Ауыр дертпен күрестегі жігерлілік

Психиатриялық қызмет осы заманғы медицинаның ертеден көп айтыла қоймайтын жабық бір бағытына жатады. Мұндай ауруханалардың кілтке салуы есігінің ар жағында не болып, не қойып жатыр? Оны біз біле бермейміз. Алайда, «Психиатриялық аурухана» деген сөздің өзі сана-сезімімізді жай қалдырмай, бо-йымызда бір үрей тудыратыны жасырын емес. Рас, бүгінгі таңда бұл емдеу орындарын «Психикалық денсаулық» орталықтары деп атайды. Ал, енді олар адам бойындағы алаңдаушылық пен қауіп-қатерді, жүйкенің сыр беруін қалай аластайды, науқастың қалыпты ортаға оралуы үшін қалай күреседі, ол екінші бір мәселе.

Психикалық денсаулық қызметін реформалау елімізде үш жыл бұрын басталды. Ондағы басты идея – психикалық денсаулық тақырыбының айналасындағы проблемалық түйткілдерді еңсеру. Бұл үшін қоғамның осы бір өзекті тақырыпқа деген көзқарасын өзгерту керек. Психиатриялық және наркологиялық қызметтер мен мамандықтарды біріктіру осы орайдағы жаңа шара. Бүгінгі таңда Қазақстанда 1300 психиатр бар. Солай бола тұра, психиатр мен нарколог – екеуі екі басқа мамандық. Реформа басталғанға дейін наркологтар токсикологтарға тән детоксикациямен айналысқаны белгілі. Психиатрия саласындағы медперсонал біртіндеп өз дауысы жоқ дәрігердің көмекшісінен кеңейтілген құзыры бар, науқасты емдеу процесіне тереңірек тартылған маманға айналады.
Ақмола психикалық денсаулық орталығында психикалық жүйке ауруына ұшыраған азаматтарды стационардан тыс реабилитациядан өткізу әдісін табысты меңгеруде. Ендігі арада тілек білдірушілер еркін түрде амбулаториялық ем қабылдай алады. Бас дәрігер Камиль Сұлтанұлы Раскуловтың айтуынша, заманның өзі қоғамға бұрылуды қажет етіп отыр. Біздің пациенттеріміз кім? Өмірі айдан айға төрт қабырғаның ішінде ғана өтетін психохрониктер, белгілі бір дәрежеде соларға тәуелді олардың туыс-тары мен жақындары. Сот шешімімен мәжбүрлеп емдеуге жіберілген, тергеу амалдары шеңберінде психиатриялық сараптамадан өтетін адамдар да аз емес.
Облыс орталығынан отыз шақырым шалғай жатқан аурухананың күнделікті тірлігі турасын айтсақ, қиын да мазасыз. Соншалықты қалыпты деп айта алмайтын жағдайларда дәрігерлер мен медбикелердің, санитарлар мен шаруашылық қызметкерлерінің іс-қимылдары небір мазасыз қарекетке толы. Алайда, мұның өзі әлі көп жайдың бер жағы ғана.
–Жан жылуынсыз, ізгі әрекетсіз, науқастың жағдайына жете бой ұсынусыз біздің бірде-біреуіміз мұнда тұрақтай алмаймыз,–дейді әділ түрде облыстық психиатриялық аурухананы 2011 жылдан басқарып келе жатқан Камиль Раскулов. –Бақылау-өткізу пунктінен ішке өткен әрбір адам көп нәрсені көреді. Жақсы күтімге алынған аумақта өзінің кір жуатын орны, қазандығы, ас пісіретін блогы, әбден ұсқыны кеткен әкімшілік ғимараты, қайтадан жөнделген емдеу корпусы мен бөлімшесі бар тұтас қалашыққа қанығасыз. Біз айтқан емдеу корпусы мен бөлімшесінде күрделі жөндеу әлі де өзінің қызу қалпында. Бетоннан тұратын солғын қоршау аурухананың режимдік объект екенін еске салады. Айнала өлі тыныштық пен кең жазира. Шабылған шөп, сүрлеу жолдар, биік шырша мен қалың қарағайлар, ондаған жылдар бұрын отырғызылған ағаштар табиғатпен берік үйлесім тауып, тыныштық пен ұқыптылықтың табын аңғартады. Әсіресе, жандарынан мазасыздық кеткен адамдарға соншалықты бір қажетті аура. Беседкалар мен орындықтар, араларында сырғанағы бір бөлек көрінетін балалардың ойын алаңы, әдеттегіден тыс қолдан жасалған ойын атрибуттары, түрлі-түсті клумбалар. Любовь Рубежанскаяның үкіметтік емес ұйымының осы бір сыйлығы аурухананың балалар бөлімшесіне нақты көмектің тамаша бір үлгісі.
Рұқсат қағазымен мұнда қатаң. Оны өткізу пунктінен аласың. Дегенмен, науқастардың туған-туыстарына іс жүзінде тәуліктің кез-келген уақытында рұқсат етіледі. Тоқсан жылдық тарихы бар белгілі психиатриялық емдеу орнына туған-туыстарын, балаларын бір көруге жер-жерден, облыстың ең алыс түкпірлерінен келеді. Келушілерге кездесу бөлмесінің тығыз жабылатын есігі де, ту сыртынан естілетін кілттің қатты сыңғыры да бөгет бола алмайды. Неге десеңіз, мұнда тәртіп қатал.
Біздің жүйкеміз кейде саналы түрде басқа біреудің бақытсыздығы мен қайғысынан, олар тап бір жұғатындай, алшақ тұруға тырысады. Әлде бізге солай көріне ме екен?! Әртүрлі халықтарда психикалық тұрғыдан ауру адамдарға ежелден көзқарас басқаша болған. Оларды аяп, басқа бір қауіпті күштерден қорғап отырған. Психиатриялық ауруханаларды ойланбастан үстірт, санасыз түрде «басы істемейтіндердің ауруханасы» деп атайтын елдер жер бетінде сирек.
Әдетте туған-туыстары немесе психиатриялық бригада алып келетін науқастарды алғашқы бетте интенсивтік қадағалау палатасына орналастырады. Бастапқыда диагноз әлі түсініксіз болуы мүмкін. Ал, науқастың тәртібі тәулік бойы бақылауды қажет етеді. Заң бойынша егер әкелген адам айналасындағы басқа адамдарға қауіп төндірсе, оның қимыл-қозғалысын шектеуге болады. Ал, байлап, таңып тастау бірнеше сағаттарға ғана рұқсат етіледі.
Облыс орталығынан шалғайлық медперсонал мен пациенттердің өздері үшін де көптеген қиыншылықтарды тудырады. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, кешкі бестен кейін дәрігерлер мен медбикелер үйлеріне тарай бастайды, қалаға оларды аурухананың автобусы жеткізеді. Кіші медперсоналдың көбі селоның өзінде тұрады. Бұрынғы күйі жоқ, тоқыраған Алексеевкада басқа жұмыс таба алмайсың. Аурулардың жанында түні бойы кезекші санитарлар мен медбикелер және барлық он бөлімшеге бір ғана дәрігер қалады. Кезекшінің де, емдеуші дәрігердің де мұндайда жұмысы бастан асады. Пациенттің жай-күйін жазып шығудың өзі үлкен бір шаруа. Ол үшін психикалық ауытқулардың белгілері, науқастың әр кезеңдегі жағдайы қамтылған тұтас бір өмірбаяндық эссе толтыруға тура келеді. Емдеу процесінің оперативтілігі, кең қамтылуы да арақашықтыққа қарай, басқа да себептерге байланысты діттегендей болмай жатады. Мұндай науқастардың психикасы өте нәзік келетіндігі ешкімге құпия емес. Бұған олардың жалғыздығын, айналасымен байланысты үзіп алатынын, үйін, туыстарын ойлаумен дел-сал күй кешетінін де қосқан жөн. Біздің өзімізге мәлім тіршілік оларды жарқабаққа әкеліп тірейтіні тағы бар.
Кәсіби психиатр өз пациенттеріне қоғамның шетке ысырылған артық адамы деп қарамауы керек. Көпшілігіміз әдетте бұл туралы солай ойлаймыз. Ал, шын дәрігер оларды өз сырқатымен бетпе-бет келген, тағдырдың ауыртпалығын кешкен жандар ретінде сезініп, біле түседі. Бірде-бір дәрігер осы ауруханаға әкелінген науқастың сырқатын бірден дәл анықтай алмайды. Әйтеуір, маңдайға жазған соң, адамдар сонда жатады да қояды деген кейбір пікірлер де бұл арада дұрыс емес. Себебі, мұнда әр науқасқа жете мән береді, оның сырқатын жан-жақты зерделеп, қажетті препараттардың өзі мамандардың консилиумымен тағайындалады.
Стационардан кейін пациент учаскелік психиатрда есепте тұрып, әрі қарай ем алады. Әрине, мұндайда, егер пациент ауруханадан шыққаннан кейін өзіне белгіленген емдік шараларды орындамаса, жағдай қиын. Бас дәрігердің де бұл орайда өз айтары бар. «Стационар дегеніміз шұғыл көмек көрсететін орын. Біздің жағдайда әртүрлі жайлардың болуы мүмкін. Мәселен, кейбіреулер өзінің психикалық халіне байланысты көмек алғысы келеді. Бірақ, мұндайда стационарға жатқызып емдеудің қажеті болмай шығады. Мұндай сәттерде басқа көмек түрлерін көрсетеміз. Менің ойымша, жуырда наркопсихиатрияның бірегей желісіне біріктірілген ауруханаларды қайта бағдарлаудан басқа, амбулаторлық қызмет жүйесін де барынша кеңейтуіміз керек. Біздің пациенттеріміздің көбі негізгі ауруларынан басқа, созылмалы аурулардың да көптеген түрлерімен ауырады. Сондықтан, біз оларды санитарлармен және медбикелермен бірге тубдиспансер, онкология, гастроэнтерология, кардиология салалары бойынша дәрігерлерге қаралуға жібереміз. Мұның бәрі белгілі бір шығындарды, материалдық ресурстарды, уақытты қажет етеді» дейді Камиль Сұлтанұлы.
Жылдың жылы мезгілінде ауруханада науқастардың серуенге шығуына да рұқсат етіледі. Бірақ, жанында міндетті түрде санитарлар болуы керек. Алайда, солтүстіктің климат жағдайына байланысты қыстың ұзақ айларында олар таза ауасыз, күні-түні уақыттарын палаталарда өткізуге мәжбүр. Ауруханадағы күннен-күнге бірқалыпты сұр тіршілік те науқастардың жадау көңілдеріне кері әсер етері анық. Бір уақ оларды киіндіріп, далаға шығаруға да болар еді. Бірақ, осындайда керек жылы халаттар да жоқ.
–Тігін машинкаларын алуға тиіспіз. Сонда бұл проб-леманы өз күшімізбен шешетін боламыз,–деп ертеңгі күннен жақсылық тосады Камиль Сұлтанұлы.
Пациенттердің осылай төрт қабырғаға телміруі олардың психикасына да өте қауіпті. Сол үшін де бас дәрігер ауруханада еңбек терапиясын енгізу мәселесін көптен көтеріп келеді. Қол-аяқтың қимылы, азды-көпті жұмыс істеуге көңіл бөлінуі мұндағы ұзаққа созылатын емдеу процесіне де тиімділік әкелер еді. Психикалық жағдайы ептеп қалыпты деуге болатын, әлеуметтік байланысты үзбеген науқастарға өз-өзімен томаға-тұйық қалуға болмайды. Сондықтан, қазір Раздольное селосында жиһаз цехын ашу қарастырылуда.
Әлеуметтік қызмет мамандары мен клиника психологтарының жұмысында да кейбір проблемалар бар. Мұны тіпті жеке әңгіменің тақырыбы десе де болады. Клиникалық ауыр жағдайларда дәрі-дәрмек дозасының арттырылуынан қозғалыс координациясы бұзылып, науқастар әзер аяғын алып жүреді, шалынып құлай жаздайды. Сондай-ақ, нейролептиктердің қимылы да физикалық көңіл-күй үшін ізсіз өтпейді.
Рас, оң өзгерістер қуантпай қоймайды. Инженерлік желілер қайта жаңартылып, кір жуатын орынға жаңа құрал-жабдықтар алынған. Аурухананың екінші корпусы күрделі жөндеуден өткізілген. Алда үшінші корпус та дәл осылай қайта жаңартылмақшы. Көптен сөз болып келе жатқан көпірден аурухана корпустарына әкелетін жолдың бір бөлігі де жөнделіпті. Петропавл трассасынан даламен тура түсетін жол учаскесі құрылысының да жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқан көрінеді. Бұл жол пайдалануға берілсе, жедел жәрдем көліктері үшін екі аралық айтарлықтай қысқарады. Ендігі жоспарда – канализация жүйесін ауыстыру. Аурухананың су құбыры 1971 жылдан жұмыс істейді. Әбден тозып біткен. Ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасын таяу арада Зеренді ауданының бұрынғы әкімі шешпекші еді…
– Әзір бұл тұйықтан суды тасымалдап шығып отырмыз. Дегенмен, бізде науқастардың көбі төсекке таңылған. Мұндай жағдайларда оларға күтім көрсету қиындау түсуде,– дейді бас дәрігер. – Осы арада күтушілердің, санитарлар мен шаруашылық қызметіндегі жұмысшылардың, азық-түлік блогы, кір жуатын орын қызметкерлерінің еңбегін атап өтпей болмайды. Ұжымымыз жанқиярлықпен, адал жұмыс істеуде. Өз істеріне жан-тәнімен қарайды. Медперсоналмен осында айлап, тіпті жылдап жататын психикалық науқастардың ара қатынасы отбасылық-туыстық қатынастан кем емес дер едім. Қарамағымдағы қызметкерлерге мұндағы пациенттердің көбіне бізге болмаса, басқа ешкімге керегі жоғын жиі қайталаймын. Сол себепті де біздің жұмысымыз – ерекше жұмыс. Ол – осындағы науқастарға ауруларынан сауығатынына үміт отын жағу. Адамның азды-көпті өмірінде қайғы-қасірет, ауру-сырқау мен бейнет деген әркімнің де басына келеді. Алайда, оған тап болған адамның жан жүрегінен үміт, айналасына деген сүйіспеншілік, өмірге деген құштарлық сембеуі керек.
Ақмола облыстық психиатриялық денсаулық орталығында жоғарыда аңғартқанымыздай, оннан астам бөлімше мен психиатриялық денсаулық кабинеттері бар. Аурухана құрылымы міне, осындай. Алексеевкадағы стационар басшының өз алдына бір бөлек бас ауруы десек болады. Оған себеп, емдеу орнының облыс орталығынан айтарлықтай қашықтықта орналасуы және шешімі кезек күттірмейтін толып жатқан проблемалар жиынтығы. Мұнда өте бір ауыр, жаның ауыратын бөлімше бар. Ол – балалар бөлімшесі. Періштелер. Олар өз ағзасын есірткі немесе ащы сумен улаған емес, ешкімге титтей залал да келтірмеген. Бақытты балалық шақтың нағыз бал дәмін тататын жастарында аурухана төсегіне таңылған осынау кінәсіздерді көріп, жаның қан жылайды. Мұнда қолдарынан келгенше олардың қаяу көңілдерін қайғы-мұңнан арылтуға тырысады. Ол үшін балаларды ойнатып, интерактивтік тренингтер ойлап табады, кітап оқумен, танымдық хабарлар көрсетумен көңілдерін аулап, жиі-жиі ойын алаңдарына, таза ауаға алып шығады, ата-аналарға кешкілік өз ұл-қыздарын үйлеріне апаруларына мүмкіндік береді.
Осының бәрін маған ағынан жарылып жеткізіп жатқан Камиль Сұлтанұлы сөзінің соңында:
– Өз ұжымым маған ұнайды. Біреуін ерекше ауызға алып, екіншісін ренжіткім келмейді. Дегенмен, өзімнің әрқашан сенімді серігім болып келе жатқан орынбасарым Ғалия Мұхамедиярованы бөле-жара атар едім. Дәрігерлік парызына шексіз қызмет етудің нағыз ғажайып үлгісі. Тәжірибесінің жеткілікті екеніне қарамастан, өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлығын көрсеңіз. Ұдайы тынымсыз ізденісте Ғалия Өсербайқызының осыншама өз ісіне берілгендігі бүкіл ұжымды да жігерлендіріп, бір сәт босаңсуға мұрсат бермейді. Алексеевка стационары бойынша менің әріптестерімнің бәрі де өз мамандықтарына көп жылдар бойы төселген. Берік Қырымұлы Әбішев, Алма Қабдоллақызы Ысқақова, Назгүл Серікпайқызы Мешелова, Юлия Поповаларды науқастар мен олардың туған-туыстары адамгершіліктері, ізгіліктері мен мейірбандықтары үшін қатты сыйлайды. Біздің докторлар әрбір жылы сөзімен жанға дәт, бойға қуат береді. Мұны біздің жағдайда негізгі қаруымыз десек те болады. Бір ауыз жылы сөздің, оң қас-қабақтың өзі неге тұратынын күнделікті өмірде кейде ұмыта береміз. Ал, біздегідей ауруханада осы қасиеттер іске қосылса, тәңірім бізге төзім, жылылық, біреудің ауырған, қапаланған жанын ұғардай түсіністік берсе, мұның өзі үлкен іс,–дейді.
Иә, бас дәрігердің осы ұмтылысы бастарына жазған ауыр мехнат, шерлі дертпен бетпе-бет келген мұғдар жандардың жағдайын жеңілдете түссе екен!..

Әлия АХЕТОВА.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар