Жалын жүректі жетекші еді

Мен Бірлеспен құрдас екенмін… Ол туралы осындай күйде естелік жазамын деген ой болмап еді. Қалам ұстауға да дәтім бармай ұзақ жүріп алғанымды қайтерсіз. Пәрмен жүрмейтін тағдырдың өктемдігіне не шара. Өкіндіріп өтіп кеткен замандасым-ай!

Жуырда Шынар кездесті. Қарындасы ғой. Дауысы дірілдеп амандасты. «Желтоқсанның 19-ында ағам 67-ге келеді» деді. Дір ете қалдым. Небары 49 жасында қайтыс болған Бірлесті тірі кісідей сөйлеп тұр. Мен де сондай аласапыранда едім. Жанымызда жарқырап жүргендей көрінетін досым туралы өткен шақпен сөйлеу өте ауыр екенін айтып жеткізуден асқан әурешілік жоқ екен. Шынардың өтінішін жылдан астам орындай алмай жүргенімді оның бауырластық жүрегі түсінер деген ойдамын. Енді кешіктіруге болмас деген бекіністемін…
Халқымызда жұрттың бәрі білетін «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейтін мақал бар. Мұнда келінге ғана емес, жалпыға ортақ ауқымды мағынадағы тереңдік жатыр. Бұл жағдайды барша адам басынан өткерген. Сондықтан да олар бақытты. Өйткені, өмір жолыңдағы жақсылық соқпақтары осынау кездесулерден өркен алатынын адам баласы әрдайым ыстық бір ризашылықпен еске алып отырады. Мақал «келінге» қаратып жалқы айтылғанымен, мұндай кездесулер көбірек болғаны жақсы. Менің осы «кездесулерімнің» алғашқысы Бірлеспен болғаны қашанда қуанышқа бөлеп жүреді. Бірақ, кездесулердің бәрі бірдей мәнді болмасы да анық.
Жүрегімді езе бермей, кешегі ұмытылмас күндердің естелігіне көшейінші. Менің отбасым 1980 жылы, күтпеген жерден Алматыдан Көкшетауға қоныс аударуға мәжбүр болғанбыз. Өзім Жазушылар одағының «Жазушы» баспасында редактор, әйелім сол кездегі жалғыз «Госбанкіде» бухгалтер еді. Қайын атам, одан кейін қайын шешем қайтыс болды деген қаралы хабар алдық. Бұдан кейінгі жағдайды тізбелеп жатудың қажеті қанша… Не керек, көштік. Аса өкіне қойған жоқпын. Мен туған Қазығұрт пен Көкшетаудың қасиеті қалың қазаққа ортақ қой деген сезім жүрегімді жылытады. Қолымда арнайы жолдама болғанымен, облыстық «Көкшетау правдасында» орын болмай, төрт айдай шалғайдағы Уәлиханов ауданының «Шалқар» газетінде жұмыс істедім. Жолдасым Бақыт «Авангард» совхозының қырманында «весовчик». Ақыры қыркүйек айында облыстық газеттен шақыру алып, қызметке кірістім. Бақыт та өз мамандығы бойынша «Госбанкіге» орналасты.
«Көкшетау правдасындағы» бірінші командировкам Қызылту (қазір Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Уәлиханов аталады) ауданынан басталды. Аудандық комсомол комитетінің конференциясынан есеп жазуым керек. Ол кездері мұндай шара өте маңызды саяси оқиға саналатын. Конференция облыстық партия комитетінің органында жарық көріп, тиісті баға берілуі одан да жоғары оқиға. Сондықтан, алыстағы ауданға жеткенше болашақ мақаланың жоспар жобасын қайта-қайта нақтылап, кімдермен тілдесіп, пікірлесу мәселесін пысықтаумен болдым. Өйткені, өңір жастарының басты жиналысында сұрақтарды жаудырып, бірінші хатшының уақытын ала беру орынсыз.
Комсомол комитетінің ғимаратына кіргенімде ұзыннан-ұзақ дәлізде алашапқын адамдарды көрмегеніме таңмын. Кәдуілгі жұмыс ауаны байқалады. Қабылдау бөлмесінде сұрақтың астына алып, сазартып қоятын қыз да көрінбейді. Есікті тақылдатып, кіріп барғаным сол еді, дәл қасымда орта бойлы ақсары жігіт күлімсіреп тұр.
– Жоғары шық, мен Бірлеспін, – дейді құрақ ұшып.
Бұрыннан таныс-білістің адамындай іші-бауырыма кіріп барады. «Сіз» деп сөйлеуді де артық санағандығын арқаланып:
– Мен Бақбергенмін, – дедім комсомолдық саңқылдақ дауыспен.
Екеуміз қол ұстасып тұрып ал кеп күлейік. Жарастықтан ғой.
– Шай алдырайын, – дейді.
– Оу, баяндамаңа дайындалмайсың ба? – деймін.
– Ол баяғыдан дайын ғой.
Міне, осының өзі Бірлес бауырдың іскерлігін, аудан тіршілігін бес саусақтай білетіндігін көрсетеді. Мұндай сенімділік пен тап-тұйнақтылықты журналистік ұзақ тәжірибемде байқаған емеспін. Партиясы болсын, комсомолы болсын, қазіргі заман шенеуніктеріне дейін маңызды шараларға дайындалу үстінде кісіге қарай алмайтын сұмдық әбігер үстінде болады. Тіпті, үлкен залдың президиумында отырғанда да көмекшісін немесе бөлім басшыларын ымдап шақырып, баяндамасына өзгеріс жасап жататындар әлі күнге бар.
Конференция дүркіреген екпінмен, қызу пікір алмасулармен (таласпен емес), ұтымды ұсыныстармен, болатын дүниені болжаған қуатты қаулы қабылдаумен аяқталды. Жастар ұйымының жаңа құрамын сайлау ұзаққа созылғандай көрінді. Талқылау барысында тізімнен түсіп қалғандар, залдан тікелей сайланғандар да болды. Бұл енді жоғары жауапкершіліктің, ертеңгі қадамның қарыштылығын айқындайтын үлкен жауапкершілік көрінісі деп қабылдау керек. Бірлес бірінші хатшылыққа бірден сайланды. Оған күмән де келтірген жоқпын. Себеп іздеудің қажеті де жоқ еді. Қызылту ауданының даңқы жер жарып тұр. Жастардың кең көлемді бастамалары, комсомол жас-тар бригадаларының өнегесі, қоғамдық өмірдегі игі істер республикамызға үлгі етіп көрсетілгені қашан. Ұйымның жүлдесіз қалған жылы жоқ. Даңғайыр диқан, еліміздегі ең жас Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадырәлиннің бастамашылдығы Көкше өңірінің абыройын асырып тұр. Осының барлығы жиналып келгенде Бірлес Сәкеновтың есімімен байланыстырылатыны белгілі.
Сол жылдарғы комсомолдың конференциясы мерекелік сипат алатын. Жан-жағымыз ойын-күлкі, ән шырқалып, би биленіп, күй төгілген ғажап дүние. Спорттық жарыстар ұйымдастырылып, Қызылтудың атақты балуандары айғайды салып тұрғанын көрдік. Кешкісін комсомолдық үйлену тойы өткізілмек. Осының барлығына қарамастан Бірлес мені үйіне шақырды. «Қой» дегенге болмады. Қызылтудың шетіндегі екі қабатты үйден пәтер алған екен. Қолында анасы Күлзия Төлеубекқызы, жуырда ғана Алматының университетін бітіріп, кітапханашылыққа енді кіріскен қарындасы Шынар бар. Көл-көсір көңіл ұясында әдемі әңгіме өрбіді. Шынар шай қамымен жүргенде Күлзия апамыз қызық-қызық хикаялар мен ұлағатты сөздерін төгіп тастады. «Анамыздың шешендік өнері де бар екен ғой» дегендей Бірлес маған көзін қысып қояды. Бәрі жарасымды, алыстағы Қызығұртыма барып келгендей елжіреген күйге түстім.
Комсомолдық тойға да қарамай жолға шықтым. Жолдың алыстығы неше түрлі ойларды шақырады. Көңілім көтеріңкі, кей-кейде өзгелерге байқатпай өз-өзімнен жымиып қоямын. Ойыма жазылғанына көп бола қоймаған,
Жүргендеймін мен бүгін,
Ертегінің елінде… – деп басталатын
«Көкшемен көріскенде» дейтін өлеңім орала береді.
Осынау ұзақтау өлеңнің соңғы шумағы:
Мұң аралас үнінде,
Ақанменен жырласып.
Қайтамын мен түбінде,
Сәкенменен сырласып, – деп аяқталатын.
Осы дүнием бұрын ешуақытта кездестірмеген Бірлеске де арнап жазылғандай көрінеді. Өйткені, Ақанменен жырласу, Сәкенменен сырласу тәтті қиял ғой. Ал, Бірлес – шындық! Оның бойында Ақан серінің де, сырбаз Сәкеннің де қасиеттері молынан бар еді…
Жалын жүректі жампоз азаматтың өмірі еліне қызмет етудің жанталас күндерімен өткенін бөлектеп айту керек. Оның іскерлігі, табандылығы, көшбасшылық қасиеттері жоғары бағаланды. Бірлес Бекмағамбетұлы 1982 жылы Көкшетау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, ал 1987 жылы Чкалов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Оңды-солды оңтайландыру саясаты кезінде өңірдегі көптеген аудандардың қатарында Чкалов ауданы жабылды. Тіпті Көкшетау облысының да таратылғанын көз көрді. Осыдан кейін Бірлес заман ағымына сай, жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Мақсат – өзі туған Қарлыкөл ауылының еңсесін көтеру. Көтерді де. Әттең, жарқыраған жарық жұлдыз кенеттен, қапелімдегі жол апатынан ағып түскені өкінішті…
Бірақ, Бірлестің жақсы ісі, жарқын бейнесі ешқашан өшпек емес. Жары Роза Балтыханқызы, есімдеріне көп мағына беріп өсірген Олжас, Алмас, Манас, Мағжан атты ұлдары, келіндері, немерелері оның өмірін жалғастыруда. Тәуба!
Бақберген Амалбеков,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

One Response to Жалын жүректі жетекші еді

  1. Олжас Бiрлесулы:

    Акемиз туралы жазган макаланызга коптен-коп рахмет! Айтканыныз келсин!

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *