Өңіраралық форумға дайындық шаралары пысықталды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте өткен жиналыста 2020 жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі XVII өңіраралық форумына дайындық шараларын пысықтап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Екі ел басшыларының қатысуымен келер жылы облыс орталығында өткелі жатқан бұл ауқымды шара аясында Көкшетауда бірқатар жобалар қолға алынғалы отыр. Олардың біразы қазірден бастап жүзеге асырылуда. Мұндағы ең басты мақсат өңіраралық форум шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты қаламыздың инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңартып, жолдарды жөндеуге барынша ұтымды пайдалану. Жиналыста осы мәселелерді баса айтқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңіраралық форумға дайындалу және өткізудің іс-шаралар жоспарын пысықтап, жауапты мекеме басшыларынан нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
Алда Көкшетаудағы әуежай қонақ үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, әуежайдың маңын көгалдандыру, ұшақтарды, қаладағы ескі көпқабатты үйлердің сыртын қалпына келтіру, республикалық маңызы бар жолдарды, теміржол вокзалын жөндеуден өткізу секілді бірқатар міндеттер тұр. Форумның ең басты нысаны болатын «Болашақ» сарайының құрылыс жұмыстары туралы Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов айтып берді. Ол екі блогтан тұратын ғимараттың бір корпусының бірінші қабаты жаңа жылға дейін аяқталатынын жеткізді.
Форумның негізі тақырыбы экология саласындағы ынтымақтастық жөнінде болғандықтан, дайындық шаралары тікелей Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісе отырып жүзеге асырылады.
–Үкімет тарапынан Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өңіраралық форумды келер жылдың қыркүйек айында өткізу туралы ұсыныс түсті. Бұл дегеніміз, форумға дайындалуға уақыт тым шектеулі. Қаңтар айының басында Премьер-Министрдің төрағалығымен өтетін жиналыста дайындық шаралары жөнінде нақты баяндауымыз қажет. Форум аясында қалаға 2 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде. Олардың барлығын асқан қонақжайлылықпен қарсы алып, әрқайсысын еліміз, тұрып жатқан қаламыз жайлы жақсы әсерде қалдыруымыз керек, – дей келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев пәтерлер бюросын, қонақ үйлерді түгендеуді, тұрғындардың дайындық шараларының бір жағынан шығысуы үшін оларға форумның маңыздылығын кеңінен насихаттауды, қала көшелері мен аулаларды қалпына келтіруді тапсырды. Әлеуметтік нысандар, мектептер мен медициналық мекемелердің сырты шараға дейін қалпына келтіріліп, мемлекеттік мекеме ғимараттарында еліміздің көк байрағы дұрыс орналастырылуы тиіс.
Форум аясында меймандарға концерттік бағдарламалар, көрме, спектакльдер көрсету жоспарлануда. Осы орайда, облыс әкімі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасына, өз орынбасарларына және бірқатар ведомство басшыларына іс-шаралар жоспарын нақтылау жөнінде маңызды міндеттер жүктеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар