Тәуелсіздік – жастар жүрегінде

осындай тақырыпта жас ақын-жазушылардың республикалық форумы болып өтті

«Достар» мәдениет сарайында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова форумда құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді.

Жастардың шығармашылығын арттырып, талабы мол талантты ұл-қызға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған танымды шара барысында елімізге танымал ақын-жазушылар сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың болашағына бағдар болар ой толғамдарын ортаға салды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек жиынды өзі жүргізіп отырды.
Форум барысында қабырғалы қаламгерлер, жампоз журналистер, арынды ақындар кезек-кезегімен сөз алып, тереңінен толғап, түйдек-түйдегімен ақиық сөздің балақ бауын ағытты.
Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев форумда сөйлеген сөзінде қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші, елдің иесі жастар, сондай-ақ, өнердің басқа түрімен салыстырғанда сөз киесінің құдіреті зор екендігін баса айтты.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын-журналист Қорғанбек Аманжол «Көкшетау қаламгерлерінің шығармашылығы: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында жасаған баяндамасын жұртшылық жылы қабылдады.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы «Кеңес кезіндегі және қазіргі әдебиет: дәстүр және жаңашылдық» тақырыбын тарқатып айтып, өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, көршілес Қызылжардағы айтыс өнерінің дамуы туралы Ерік Асқаров атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық жас ақындар мектебінің директоры Жарқын Жұпархан айтып берді.
Форум соңында Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналған жас ақындар арасындағы өткен авторлық өлең-жобалары байқауы мен «Асыл мұра» отбасылық құндылықтар орталығы ұйымдастырған» әлеуметтік жоба аясында ұйымдастырылған бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар