500 мыңнан астам адамның құқы қорғалды

Биылғы жылы тәуелсіз Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылғанына 28 жыл толады. 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР прокуратурасының біркелкі жүйесін құру, оның жеке жұрылымдығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулы қабылдаған еді. Міне, осы күн тәуелсіз еліміздің прокуратурасының құрылған күні болып табылады.

1999 жылдың 8 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы» Жарлығы шығып, осыған орай Еңбекшілдер, Зеренді және Щучье аудандары Ақмола облысына қосылды. Осы негізде аталған аудандардың прокуратуралары да Ақмола облыстық прокуратурасының құрамына енді. Одан бұрынырақ Торғай облысының таратылуына орай Есіл, Жақсы, Жарқайың аудандары да Ақмола облысына қосылған болатын. Қазіргі күні Ақмола облыстық прокуратурасының құрамында 17 аудандық, 2 қалалық және 1 мамандандырылған прокуратура бар.
Облыс орталығы Көкшетау қаласына көшіп келген уақыттан бері облыс прокурорлары болып Әділхан Мәлгаждарұлы Әсет, Тыныбек Оңалбайұлы Оңалбаев, Сапар Қайыпұлы Қасымжанов, Серікбай Садықұлы Ерімбетов, Болат Қасымұлы Абдулов, Азамат Сембайұлы Жылқыбаев, Мұратбек Құсайынұлы Исадилов қызмет атқарды.
Облыс прокуратурасының штатында 206 жедел қызметкерлер мен 35 әкімшілік мемлекеттік қызметшілер бар. Осы құрамда биылғы жылы прокуратура 500 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтарын қорғады. Прокуратура қабылдаған шараларға сай, мемлекет қазынасына 600 миллион теңге қаржы мен 1 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылды.
Мониторинг нәтижесінде жалпы аумағы 1,7 миллион гектар, кадастрлық құны 24,3 миллиард теңге болатын 3176 пайдаланылмай жатқан жер телімдері анықталып, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдан бастап облыс прокуратурасы монополистік мекемелердің қызмет тарифтерін белгілеудің негізділігін зерттеп, тексерулер жүргізуде. Қазіргі күнге дейін 484 мың тұтынушының бұзылған құқы қорғалып, 21 монополия субъектісіне 3,5 миллиард теңге көлеміндегі тарифтерді қалпына келтіру тапсырылды. Табиғи монополияларды реттеу департаментінің және «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғалары сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Биылғы жылы прокуратура қызметкерлері медициналық әлеуметтік мекемелерді тексеріп, бірқатар заңсыздықтарды анықтады. Соның ішінде мүгедектердің мүлкін үшінші тұлғалардың атына құжаттау оқиғасы анықталып, прокуратураның араласуымен мүгедектің мүлкі өзіне қайтарылды. Сондай-ақ, сапасы төмен, нормативтік талапқа жауап бермейтін киімдер сатып алынған және іс жүзінде сондай киімге өз құнынан 3 есе артық ақша төленген. Ғимаратты жөндеу, жиһаз сатып алу үшін өткізілген конкурстарда да заң бұзушылықтар орын алған. Аталған заңсыздықтарды қалпына келтіру мақсатында прокуратура орын алған заң бұзушылықтар жайында құзырлы органдарға қадағалау актілерін жіберді. Осыған орай, 27 жауапты тұлға әкімшілік, 6 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс ашылып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс өміріне қатысты түрлі маңызды мәселелер құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өтетін Үйлестіру кеңестерінде қаралып, тиісті шешімдер шығарылып отырылады. Үйлестіру кеңесіне облыс прокуроры төрағалық етеді. Биылғы жылдың өзінде Үйлестіру кеңесі мүлікті ұрлау, көшелер мен қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, су тасқынының алдын алу сияқты бірқатар маңызды мәселелерді қарады.
Облыс орталығында, міне екі жылдан бері Құқық қорғау орталығы қызмет көрсетіп келеді. Күн сайын азаматтарды прокурорлар мен медиаторлар, полиция қызметкерлері, әкімдік пен әділет органы қызметкерлері қабылдайды. Жыл басынан бері орталыққа 5 мыңнан астам адам келіп, өз өтініштерін білдірді.
Прокуратура қызметкерлерін осынау төл мерекелерімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, кәсіби біліктілік, ортақ Отанымыздың гүлденуі үшін табысты еңбек ете берулеріне тілектесігімді білдіремін!
Ерболат Жүсіп,
Ақмола облысы прокуратурасы аппаратының басшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *