Қатерлі ісік ауруының алдын алу – өз қолымызда

«Емделушілердің барлығы «Мен қатерлі ісік ауруынан айықтым» деп айта алмайды. Халқымызда оны «жаман ауру» деп атайды.

Тіпті, отбасында біреу осы аурумен ауырған болса да, ол жайлы көп айта қоймайды. Ісік ауруы өлімге әкеп соқтыратынын, сонымен қатар оның созылмалы ауру екенін адамдардың көбісі біле бермейді», – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бас дәрігері Диляра Қайдарова.

Сұхбатымды неліктен еліміздің бас онкологының сөзінен бастап отырғанымды оқырмандарымыз бірден түсінеді деп ойлаймын. Бұл жаман ауру адамды ұлтына, жасына, я болмаса тұрғылықты жеріне қарап таңдамайды. Қара халықтың ортасынан шықсаңыз да, шылқыған бай болсаңыз да, қарапайым өмір заңдылықтарын сақтамасаңыз, қатерлі ісік ауруына шалдығуыңыз әбден мүмкін.
–Біздің солтүстік аймақ бұрыннан ауру көрсеткіші жоғары бестіктің қатарында, – дейді онкоқызметтің ақпараттық-сараптамалық бөлімінің үйлестірушісі Татьяна Зиновьева. –Егер республика бойынша көрсеткіштермен салыстыратын болсақ, бізде 1,3-1,5 есе жоғары. Мәселен, мемлекетіміз бойынша 190-197 болса, бізде 240-250 жағдайдың шамасында. Биыл тоғыз айдың ішінде 865 науқасты тіркеуге алдық. Бұл дегеніміз жылына қатерлі ісік ауруымен тіркелетіндердің саны бір мыңнан асады.
Өкінішке орай, соңғы жылдары әйелдердің арасында осы дертке шалдығу көрсеткіші басымырақ, 51 пайыз. Егер, жалпы құрылым бойынша алып қарайтын болсақ, яғни, ерлер арасында және әйелдер арасында, онда көп жылдардан бері қатерлі ісік ауруынан ерлердің көш бастап тұрғанын көреміз. Өкпенің қатерлі ісігі жиі тіркеледі. Әлбетте, бұған ерлердің салауатты өмір салтын ұстанбауы, ішімдік ішіп, темекі шегуі де себеп. Ал, әйелдер арасында ең көп кездесетіні – сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл ауру әйелдер арасындағы басқа да аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Жалпы аурулардың құрылымында екінші орында. Одан кейін асқазанның, өңештің қатерлі ісігі, колоректальді қатерлі ісік кетеді.
Жоғарыда аталған екі ауру бойынша скрининг жүргізілетіні белгілі. Бұл әйелдердегі сүт безінің қатерлі ісігі мен колоректальді (ішек ауруы) ісік ауруы бойынша диагностика. Өйткені, аталған ауруларды ерте анықтап, уақытында емдеуге болады. Есесіне, уақытында басталған ем сауығып кетуге, науқастың өмірін ұзартуға деген мүмкіндікті арттыра түседі. Біздің дәрігерлер көптеген ауруларды алғашқы кезеңінде анықтайды (шамамен 55 па-
йыз). Бұл уақытында емдеу динамикасына септігін тигізеді.
Міне, сондықтан дәрігерлер алдын алу шараларына баса мән беріп, скринингтер жүргізеді. Әлбетте, бұл орайда тұрғындардың ықыласы да аса маңызды. Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдап, дәрігерге уақытында қаралып отыруы керек. Біздің елімізде онкоауруларға медициналық көмек көрсету үш деңгейде жүргізіледі. Біріншісі – облыс, аудан орталықтарындағы емханаларда орналасқан қаралу кабинеттері. Біздің онкоорталық екінші деңгейге жатады. Өйткені, біз мұнда диагнос-
тикадан өткен және ауруы анықталған науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеміз. Бұл – химиятерапия, хирургиялық араласу және сәулелі терапия. Аталған ем түрлері бойынша біздегі стационарда жылына бес мыңға жуық науқас ем алады. Солардың үштен екісі әлсін-әлсін химиятерапия сеансын қабылдайды.
Ота жайлы айтатын болсақ, ол аурудың қаншалықты тарап кеткеніне, деңгейіне байланысты. Шұғыл араласу 20 пайыз жағдайда, яғни, ауру басқаша емдеуге келмегенде жүргізіледі. Күніне біздің хирургтар алдын ала жасалынған жоспар бойынша және науқастың диагнозына байланысты аса күрделі 5-6 ота жасайды. Және үшінші кезең, ол науқас бізге өте нашар халде, яғни, аурудың соңғы кезеңінде келген жағдайда. Біз оларды бірден Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жібереміз.
–Татьяна Николаевна, онкоорталық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген болар?
–Әлбетте, бізде ультрадыбыстық аппараттардың бәрі жақсы жұмыс істеп тұр. Ренген-кабинет, компьютерлік томограф бар. Бір сөзбен айтқанда, науқасты диаг-
ностикадан өткізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Науқасты толық тексерістен өткізіп, нәтижені қолымызға алғаннан кейін нақты бір диагноз қойылады. Мұның барлығы осы онкоорталықта жасалады.
– Онкоорталықтың жанынан салынып жатқан жаңа ғимарат жөнінде айтып өтсеңіз.
– Ол ғимарат жеке емхана болады. Әзірше, онкоемхана біздің ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Ол бір ауысымда 115 адамды қабылдай алады. Ал, жаңа емхана 150 адамға лайықталған. Ол да ең заманауи деген диагностикалық аппараттармен жабдықталады.
–Мұнда еңбек ететін медициналық қызметкерлер жайлы айтатын болсақ, олардың барлығы да Гиппократ антына берік, өз мамандығына жан-тәнімен берілген адамдар. Олар өте жауапты мекемеде еңбек ететіндерін жақсы түсінеді және өз қызметтерін адал атқаруға тырысады. Мәселен, хирург-онколог, бөлімше меңгерушісі, жоғары санатты хирург, осы салада жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Михаил Алексеевичтің, жоғары санатты хирург дәрігер, отыз жылдық еңбек өтілі бар Жанна Бекееваның, жоғары санатты анестезиолог дәрігер Галина Погрецкая мен бөлімше меңгерушісі Лилия Червенинованың есімдерін ерекше атап өткім келеді. Екінші санатты хирург дәрігер, торакальді бөлімше меңгерушісі Мәрлен Атамбаев пен хирург дәрігер Вячеслав Тонких та өз істерінің нағыз білгірлері, – дейді он сегіз жылдық еңбек өтілі бар психолог Галина Осинцева.
…Мемлекетімізде халық денсаулығына әркез көңіл бөлініп келеді. Алдағы үш жылда онкологиялық аурулармен күресу үшін Үкімет 30 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсауды көздеп отыр. Мамандардың соңғы зерттеулеріне сәйкес 40 мың қазақстандық онкологиялық аурулар бойынша есепте тұр. Бұл жаман ауру жыл санап жас талғамай барады. Қатерлі ісікке шалдыққан жастар көп. Ойналатын жағдай. Әрқайсымыз медициналық тексерістерден уақытында өтіп, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтансақ қана, аурудың алдын аламыз.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Фото автордікі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар