Салауаттылық салтанат құрған ауыл

Біз, жанымдағы әріптестерімізбен бірге бірыңғай шешен ұлты қоныстанған Красная Поляна ауылында болдық. Мұнда 43 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Жұмыссыздық мүлде жоқ. Сексеннен астам Күміс және Алтын алқа иегері перзенттерін аялап өсіріп жатыр.

Босағасына береке байланып, ошағына ырыс ұялаған ауылдың қотанына кіре бергеннен-ақ жұмыртқадай жұтынған ақшаңқан үйлердің маңынан, жол бойынан ұқыпты қолдың табын анық байқайсыз. Көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Үйлер тегіс ақталып, сырланған. Үйді айтасыз, мал қоралары да еңселі көрінді. Шағын бір отбасының игілігі емес, шаруасы шалқыған қожалықтың мал фермасы іспетті. Олар да ақшаңқан реңде.
Бірлігі бекем Бірлік селолық округіне Красная Поляна, Арбузенко, Петраковка елді мекендері енеді. Бір ғажабы, осы үш ауылда да ақсақалдар алқасының шешімімен ішімдікке тыйым салынған екен. Ойын-той, мереке күндері дейсіз бе, татып алмайды. Бұдан ұнжырғасы түскен ешкім жоқ. Қайта жұмыс деген қоғадай жапырылып жатыр. Мұнда 14 мың гектар жерге дәнді дақылдар себіледі, ауыл тұрғындары 2731 бас қара мал, 5300-ге жуық қой-ешкі, 500-ден астам жылқы бағып отыр. Тұрғындардың дені жоғарыда атап өткен ұжымдарда еңбек етеді. Жеке шаруасын айналдырып отырғандар да аз емес. Селолық округтің әкімі Ансар Ибаевтың айтуына қарағанда, әр отбасы 10-15-тен сауын сиыр ұстайды. Петраковка селосында сүт қабылдайтын орын ашылыпты. Әр күн сайын екі тоннадан астам өнім жиналады. Көкшетау қаласындағы сүт зауытына сүттің әр литрі 80 теңгеден қабылдануда. Тәп-тәуір табыс.
Мал төлін бордақылап, әрқайсысының тірідей салмағын 4 центнерден асырып барып тапсырады екен. Қара малдың еті Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда орындарына жеткізіледі. Жыл сайын округ тұрғындары 1000-1200 бас қара мал өткізетіндігі есеп білгенге еселі табыс.
Ауылдың еңселенуіне мемлекеттік бағдарламалар септігін тигізген. Соңғы үш жылда тұрғындар «Сыбаға», «Алтын асық», «Игілік» тәрізді бағдарламалар арқылы 346 миллион теңге қаражат тауыпты. Дінге берік, дәстүрге адал ауыл нанын адалынан тауып отыр. Жергілікті кәсіпкерлердің елге тигізген шарапаты да аз емес екен. Осындағы Магомед Абуев жетекшілік ететін «Первая мая» шаруашылығы 3140 гектар жерге бидай егеді. Бір қарағанда, соншалықты көп емес. Әйткенмен, ол ырыздықты бөлсең, ырысың артадының кісісі болып шықты. Табысты диқан өткен жылы ауылды абаттандыруға, жергілікті мектептерге көмек көрсетуге 26 миллион теңге бөлсе, биыл 40 миллион теңге қаражат шығарған. Арбузенко селосында балалардың шағын орталығын салды. Красная Поляна ауылында жас мамандарға арналған екі тұрғын үй бой көтерсе, 8 миллион теңгеге спорт алаңын салып беріпті. Қарттар айлығына орай ауылдың егде тұрғындарына 100 қап ұн таратқан. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің ағымдағы жөндеуіне қомақты қаражат бөлген. Он бес шақырымдық жолды жөндеген. Қыста жолды тазалаушылар да осылар. Қазіргі күні аумағы ат шаптырым спорт кешенін салып бітіруге жақын. Өзге шаруашылық нысандары да ауыл салтанатын арттырудан шет қалған емес.
Осы ретте, «Красная Поляна» ЖШС кеңсесі мен орта мектептің көрнекі орындарынан спорттық сайыстар мен саламатты өмір салтын ұстану бағытындағы жетістіктерді айқындайтын «Үлгілі ауыл» сертификатынан, Алғыс хаттардан, дипломдардан, грамоталардан, жеңімпаздық кубоктардан көз сүрінетіндігін бөлектеп айтқан лазым. Ауыл жастарын былай қойып, қарасақалдылардың өзін фитнесзалдан кездестірдік. Үлкен-кішінің ізетті сәлемінен көңілің өседі. Округ әкімінің айтуына қарағанда, ауылдан ешкім көшкен емес. Жұмыс бар, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған. Бұл ауылдарда бірде-бір неке бұзу болмаған екен. Шаңырақ көтерген жастар ыдыс-аяқ сылдырлай қалса, ақсақалдар алқасының билігіне жүгінеді. Хусейн Дадаев басқаратын ақсақалдар алқасы жарылғанды бүтіндеп, бөлінгенді біріктіріп, ынтымақты сүттей ұйытып отыр. Соңғы бес жылда 154 сәби дүниеге келіпті. Ауылда сексеннен астам Күміс және Алтын алқа иегерлері бар. Бір ғажабы, олардың ешқайсысы ананы сұрап, мынаны сұрап дегендей, ешкімге алақан жайып отырған жоқ.
–Ауыл тұрғындарымен кездесу өткізілген кезде ақсақалдар алқасы түсіндіріп айтты,–дейді округ әкімі Ансар Ибаев, –мен де тілім жеткенше әлеуметтік көмектің қыр-сырын жетелеріне құйғандай болдым. Сондықтан, көп балалы аналардың ешқайсысы ешқайда жалтақтап отырған жоқ. Өздері тіршілік қамын жасап, үй-ішінің шырайын келтіріп отыр. Ер жетіп, отау құрған балалары көмектеседі. Біздің халықтарымызда «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген ұлы қағида бар. Отбасы бақыты, әулет ұлағаты дегеніміз осы емес пе?! Негізінде, біз мемлекеттен не аламыз деп алаңдамай, қайта мемлекетке не береміз деген пиығылдың жетегіндеміз.
Әкімнің университеттен алған мамандығы тарихшы екен. Арғы-бергі оқиғаларды қолмен қойғандай жіктеп айтып отыр. Өз ұлтының тарихын да тым тәуір біледі. Қазақстаннан дәм бұйырған кездегі қиян-пұрыс жағдайды, жергілікті ұлттың бауырмалдығын жыр қылып айтады.
– Сол бір зұлмат жылдары шешен халқын кәдімгі мал таситын вагондарға салып жер аударған ғой, – дейді ол. Қыстың көзі қырауда көрмеген қорлық жоқ. Әрбір станцияға тоқтаған сайын өлген адамдарды серейтіп-серейтіп сүйреп тастайтынын қариялардан талай естідік. Жол бойы жартысынан көбі ажал тапқан. Қазақстанға аман жеткендерінің кеудесінде шығар-шықпас жаны бар. Жергілікті жұрттың да аузынан ақ май ағып отырмаған. Бұлар да қоңторғай, жүдеу. Әйтсе де, мейірім көп, қанағаты мол, жанашырлығы басым. Арып-ашып, жүдеп-жадап келген жат жұртты кеудесінен итермей, құшағына алған. Мына көрші ауылында жасы 86-ға келген әжей бар. Әлі күнге дейін сиыр сауады. Сауған сүтін күн сайын ауылдың балаларына, көрші-қолаңға таратады. Тегін. Былтыр аудан әкімдігінен келгендер мұның себебін сұраған. Сонда әжей «үлкен мағынадағы садақаға» депті. Қазақ халқы үшін, Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев үшін, пәле-жаладан аман болу үшін садақа таратамын. Өйткені, біз осы жердің игілігін көріп, түтін түтетіп отырмыз. Әр шешеннің отбасы бай-бақуатты тұрса, ол ең алдымен ел иесі мен жер иесіне қарыздар.
Бұл арғы аталардың, ажал құшқандардан аман қалғандардың аманаты екен. Әлгі әжей естелік айтқанда, етегің жасқа толады деседі. Он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә қыз әбден қарны ашқан соң даладағы қой-ешкінің арасына жасырынып барып, емшегін емген. Таңдайымда сол сүттің дәмі әлі тұр дейді екен, жарықтық.
Кейінгілер де бұрынғының сөзін далаға тастаған емес. Бұларда үлкеннің сөзі бұзылмас заң іспетті. Өз ұлтының дәстүрін әспеттеумен бірге, өздері тұрып жатқан аймақтың тарихын да зерделеуде. Қазақтың салт-дәстүрін әбден меңгерген. Жергілікті мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Ал, шешен тілі факультативтік деңгейде.
Бір ғажабы, ауыл аралап жүріп бір ит көрмедік. Бұралқы түгіл, байлаулысын да. Сөйтсек, бұл ауылда әлгінің «иіскеген жері харам» деп ит ұстамайды екен.
– Оны қайтеміз,–дейді ауыл тұрғындары,–бізде ұрлық жоқ. Бар дүниең есік алдында жатса да ешкім сұғанақтық танытпайды.
Мәселе ит ұстамауда емес, ұрлық атаулыны ауыздықтаудың бір амалы болса керек. Түпкі ойға тереңірек қарасақ дейміз. Іліп алып кететін үрдіс емес пе?
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар