Асылын ардақтаған ел озады

Есімі қазақ еліне кеңінен мәлім Чапай Әбутәліповтың мерейтойлық шарасы өзі тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақтаны

салтанатты жағдайда ашумен бастады. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов өз ой-толғанысын ортаға салды. Ескерткіш тақтаны ашу құрметі республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының орынбасары Көпбосын Бекмағамбетов пен көкшелік еңбек ардагері Мағауия Рақымбергеновке берілді.

Осы айтулы оқиға аясында өткізілген салтанатты шараларды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлегұл жүргізіп отырды. Көзі тірісінде елім деп еміреніп өткен көрнекті тұлғаның суреті бейнеленген ескерткіш тақта ендігі арада Чапай Мүтәлләпұлына көрсетілген жұртшылықтың шынайы құрметінің белгісіндей ұзақ жылдар бойы тұратыны анық.
Ескерткіш тақтаның ашылғанына марқайып қалған жұртшылық бұдан әрі өткізілген конференцияда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өз аузынан жақын арада Чапай Әбутәліповке Көкшетауда көше атауы берілетінін естіп, төбелері көкке жеткендей болды.
–Елге сіңірген өзге еңбегін айтпағанда, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және облыстық Кеңестің төрағасы, одан әрі Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Чапай Мүтәлләпұлының жұртшылық арасында зор құрметке бөленгені баршамызға белгілі. Туған елін жанындай сүйіп, өлшеусіз еңбек еткен ағамыздың өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Адал жолдан айнымаған Чапай аға еңбек жолын жас маман болудан бастап, үлкен қызметтерге көтерілді. Өмірінің соңына дейін халқына қалтқысыз қызмет етті. Бар ғұмырын ел дамуына арнап, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге, тәуелсіздікті нығайтуға үлкен үлес қосты. Сол себепті, Көкшетаудағы орталық көшелердің біріне Чапай Әбутәліповтың есімін беру туралы мәселені жақын күндері шешетін боламыз, – деді Ермек Маржықпаев.
Еселі еңбегі үшін Чапай Әбутәліпов ең жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. Қандай лауазымды қызметтерді атқарса да, кісілік келбетінен айнымаған, қашанда айналасындағы жандарға ағалық қамқорлығын, ізгілік шуағын шашқан тұлға жайлы конференцияда жақсы-жақсы пікірлер айтылды. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев тұғырлы тұлғаның өмір жолы туралы мазмұнды баяндама жасап, асыл қырларын көз алдымызға елес-
тете келе, облыстық ардагерлер кеңесін басқарған кезеңде қарттарға көрсеткен қамқорлығы жайлы баса айтты.
Осы шараға арнайы келген республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ақмолалық және көкшелік игі жақсылар туралы кеңінен толғап, солардың ішінде лайықты орын алатын Чапай Әбутәліповтың есімін ұрпақтар есінде қалдыру мақсатында жасап жатқан игі істері үшін облыс әкіміне шынайы ризашылығын жеткізді. Қазақстан Респуб-
ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев, Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов асыл ағамен бірге қызметтес болған кездерін, азаматтық болмыс-бітімін еске алды. Сенаторлар кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев Чапай Мүтәлләпұлы жайлы айтылып жатқан сөз, жасалып жатқан игілікті істердің бәрі де ол кісінің ғұмыры ілгері жалғасып жатқандығының айғағы екенін айтса, сонау Шымкенттен келген, институтта бірге оқыған курстас жолдасы Болатхан Ермекбаев сонау студенттік шақтарынан әсерлі естелігімен бөлісті. Қарт ақын Шәмшия Айтжанова жан-жүрегінен шыққан жыр жолдарын арнады. Конференция барысында айтулы тұлға жайлы бейнефильм көрсетіліп, аяулы жары Раиса Тасжанқызы мен балалары атынан ас беріліп, құран бағышталды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар