Тәуелсіздік табысы

“Балдәурен” – ұландардың ұмтылысын ұштайды

Биыл жұртымыз ел тәуелсіздігінің 28 жылдығын тойлауда. Осы жылдардағы білім саласындағы жетістіктердің бірі ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ғасыр тоғысында “Балдәурен” республикалық балалар сауықтыру лагерінің (РБСЛ) («Артек» Халықаралық балалар орталығының аналогы бойынша) құрылғанын айрықша атап айтқанымыз абзал.

2004 жылғы қаңтар айының 30-ынан бастап  «Балдәурен» республикалық оқу сауықтыру орталығы болып саналатын ұйымшыл ұжымның қалыптасқанына биыл 17 жыл. Бұл орталықта жас қазақстандықтар оқып,  демалады және сауықтырылады. Әрі педагогтар мен ұйымдастырушы ұстаздардың басшылығымен өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытады. Естеріңізге салсақ орталық «Астана»  шипажай-профилактикалық мекемесінің базасында (бұрынғы «Тың теміржолшысы» итальяндық «Еnі» компаниясының қаржылай қолдауымен итальяндық дизайнер және сәулетші Сальваторе Авведутоның эскиздік жобасы бойынша) қайта салынған болатын. 2002 жылғы желтоқсанның 14-і күні ресми түрде ашылған іргелі ұжымның алғашқы жетекшісі Серік Тәшенов болды. Дәл осы уақыттан бастап ТМД елдері мен Орталық Азия аймағындағы жалғыз балаларға арналған орталық болып есептелді. «Балдәурен»  «балдай тәтті кезең» дегенді білдіреді.

Орталыққа  келетін облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, спорттық жарыстардың, шығармашылық байқаулар жеңімпаздарының, оқу озаттарының жасы осы бақытты кезеңге сәйкес келеді. Жыл бойы жұмыс істейтін орталығымыз бір ауысымда 300-ге жуық баланы қабылдай алады. Жазғы уақытта ауысым ұзақтығы 15 күнді құраса, оқу жылы кезеңінде ауысым жиырма күнге созылады. Балалардың толыққанды демалуына мұнда барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Жабдықталған бөлмелер,  гидромассажды  кабина, бес мезгілдік кешенді тамақтану, алдын алу және сауықтыру шаралары, массаж, су процедуралары, емдік ванналар, сауналар, коктейльдер және тағы да басқа мол мүмкіндіктер бар. Интербелсенді тақталары қойылған мектеп кабинеттері, 20 000 дана кітап қоры бар заманауи кітапхана, әмбебап жабыны бар қысқы және жазғы спорт алаңдары, жаттығу, спорт және ойын залдары- балаларды жан-жақты дамытудың  маңызды құралы.

Орталық осы жылдарда мыңдаған қазақстандық балаларды, сондай-ақ алыс-жақын шетелдік қандастарымызды да бір-бірімен бауырластырып, достастырды. «Балдәурен» түрлі республикалық және халықаралық форумдарға қоса балғындар мен жастар және педагогтердің кездесулері ұйымдастырылатын тиімді орын ретінде де белгілі.

«Еуразия шеңбері» ІІІ Халықаралық жастар ақпараттық форумы, Қазақстанның балалар қоғамдық бірлестіктері мен ұйымдарының І Республикалық слеті, «Құрдастарға үндеу – 2030 жылға» капсуласы бар естелік белгісі ашылды. «Балалар ойнаймыз – біз ойнаймыз» («Зубренок» ҰБСЛ, Беларусь) халықаралық педагогикалық ойындар бағдарламасы байқауының үш рет  бас жүлдегері атанды. «Балалық шақтың ең үздік досы»  республикалық байқауында  жеңіске жетіп, «Мектептен тыс үздік білім беру ұйымы» мәртебесін иеленді. Оксфорд қаласындағы (Ұлыбритания) «European Quality» («Еуропалық сапа») халықаралық белгісімен марапатталғаны мақтаныш. «Балалар демалысын ұйымдастырушылардың қауымдастығы» халықаралық қоғамдық ұйымы мүшелерінің құрамына еніп, «Достастық» ұлттық балалар орталықтарының педагогикалық ұжымдарының (Ресей ББО, «Орленок») және көптеген басқа да халықаралық байқауында  топ жарған болатын.  Бұл биік белестерді бағындырудың аясында орталық басшыларының еңбегі ерен.

2007 жылғы тамыз айында орталықтың бас директорлығы лауазымына Мұхитдин Төлепбай тағайындалды. Мұхитдин Бекболатұлының  білімді де білікті педагог-психолог ретінде орталықтың ілгері дамуына зор үлес қосып, қазақстандық патриоттық академиясын ұйымдастыруға бастамашы болды. Оның түлектері — еліміздің әр аймағынан келген жеткіншектер. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірінен 2149 бала академияның құрамына қабылданып, жергілікті жерлерде жүйелі жұмыстарын жоспарлы жүргізуде.

М. Төлепбайдың ұсынысымен орталығымыз қанатын кеңге жайып,  еліміздің ең көркем жерлерінде филиалдар ашылды. Қапшағай су қоймасының жағалауы мен бүкіл түркі әлемінің атақты әулиелері шоғырланған Түркістан және ең үлкен Балқаш көліне жақын қоныстанған үш кешен халықтың игілігі үшін  қызмет көрсетуде.

– Біз орталықта осындай бірегей жүйе құрылғанын және мұнда жұмыс істейтін әрбір адам кездейсоқ емес, өз ісін сүйетін және балаларды сүйетіндігін мақтан тұтамыз, – деп әркез әріптестерінің ерен еңбегін жоғары бағалай білген білікті басшы Мұхитдин Бекболатұлының  басқа жұмысқа ауысуына байланысты орталықтың ұйымшыл ұжымы мемлекетшілдігі жоғары жанашыр тұлғаның келуін күтуде. Білім және ғылым министрлігінің “Ыбырай Алтынсарин”  төсбелгісімен марапатталған күні жігерлі жетекшісі ерекше құрметпен қимай шығарып салдық.

“Балдәурен” дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Алда талай жас өрен осы орталықта сауығып, жан-жақты жетілген тұлға ретінде дамуы үшін пайдалы іспен айналысатындығы және алаңсыз демалатындығы даусыз.

Мемлекетіміздің мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтап, перзенттеріміздің жүзінен шынайы қуаныш кетпеуін тілейміз!

Айнұр ЕРДЕНОВА, “Балдәурен” РОСО баспасөз хатшысы, Ақмола облысы, Бурабай ауданы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар