Америкада оқып жүр

Біз – бір ауылдың түлегіміз. Әр кездес-кен сайын өзіміз туып-өскен елімізді, ата-анамызды, ел адамдарын еске алысып, өз бала-шағамыздың жайын, олардың амандығын сұрасып жатамыз. Осындай бір кездесу кезінде біздің елдің абыройлы бір азаматы, кісілігі мен жайсаңдығы, сырбаздығы бір бойына әрдайым жарасып тұрар Жеңіс ағам өзінің қызы Иннаның Америкада оқып жатқандығын айтты.

Қуанып қалдым. Қасиетті топырағынан не бір жақсылар мен жайсаңдар шыққан біздің Қарағаш ауылының бір қызының сонау мұхиттың арғы бетіндегі елде оқып, білім алып жатса, бұл да Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жастарының өрісінің кеңейгендігі ғой деп ойладым.
Жүздесіп отырған ел азаматы Жеңіс Қабияұлы Салықбаев та өз кезінде елге адал қызмет жасап, түрлі шаруашылықтарда басшылықта болған-ды. Алматы ауыл шаруашылығы институтының агрономдық мамандығын бітіріп, қатардағы агроном болудан бастап кеңшар директорлығына дейінгі аралықтағы қызметтерді абыройлы атқарды. Қызмет жасаған еліне жұғымды, халқына жағымды бола білді. Үлкендердің батасын алды, кішілердің сый-құрметіне бөленді. Отбасындағы Күмісай жеңешеміз екеуі жақсы ұл-қыз өсіріп, олардың барлығын да өмірдегі өз соқпақтарына салды.
Сол Жеңіс ағамыз бен Күмісай жеңешеміздің Америкада оқып жатқан Инна атты бір қызы өз кезінде Қарағандыдағы Евней Букетов атындағы Мемлекеттік университеттің заң факультетін ойдағыдай аяқтап, кейін «Арқа-Алуа» серіктестігінде заңгер болды да, содан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Индус-трия және жаңа технологиялар министрлігінің «Ұлттық инновациялық қоры» акционерлік қоғамында заңгерлік қызметті де жақсы атқара білді. Талапты жас Инна Жеңісқызы Салықбаева сол талабымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына бас мамандыққа қызметке шақырылып, сол арада бес жыл бойы үлкен мектептен өтті.
Қазақстанда қызмет жасай жүріп, Инна әрдайым өз білімін жетілдірумен болды.Үнемі ізденісте, талпыныста жүріп, оқыды және түрлі шараларға да белсене қатысып отырды. Бұған Инна Жеңісқызының түрлі сертификаттары айғақ болар еді. Ол өз бетімен ағылшын тілін де меңгеріп шықты. Осы орайда Инна қызымыз «Study Inn» тіл мектебін жақсы аяқтап, ағылшын тілінде жатық сөйлейтін болды. Қазақы отбасында және де ұлағатты ортада тәрбие алған Иннаның өзінің ана тілінде де жатық сөйлейтіндігін айтқан ләзім.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін дәйім айтып келеді. Және де жастарға әлемнің кез-келген мемлекетіндегі жақсы деген оқу орындарында білім алуға да толық жағдай жасалып та отыр. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасының өміршеңдігіне уақыт айқын көз жеткізіп келеді. Талапты да дарынды жасқа елімізде жол ашық екендігіне Иннаның Америкада оқып, білім алып жатқандығы дәлел болса керек.
Жалпы Инна Жеңісқызы сол Америкада алып жатқан терең білімін жалпы адам баласының мүддесіне жұмсауды армандайды. Бұл күндері, яғни, жаһандану дәуірінде адамзаттың алдында үлкен жаһандық мәселелер тұрғандығы анық. Климаттың күрт өзгеруінен бастап, жер сілкінісі мен су тасқындары сияқты адамзатты алаңдатып отырған жағдайларды ой елегінен өткізе отырып, Инна осы бір жайларды зерделеуге ден қойғаны бар.Бұған Инна қызымыздың тілі де білімі де жетері анық.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр, мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын», – деген болса, осыны алға тарта отырып, Америкада оқып жүрген қазақтың қаршадай бір қызына талабыңа нұр жаусын дегенді айтқымыз келеді.

Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар