Ұлы Отан соғысы батырларының бірі

Өткен жылы Атбасар аудандық «Простор» газетінде жарияланған «Награда не нашла героя» деген мақаланы оқып, ойланып-толғана келе, «Арқа ажары» газеті арқылы мен де өз пікірімді білдірейін деп шештім.

Қожамсейіт Шаяхметов ақсақал ауылдағы үлкендердің айтуы бойынша біздің Алғабас ауылында туған. Қожамсейіт жастайынан әке-шешесінен ерте айырылып, аталас ағайыны Ізтөле баласы Тойшыбай ақсақалдың бауырында өскен. Кешегі ел басына күн туған заманда, Ұлы Отан соғысына өз еркімен сұранып, 1942 жылы майданға аттанады. Дайындап оқыту полкына түскен ол майданның алдыңғы шептерінде болып, алғашқы ұрыста-ақ өзінің батыл, ержүрек жауынгер екенін көрсете білді. Сталинград, Дон майдандары құрамында соғысқа қатысып, 1942 жылы «Казачий курган» асуында болған шайқаста «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады Батальон командирі Х.Мустафаев наградаға ұсыну қағазында «жауынгер В.Шаяхметов жолдас 1942 жылдың 19 желтоқсан күні бірінші рота қарамағында болды. Қарша борап тұрған жаудың оғына қарамастан, рота командирінің бұйрығын тиянақты орындады. Шаяхметов жолдас жаудың оқ жаудырып тұрған нүктелерін дәл анықтап, КВ №525 танкісімен дұшпанның оқ-дәрі қоймасын құртып жіберуге ықпалын тигізді» деп жазады.
Осы қақтығыста жараланып, госпитальда емделген соң, қайтадан қатарға қосылған гвардия сержанты Қожамсейіт Шаяхметов 5726 Ново-Бугский, Суворов және Б.Хмельницкий атындағы атқыштар дивизиялары құрамында шайқастарға қатысып, Беларусия, Украина жерлерін жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Әскери Қызыл Ту» ордендерімен марапатталады.
Глувачув мекеніндегі фашистердің қорғанысында 1945 жылдың 14 қаңтарында аға сержант Шаяхметов Қожамсейіт қайсарлығы мен ерлігін тағы да көрсете білді. Оның бұйрығымен басшылыққа алынған тапсырма бойынша бөлімше жаудың қосалқы қарулар мен пулеметтен оқ жаудырған екі нүктесін істен шығарды. Содан кейін жаудың дзот нүктесін үш снарядпен күлін көкке ұшырды. Дұшпанның қарша боратқан оғына қарамастан, тура дәлдікпен шегінген жау әскерінің 20 шақтысын бір өзі сұлатып тастады. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін гвардия аға сержанты екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
1945 жылдың 20 қаңтарында 64 ОНПТД командирі, гвардия майоры В.Новиков «1945 жылдың 28 қаңтарында гвардиялық 57-ші дивизияның жауынгерлері 1-ші Белорусь майданынан Германия шекарасына кірді 1945 жылдың сәуір айында Жеңіс күнінің жақындағанын біздің жауынгерлер айқын сезіне бастады. Совет өкіметінің әскерлерін жаудың ешқандай күші тоқтата алмайтынына бәрі сенімді еді» деп жазады. Міне, біздің Қарулы Күштеріміз Шпрее өзеніне жақындап келіп қалған Берлин қаласы үшін болған осы жойқын шабуылда жерлесіміз тағы да асқан ерлік көрсетті. Осыған орай мақтау қағазында «Шпрее өзенінен өту барысында 1945 жылдың 23 сәуір күні гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов ептілігімен және асқан ерлігімен тағы да өзінің батыр екендігін дәлелдеді. Өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, жау оғына қарсы қолда бар қару-жарақтың көмегімен «Отан үшін!», «Сталин үшін!» деп ұрандатып, Шпрее өзенінің арғы бетіне қару-жарақты және жаяу әскерді өткізуде дұшпандардың үрейін ұшырды. Берлин қаласының Нейкельн ауданында гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов қаруларын 100-70 метр қашықтықта орналастырып, дәл көздеп, дұшпанның үйлерге орналасқан жаяу әскерлерінің пулеметшілерін, фаустниктерін атып, жер жастандырды. Берлин қаласының маңайында, көшелерінде болған ұрыста ол басқаратын бөлімше өз қаруларымен дұшпанның үш танкісін, өздігінен жүретін екі техникасын, төрт бронетранспортын, әскери жүк тиелген он автомашинасын, қырыққа жуық фаустниктерді, ПТО 5 құрылғысын жойып, 170 дұшпанды жер жастандырған. Жеке өзі 21 жау әскерінің көзін құртып, оның ішінде екі капитанды тірідей ұстап, әкеп тапсырған. Шаяхметов Қожамсейіт Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. 1945 жылдың 6 мамыры, 64-ші гвардиялық ОНПТД гвардия майоры А.Сафонов»,–деп жазылған.
Осындай маңызды құжаттарды батырдың ұрпақтары Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен тауып алған. Мен бұл мақаланы сіздерге аудандық «Простор» газетіне шыққан былтырғы мақаланы пайдаланып жазып отырмын. Өйткені, мынадай батыр атамызды «ел білсін» деп шыдай алар емеспін.
Айтайын дегенім, батыр ауылында тұрған біздің бәріміз бала кезімізден осы Қожамсейіт Шаяхметов атамызға «Батыр» атағын беру туралы бұйрық шыққанын біліп өстік. Осы орайда, бала кезімізде үлкендерден естіген әңгімені баяндап берейін деп отырмын.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Батыр атамыз Тойшыбай ақсақалдың қолында тұрып, ауылдағы көктемгі егіс науқанына қатысады.Егіс науқаны аяқталған соң, шамалап артық бидай қалған екен. Сол бидайды жұмыс басындағы еңбеккерлерге теңдей бөліп алуға бригадирлері өзі рұқсат берген. Естуімізше, соғыс уақытында біздің ауылда депортацияланған немістер және шешен ұлтының өкілдері тұрған екен. Сол ұлт өкілдерін сыртынан бақылап жүретін НКВД-ның тыңшысы осы ауылдың өзінен болып шығады. Ол қандай жағдайда, қалай хабарлағанын білмейміз, бірақ, «бидай ұрлаған» –деген бәле жабылып, «Кеңес Одағының Батыры» атағы сол себепті Қожамсейіт атамызға берілмей қалады.
Әңгіменің тоқетері, ел басына күн туып, мемлекетімізге қауіп төніп тұрған қантөгіс соғыста асқан ерлік көрсеткен бұл кісіні ауылдастары әлі күнге дейін «осындай Батыр атамыз болған» деп ерекше мақтан тұтады. Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне атамыздың «Кеңес Одағының Батыры» атағын ұрпақтарына қайтарып беру жөнінде хат жаздым. Бірақ, өкінішке орай, әлі ләм деген жауап жоқ…

Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар