Көкшетауда Мәуліт мерекесі тойланды

«Көкшетау» мәдениет сарайында Мәуліт айының құрметіне өткізілген имани шарада барша адамзатты өзінің шуақ нұрымен шомылдырған

Аллаһтың соңғы елшісі – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ізгілік пен мейірімділікке толы өнегелі келбеті жайлы сыр ақтарылып, ой қозғалды. Он сегіз мың ғаламның рақымы, шапағатшысы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері осы кештің негізгі арқауына айналды.

Рухани кеш қазаққа танымал айтыскер ақын Жәкен Омаровтың Мәуліт шәріпімен ашылып, пайғамбардың өнегеге толы ғұмырын толғана жырлады. Барша мұсылман жамағатқа Мүфтияттың діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Мәуліт мерекесі әртүрлі діни тәрбиелік мәні бар әндермен жалғасын тапты. Әлихан Дүйсенбаев, Аслан Мұхамедияров, Сәрсенбай Хасенов сынды әншілердің орындаған терме жырлары да көпті тәнті етті.
Бір сәт көрермен назарына Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының Мәңгүрт қойылымынан үзінді көрсетіліп, имансыз өмірдің адамды аздыратынын театр әртістері сомдаған бейнелерде көрініс тапты.
Науан хазірет мешітінің ел алдында жүрген тұлғаларды марапаттауы да өзінің талғамдылығымен есте қалды. Марапат алғандар қатарында елге танымал Мұрат Оспанов, Нұрлан Сәбитұлы сияқты тұлғалар бар. Ал, бұл сыяпаттарды жасауға Жабал Ерғалиев, Шияп Әлиев, Құдайберлі Мырзабек сынды зиялы қауым өкілдері сахнаға шақырылып, жақсылықтың жаршысы болар істің бірі болып есте қалды.
Мүфтияттан келген өкіл Бейбіт Мырзагелдиев және облыс имамы Қуаныш Сәбит Көкшетаудағы Құран жаттау орталығының директоры, қари бауырымыз Теміржан Мұратовқа демеушілер мен жамағаттың қаражатына сатылып алынған екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев ұсынған Ұмра қажылығына жолдама көрермен арасынан қазақтың бір қыз баласына бұйырды.
Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар