Ауылдағы мәдениет нысандарының ахуалы алаңдатады

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру

аясында мәдениет нысандарының жағдайын жақсартуға қатысты қандай жұмыстар қолға алынып жатқаны талқыланды.

Облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинскаяның төрайымдық етуімен өткен тұрақты комиссия отырысында Аршалы, Бұланды және Бурабай аудандарындағы мәдениет нысандарының жағдайы қаралды. Комиссия мүшелерінің аталмыш аудандарға жасаған сапары нәтижесінде анықталған бірқатар проблемалар жөнінде облыстық мәслихаттың депутаты Өмірбек Құрымбаев баяндап берді.
Оның айтуынша, аудандарда аталған бағыт бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мәдениет мекемелері жастарға патриоттық және эстетикалық тәрбие беру мақсатында жергілікті жерде фестивальдер, байқаулар ұйымдастырады. Атап айтсақ, Аршалы ауданының Сарыоба ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет «Қымыз – Ұлы даланың ұлы қазынасы» атты ауқымды шара өткізіліп, оған барлық ауылдардан 1200-ге жуық адам қатысқан.
Бұланды аудандық үлгілі кітапханасында «Рухани жаңғыру» залы ұйымдастырылып, мәдени-бұқаралық шаралар өткізілуде. Балуан Шолақтың мемориалдық кешені ауданның киелі нысаны ретінде республикалық тізілімге енгізілген.
Ал, Бурабай ауданында мәдениет саласындағы жұмыстар «Туған жер», «Латын әліпбиіне көшу», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Ауыл – ел бесігі» жобалары және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі бағыттары бойынша жүргізілуде.
–Ескерткіштердің жағдайын қадағалау мақсатында елді мекендерге рейдтер жүргізіледі. Бурабай ауданының төрт киелі нысаны «Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары» энциклопедиясына енгізілді. Олар: Абылайхан алаңы, Кенесары үңгірі, Абылай ханның қызыл ағашы мен Оқжетпес шыңы. Осы нысандардың барлығында QR-кодтар орналастырылған. Үстіміздегі жылдың қазан айында Тілдерді оқыту орталығында латын графикасын үйрететін курстар ашылды, – деген облыстық мәслихат депутаты сапар барысында өздері байқаған бірқатар проблемаларға да тоқталып өтті.
Мәселен, халық қалаулысы Аршалы ауданының орталығында тұрғындар мен жастардың бос уақыттарын өткізетін мәдениет үйінің жоқтығын алға тартты. Қазіргі жұмыс істеп тұрған клуб ғимаратын және осы ауданға қарасты Константиновск, Михайловск, Арнасайдағы ауыл клубтары мен мәдениет үйлерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін қосымша қаражат қажет. Аудан орталығында музей де, кітапхана да жоқ. Осы орайда, депутаттар мұндағы ескі мешіт ғимаратында облыстық өлкетану музейінің филиалын ашуға болады деп отыр. Ол үшін, әлбетте ауылға мамандар тартылуы қажет.
Сонымен қатар, Бурабай ауданында үш мәдениет нысаны апатты жағдайда тұрғаны, мұндай проблема облысымыздың басқа да елді мекендерінде бары айтылды. Тағы бір мәселе, ауылдық жерлерде мәдениет саласы мамандарының тапшылығы анық байқалады, мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы нашар, музыкалық аспаптар, дыбыс аппаратуралары жеткіліксіз, ауылдардағы кітапхана қорларының жаңа кітаптармен толықтырылмағанына бірнеше жыл өткен. Өкілетті билік органы ретінде мәдениет саласында қалыптасып қалған осындай түйткілді мәселелерді анықтап, шешу үшін аудандарға барғанында жергілікті жердегі сала мамандарының, мәдениет нысандарын көрсеткілері келмей, «сен тимесең, мен тиме» дегендей кейіп танытқандары, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы басшылығының облыстық мәслихаттың осыған орай жолдаған хаттарына жауап бермей, мәселелерді шешуге ынталы болмағаны, жағдайға немқұрайлы қарағаны таңқалдырады.
Осы ретте, халық қалаулылары облыстық басқарма басшысының міндетін атқарып жүрген Гүлмира Бекназароваға шара қолдану қажеттігін айтты. Мемлекеттік мекеме саналатын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасына өкілетті билік органының жолдаған хатының жауапсыз қалып жатқаны қынжылтарлық-ақ.
Ақпараттық технологиялар дамыған жиырма бірінші ғасырда Сандықтау, Атбасар аудандарындағы кітапханалар мен клубтарда телефон жүйелерінің жоқтығы, Ерейментау, Сандықтау, Атбасар, Шортанды, Астрахан, Жақсы аудандарындағы кітапханалар әлі де болса интернетке қосыла алмай отырғаны сынға алынды. Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста мәдениет саласында қолға алынған істер жайлы сөз алған басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова депутаттардың хатына жауап берілмеуінің себебін «адами факторда» деп түсіндірді. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Елена Мащинская тиісті мекеме басшылығына мәдениет саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге облыстық бюджеттен қаржы бөлуді қарастыру үшін сессия алдында нақты жайларды айқындауды, қолда бар жобалық-сметалық құжаттарды тездетіп тапсыруды ұсынды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар