Өрт қауіпсіздігі айлығы нені көрсетті?

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласы бойынша бақылау-профилактикалық қызмет басқармасының басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Денис Шелкоплясов және азаматтық қорғаныс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Асылбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өрт қауіпсіздігі айлығының қорытындысы туралы баяндады.

Баяндамашы 2019-2020 жылғы жылу маусымы кезінде жеке тұрғын үйлерде орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу және күресу бағытында қолға алынған шараларға тоқталды. Денис Шелкоплясовтың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері облыс аумағында 695 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 13 адам ажал құшқан, 157 миллион 534 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама аз көрсеткіш. Мұны әрине, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері және жеке адамдармен жылу маусымы барысында бірігіп өткізген шаралардың нәтижесі деуге болады.
Осы бағытта өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, аудиторлық ұйымдар және еріктілермен бірлесіп 65 649 адамды қамтыған 32 352 жеке тұрғын үйге барып қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Сонымен қатар, 6 858 адамды қамтыған 250 жиналыс өткізген. Дегенмен, шара кезінде 1279 үйде адам болмаса, 2884 жағдайда үй иелері төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін үйлеріне кіргізбеген.
Брифинг барысында тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың үйлеріне түтін мен улы газды анықтайтын құрылғыларды орнату жұмыстары сияқты алдын алу шаралары да айтылды. Облыс аумағында барлығы осындай 574 құрылғы орнатылыпты. Жыл соңына дейін тағы 300-ден астамын орнату жоспарланған. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп атқарылуда.
Бұдан бөлек, брифингте азаматтық қорғаныс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Асылбеков мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелеріне түсіндіріп, сақтық шараларының жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар