Кен орнындағы көшпелі мәжіліс

Мемлекеттік саясатты іске асыру – жергілікті билік органдары қызметінің басым бағыты саналады. Осы мақсатта, аудандық мәслихат депутаттары өз өкілтеттігі шеңберіндегі екі жарым жыл ішінде сайлаушылар аманаттарын толыққанды орындауға күш салып келеді. Бұл үшін депутаттар жұмыстың тиімді тәсілдерін таңдап, оңтайлы қолданатындығын айта кету керек.

Мәслихат депутаты – адамдардың билікке деген көзқарасын биіктете түсетін абыройлы азаматтар. Олар халықпен тығыз жұмыс жасаумен бірге, мемлекеттік органдармен, түрлі ұйымдармен байланыс жасап, халықтың мүддесін қорғау, өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуді мұрат санайды.
Халық қалаулыларының рөлі мен жауапкершіліктерін арттыруда тұрақты комиссиялардың көшпелі мәжілістері пәрменді құрал болып табылады. Бұл кездесулердің басты мақсаты – өңірлердегі істердің жай күйімен танысып, алға қойылған мақсаттар туралы түсінік жұмыстарын жүргізу және шешімін күткен өзекті жағдайлар туралы жоғары билік органдарының алдына мәселе қою.
Аудандық мәслихаттың аппараты мен депутаттар корпусы жұмыс жоспарларына сәйкес бір ай ішінде жемісті қызмет жасады. А.Бочковский басшылық жасайтын тұрақты комиссия мүшелері жуырда Заозерный селосында болып, денсаулық, білім, әлеуметтік салалар мен олардың жұмыстарымен танысты.
Заозерный селосы бұрынғы уран кен орны бар, тұрғындарының саны 10 мыңға жеткен жұмысшы поселкесі. Ол Целинный кен-химиялық комбинатының Степногорск қаласындағы кешенінің құрамына кіреді. Кезінде Мәскеуден тікелей қамтамасыз етіліп отырған. Өтпелі кезеңнің аласапыраны бұл селоны да есеңгіретіп тастағанын айту керек. Шахталары жабылып, инфрақұрылымы едәуір бұзылған. Тұрғындар жаппай көше бас-
тады. Әйткенмен, ел Тәуелсіздігі Біржан сал ауданының аграрлық-индустриялық бағыт ұстануына мүмкіндік туғызды. Осының нәтижесінде Заозерный кентінің тіршілігі де жақсарып келеді. Мұнда еліміздегі ірі цемент зауытының бірі жұмыс істеп тұр. Өзге де нысандар қатары көбейе бастады.
Халық қалаулылары бұл жолы өз жұмыстарын село әкімінің офисінен бас-тап, шағын орталық, мектеп, кітапхана және медициналық пунктте болып, олардың жұмыстарымен танысты. Депутаттар әлеуметтік нысандарда жұртшылықпен әңгімелесіп, олардың пікірлерін де назардан тыс қалдырмады. Жұмыс барысында аудандық мәслихаттың хатшысы С.Шәуенов, осы округ бойынша депутат С.Ақышев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Құлағнанова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Комиссия отырысының пленарлық бөлімі аудандық мәслихаттың хатшысы С.Шәуеновтің төрағалық етуімен өтті. Кездесуге аудандық мәслихаттың қызметкерлері, жергілікті қоғамдастық мүшелері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен село тұрғындары қатысты.
Депутаттар алдында өз жұмысы туралы село әкімі С.Жалмұқанов есеп берді. Мұнда тұрғындар бірнеше мәселелерді көтерді: оның ішінде жол мәселесі көбірек айтылды. Сонымен бірге, халықты қыс мезгіліндегі мектеп ғимаратының жылуы, медициналық пункттің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, медициналық қызметкерлерге сұраныстың артып отырғаны алаңдатады.
Бұған қоса, ауыл тұрғындарын тұтыну та-
уарларымен, жұмыспен, жекелеген пәтерлерде, мемлекеттік мекемелер офистерінде кәріз жүйелері және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Заозерный ауылы тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту проблемалары да ортаға салынды. Отырыс барысында көптеген сұрақтарға жауаптар беріліп, түсіндірілді.
Тұрақты комиссияның төрағасы А.Бочковский бұл елді мекенде тұрмыстық жағдайды жақсартып, халықтың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мәселелерін қолға алу қажеттігін қадап айтты.
Аудандық мәслихаттың хатшысы С.Шәуенов кездесуге белсене қатысқан ауыл тұрғындарына алғысын білдіре отырып, жоғарыда көтерілген мәселелердің барлығы аудан басшылығының қарауына ұсынылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол ауыл әкімі аппараты, жергілікті қоғамдастық бірлесе үйлесімді жұмыс атқарған уақытта селоның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтижелерге қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Депутаттар ауыл әкімі мен мәселелер бойынша қатысты қаралатын аудандық мекемелердің басшыларына, округтің әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, тұрмысы төмен азаматтарды әлеуметтік қорғаудың, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту, ведомстволық бағынысты мекемелердің материалдық – техникалық базасын нығайту, әдістемелік және практикалық көмек көрсету, кадрларды ауылда тұрақтандыру, анықталған кемшіліктерді жою мақсаттарын көздейтін ұсыныстар енгізді.
Депутаттар көшпелі мәжіліс соңында өткен жылы іске қосылған, жылына 2 миллион тонна цемент шығаратын, ірі құрылыс индустриясы жобаларының бірі болып табылатын «Көкше цемент» зауытында болды.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар