Зейнетақы жинақтарының сақталуы мемлекет қамқорлығында

Салымшылар мен алушылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары инфляция себебінен ешқашан құнсызданып немесе жойылып кетпейді. Өйткені, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. Соған сәйкес болашақ қарияларды зейнетақымен қамту жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген.

Қорда зейнетақыға қаражат жинау бірнеше ондаған жылдарға созылатыны белгілі. Әрине, шоттағы жинақ ақша бекерге жатпайды. Әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, одан түскен табыстар салымшылардың шоттарына күн сайын есептеліп отырады. Бұл жерде олардың зейнетақы шоттарына бірдей мөлшерде үлестірілмейтіндігін айта кеткен жөн. Инвестициялық табыстың көлемі шотыңыздағы жинақ ақшаның сомасына, келіп түсіп жатқан жарналардың көлемі мен түсу жиілігіне тікелей байланысты.
Нарық жағдайында инвестициялық табыстар мен инфляция көлемі сан құбылып отырады. Міне, осыған байланысты «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Рес-публикасы Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта мемлекет зейнеткердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңінде болған инфляцияны есепке ала отырып, оның атына Қорға аударылған мiндеттi және мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Осылайша Қорда жинақ ақшасы бар адам зейнетақы алу құқығына ие болған кезде оның шотындағы қаражат осы шотқа енгізілген жарналардың сомасымен салыстырылып тексеріледі.
Бұл ретте оның зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріледі. Егер алушының Қордағы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасы төленбейді. Ал егер инфляциядан төмен болса, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация-сы мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады.
Бір жолғы өтемақы мөлшері әрбір салымшының зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне және шотындағы жинақтарының көлеміне қарай әрқалай болады.
Біржолғы айырма төлемін зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемді алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері алуға құқылы.
Бұл ретте зейнет жасына толған азаматтар 2018 жылдың қазан айында енгізілген Композиттік қызмет аясында мемлекеттік зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтінішпен тек «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының жергілікті бөлімшесіне (Халыққа қызмет көрсету орталығына) жүгінеді. Айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Айта кетелік, бұған дейін бұл азаматтар Қордағы жинақтарын алу үшін осы Қорға жүгінетін.
Ал Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар мен шетелге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін зейнетақы жинақтары есебінен төлем алу тәртібі өзгеріссіз қалды. Яғни, олар бұл үшін бұрынғыдай Қорға жүгінеді. Бірақ, мемлекеттік зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін әрине, Мемлекеттік корпорацияға өтініш береді.
Еске саламыз, зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады.
Салтанат БАКИРОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар