Көкшетаудағы салтанат

Көкшетауда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.

Салтанатты шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев еліміздің тәуелсіздігі және оның тарихы маңызы мен алдағы міндеттер жайлы баяндама жасады. Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени саласының дамуына қосқан зор үлестері үшін мемлекеттік наградаларға ие болған бір топ ақмолалықтарға сол марапаттарын тапсырды.

Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты шара алдында облыс басшысы өрт сөндіру бөлімшелеріне арнайы техника көліктерінің кілтін табыс етіп, мәдениет сарайының фойесінен орын тепкен «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» инновациялық жобалар көрмесін тамашалады.
Ал, салтанатты жиналыста егемен елдің көк байрағын асқан қошеметпен төрге шығарып, жүректі тербеген отансүйгіштік сезіммен тәуелсіз елдің Әнұранын орындаған көпшілік қауым облыс әкімінің құттықтау тілегіне құлақ түрді.
– Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ұлт тарихындағы, Қазақ елі шежіресіндегі ең ұлы күн, – дей келе, Ермек Маржықпаев егемендік жылдары еліміздің қол жеткен жетістіктеріне, соның ішінде облысымызда атқарылған игілікті істерге тоқталып өтті. Білім, экономика, әлеуметтік салаларда көптеген оң өзгерістер бар. Жаңа білім ошақтарын салудың арқасында үш ауысымдық мектептер мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Келер жылы шалғай ауылдарда орналасқан мектептерге бір мың компьютерлік техника сатып алынып, 13 роботехника кабинеті ашылады. Қазір жұмыс істеп тұрған 20 ресурстық орталық Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарты бойынша жабдықталады.
Сонымен қатар, 2021 жылы Көкшетау қаласында 800 орындық көпсалалы облыстық аурухана, мүгедектерге арналған оңалту орталығының және нефрологиялық орталықтың құрылысы басталады. Жоғары медициналық оқу орнын бітіріп келген 34 жас маманға облыстық бюджет есебінен 1 миллион теңгеден көтермеақы төленеді. 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық шаралары жүргізілуде. Алда осындай жауапты кезеңдер тұрғанын айтқан облыс әкімі барша ақмолалықтарды Тәуелсіздікті одан әрі баянды ету жолында бірлесіп еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ, мемлекеттік, қоғамдық және шығармашылық саладағы жемісті еңбегі үшін бірқатар жерлестерімізге Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жоғары мемлекеттік наградаларды және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі» марапатын табыс етті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандардың қатарында біздің әріптесіміз, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа да бар.
Бұл күні «Агрофирма Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Сауэрге «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Жемісті еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталса, «Жомарт жүрек» облыстық сыйлығының лауреаттарына дипломдар табыс етілді. Шара соңында жұртшылық Тәуелсіздік мерекесіне арналған концерттік бағдарламаны тамашалап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар