайыпты отбасын құрған.

Олардың 1511-і аралас неке. Отбасын құрғандардың 2498-і қазақ ұлтынан болса, соның ішінде 252 ер азамат пен 152 әйел адам аралас некеге отырған. Біздегі жағдай осындай. Бір атап өтерлігі, түркімен, литва, молдован, грузин, ұйғыр, еврей сияқты ұлт өкілдері аралас некеден аулақ екен.

Ұлт болашағы аналардың қолында деген ұран жай ғана сөз болмауы керек. Бәлкім, ұлттық тәрбиеге селкеу түскенінің салдары ма, кім білсін, 400-ден астам қыз-жігіттің өзге ұлт өкілімен отбасын құрғандығын алаулаған қуанышқа балауға болмас, сірә. Себебі, әрбір азамат өз ұлтының салт-дәстүрін ұлықтағаны абзал ғой. Иә, қазақ халқы біздер, ежелден қыз баланы жат жұрттыққа балайтынымыз рас, алайда, жат елге қия алмайды екенсің!..
Сөзіміз дәлелсіз болмасын, алдымен көргенімізді баяндайық. Қарап отырсаңыз, өмірдің өзі – новелла. Біз көркем шығармада сүйсініп оқитын кейіпкерлермен де күнбе-күн кездесуге болады. Бір өкініштісі, зымырандай зу еткен уақытта ғана тұрлау жоқ. Өзгенің өміріне үңілу қайдам, жақындарымыздың да жағдайын білуге мұрша болмай қалатыны бар. Неге екені белгісіз, біз қазір зулаған уақытпен жарысқа түсіп жатқандаймыз… Бір ғажабы, уақыттың құрық салдырмайтынын білсек те үміттіміз. Осы орайда, өзгенің өміріне неліктен назар аудармайсың деп ешкімді де сөгуге болмайтыны анық. Алайда, кей-кейде күнделікті күйбіңнің көлеңкесіне ілесе жүріп, көңілде өшпес із қалдыратын жайттарға да жолығатының бар.
Демалыс күндері балалармен бірге уақытымызды өткізейік деген мақсатпен өзіміз тұратын көпқабатты үйдің жанында орналасқан ойын алаңына бардық. Жаныма Айым келіп жайғасты. Бұрнағы жылдары көрші қыздың шетелдікке тұрмысқа шықты дегенін естіген едім. Сол қыз болар деп болжадым. Ойын алаңында біздің балалармен бірге екі американдық ұл ойнап жүргенін бірден байқадым. Қара нәсілді ұлдардың тілі де басқа. Әлиханым әлгі ұлдың жүзінен көз алмайды. Үлкен қыз мектепте ағылшын тілін оқиды ғой, олармен бірден тіл табысып, сөйлесіп кетті. Ал, ұлдар болса, шетелдік балдырғандардың не туралы сөйлесіп тұрғандарын түсіне қоймады. Төрт ұлдың ортасында Аяулым тілмаш болып жүр. – Балаларымды нағашыларымен таныстырайын деп, төркіндеп келіп жатқан жайым бар, – деді ол күмілжіп, менің балалардың ойынынан көз алмай қарап отырғанымды байқады ма, әңгімені өзі бастады. – Америкада тұрамыз. Браун есімді жігітке тұрмысқа шыққам. Отбасын құрғалы әкем мен анама бір келген емеспін. Балалармен жүріп-тұру оңай-оспақ шаруа емес. Әкем өмірден өтті деген суыт хабар жеткенде алып-ұшқан сағыныштың соңына ілесе алмағандай күйде болдым…
Ол соңғы ойын әрең жеткізді. Мойылдай қара көзінен жас моншақтап төгіле берді…
– Қайырын берсін. Әкеңізге иман байлығын тілеймін, – дедім мен де көңілсіз.
«Күйеу бала неге келмеді?» деп сұраудың өз артық болды. Сіңлім екеуіміз ұзақ үнсіз отырдық. Үнсіздіктің өзі ауыр мұңнан да зілді болатынын сонда ұққандаймын.
Айым маған мөлдірей қарады. Көздерінде өкпе-мұң мөлтілдеп тұр. Өмірге деген өкпесі. Шарасыздығым үшін налыдым. Айтылмаған сөзді айтасыз, тұңғиыққа жетелеген жүректегі мың сан ой тұйықталып қалғандай.
Ойын баласы ғой, балалар үйге келгесін де күні бойы Джон мен Николя туралы айтып жүрді. Ал, мен Айымды ойлаумен болдым. Иә, рас, ата-бабамыз қыз баланы жат жұрттық деген кезде жат елдік демеген шығар…
…Ойыма көрші Қали ағам түсіп отыр. Аға биыл қырықтың қырқасына шықты. Байсалды, қашан көрсең де үнемі жұмыс үстінен табылады. Қолында қарт анасы бар. Сол кісіні бағып-қағып отыр. Үйдің үлкені болғасын, бауырларын оқытты, ал өзі болса үй шаруасына қарайласып, мал бақты, құс өсірді, бәрі де сол бауырларының қамы. Соларды жеткізбекке талпынды. Үйдің үлкені, тірегі болғасын. Қыздар оқыды, тұрмысқа шықты, інілері бір-бір шаңырақ көтерді. Қали аға қарт анасымен сол қара шаңырақтың алтын қазығы іспетті. Шіркін-ай, шаңырақтың шырайын келтіретін бір берекелі әйел болса ғой деп тілейтін еді мұндайда ел.
Таяуда ауылға бардым. Ауылдың басты жаңалығы: Қали аға үйленіпті. Келінді қайдан кезіктірген? «ВК-дан!». Міне, жаңалық! Жақсы екен дейді ел. Тек, тегі басқа. Осы жағы ойландыра береді. Қазақтың аяулы қызы мен ардақты ұлы ешкімге ермек болмаса екен! Біздегі жалғыз тілек осы ғана…
Р.S. Сағыныштың өрнегін салып, таныс әуен жүрегімнің пернесімен ойнайды. Енді ұқтым. Жүрек әні. Мұңлы әуен. Ақ боран ұйытқып тұр. Мен ызғарды елейтін емеспін. Өйткені, туған жердің бораны да жанға жайлы. Айым қайда екен? Жат жерде тоңып жүрген жоқ па ?..

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *