Ұйымшыл ұжым, табысты кәсіпорын ұзақ мерзімді мүдделер межесінен көрінуде

Өмірдің өзі көтерген «Тек қана алға!» ұранының қуаттылығына қайран қаласың. Ол бұрын-соңды болмаған өзгерістерге бастады. Мұндайда әрі-сәрі күй кешуге де уақыт болмай қалғандай. Мың бір мысал Көкшетаудағы «Тыныс» акционерлік қоғамының тынымсыз тіршілігінен анық байқалады. Одан да тереңірек айтсақ, Мемлекет басшысының индустриялдық революцияға қатысты тапсырмалары құдды осы ұжымда жүзеге асып жатқандай жылы әсер баурайды. Осы орайда кәсіпорынның тағылымды тарихына аз-кем көз жүгірткен де дұрыс сияқты. Көкшетау мен қала тұрғындары тағдырында айрықша орны бар «Оттегімен тыныс алу аппаратуралары» зауытын салу жөнінде КСРО министрлер кеңесінің қаулысы 1953 жылы қабылданғанымен, оның құрылысы 1959 жылы аяқталған еді.

Сол жылы құрылыс ұйымдары мен кеніштерге 400 вагонетка жөнелтілген болатын. Бірақ, бұл зауыттың негізгі өнімі емес еді. Келесі жылы түпкі мақсат жолындағы медициналық жабдықтар шығарыла бас-тады. Ал, 1964 жылы мұнай-газ өндірісі үшін редукторлар, «КБ-1» клапандары, жоғары қысымға шыдас беретін тетіктер дайындау игерілді. Тіпті, балалар ойыншықтары да зауыт белгісімен дайындалып жатты.
Зауыт 70-80 жылдары медициналық жабдықтарға қатысты жұмыстарды жандандырып, қолдан тыныс алдыру аппаратураларының жетілдірілген түрлерін көптеп шығара бастады. Халықаралық стандарттардағы бұл өнімдер социалистік елдердің емдеу-профилактикалық мекемелеріне, КСРО Қарулы Күштеріне жөнелтіліп тұрды. Мұнда жыл сайын 16 миллиард теңгенің өнімі шығарылатын. Осы жылдары 612 адам орден, медальдармен марапатталды. Бұлардың қатарында КСРО мемлекеттік сыйлығын алғандар да бар. Кәсіпорын көппәтерлі 15 тұрғын үй, 360 орындық жатақхана мен екі балалар бақшасын, басқа да әлеуметтік нысандарды пайдалануға берді. Әйткенмен, қайта құру құйындары осыншама алып кәсіпорынды мүлдем тәлтіректетіп тастағаны да көз алдымызда.
Тәуелсіз мемлекетіміздің өтпелі кезеңдегі табанды саясаты «Тыныс» атауын алған зауыттың шын мәніндегі тынысын ашты. Кәсіпорында 1996-2000 жылдары конверсиялық шаралар жүргізіліп, өндірістік бағыт өзгертілді. Халық шаруашылығына таразылар, есік құлыптары, өрт сөндіру құралдары, ыстық және суық су есептегіштер, газ монометрлері, ауыл шаруашылығы үшін жылжымалы минералды тыңайтқыш шашқыштар және басқа бұйымдар шығару қолға алынды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында «Тыныс» акционерлік қоғамы 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясының құрамына енді. Бұл кәсіпорынның қайта түлеп, өрге басуындағы ұтымды қадам болды. Белгісіз мерзімге демалысқа жіберілген білікті маман-жұмысшылардың жүзінде жалын ойнады.
Зауыт ғаламат серпіліс құшағында еді. Араға бір жыл салып, яғни, 2004 жылы акционерлік қоғамға халықаралық «TUY CERT» компаниясының сапа менеджменті жүйесіндегі «ISO 9001:2000» сертификаты тапсырылды. Бұл сол кездегі үлкен жетістік болатын. Қазіргі уақытта заманалық кәсіпорын қатарындағы «Тыныс» АҚ республикамыздың экономикалық өміріне белсене қатысушы ретінде әйгілі. Көкше зауыты бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Казатомпром», «Қазақтелеком», «Казтрансойл», «Казтрансгаз», «KEGOK» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін жеткізеді. Сондай-ақ, «Улан-Уде авиация зауыты», «Қазан тікұшақ зауыты» және «МИГ» ашық акционерлік қоғамдарымен әріптестік байланыс нығайып келеді. Жалпы, мұндағы экспорттық әлеует зауыт шығаратын өнімдердің тең жартысын құрайтынын білген жөн.
«Тыныс» тауар өндіру көрсеткіштерін сатылап өсіріп келеді. Бас директор Қайрат Қалманбаев жетістік сырын өндірісті инновациялық технология жетегінде жаңғыртумен байланыстырады. Қажырлы еңбек ескерусіз қалмай, кәсіпорын 2005 жылдың қорытындысымен республика Үкіметінің «Сапа саласындағы табыстары үшін» сыйлығын иемденді.
Акционерлік қоғамның басты бағыты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өндірісті қуаттандыру мен жоғары сұраныстағы өнім түрлерін молайтуды көздейді. Игі қадам 2005 жылы қолға алынып, «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде диаметрі 10-нан 250 миллиметрді қамтитын полиэтилен құбырлары шығарыла бастады. Аталған өнім республикамыздың газ шаруашылығында да кеңінен қолданылуда. Германияның «Krauss Maffei» компаниясының жабдықтары орнатылған желіні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың іске қосуы зауыт өміріндегі елеулі оқиға саналады.
Сондай-ақ, «Тыныс» цехтарында салааралық және өңіраралық экономикалық интеграция талаптарына сай өрт сөндіру құралдарының жетілдірілген алты түрі, теміржолшылар игілігіндегі 55 атаулы өнім мен авиация саласына қажетті 16 түрлі жабдықты дайындау іске асырылды. Зауыт 2007 жылдан Көкшетауда құрастырыла бастаған «КамАЗ» жүк автомобильдеріне қажетті жергілікті тетіктерді шығару тізбесін көбейтіп отыр. Медицина саласында өкпені оттегімен тыныс алдыруды қамтамасыз ететін жаңа «Көкшетау-4П», «АДРМ» аппараттары жасалып, сынақтан ойдағыдай өтті және ол республикамыздың емдеу-сауықтыру орындары мен Қарулы Күштерінде қолданылуда.
«Тыныс» акционерлік қоғамының ұзақ мерзімді Стратегиясы» нақты жоспарларға негізделіп, инвестициялық жобаларға тартымдылығымен тұжырымдалған. Мұнда 2010 жылы «Диаметрі 560-1000 миллиметрлік полиэтилен құбырлары өндірісі» аталатын бірінші жоба іске асырылды. «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында алғашында екінші деңгейдегі банкінің 16,5 пайыздық несие қаражаты жұмылдырылған болатын. Кейін пайыздық үстеме «Даму-Өндірістің» қайта қаржыландыруы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қолдауы және мемлекеттік қаражаттар есебінен айтақаларлықтай төмендеді.
Келесі, «2012-2017 жылдар аралығында газдандыру моделі бойынша құю өндірісін игеру» жобасы да мемлекеттің қолдауымен ойдағыдай жүзеге асып келеді. Мұнда да «Даму-Өндірістің» алғашқы кезеңдегі 12,25 пайыздық несие үстемесі 8 пайызға дейін төмендегенін өндірістің тұрақты да сенімді жолға қойылғанымен байланыстыруымыз керек.
Бұрнағы жылдың қаңтарында «Бронды жилеттер өндірісі» инвестициялық жобасы өнім бере бастады. Қызметтің жаңа бағыттарына және өндірісті әртараптандыруға бағытталған жобаның құны 1247138 мың теңгені құрайды. Ұмтылыс көп ұзамай тұтынушылар назарын аударды. Зауыт келісім шарт негізінде ҚР Қорғаныс министрлігіне алғашқы 2000 дана бронды жилеттерді жеткізді. Осы орайда, аталған келісім шарт бойынша 10000 дана өнім да-йындау қажеттігін ескерсек, жобаға жұмсалған қаржы мерзімінен бұрын өтелетіндігін аңғаруға болады.
«Тыныс» АҚ басшылығы биылғы жылдың жос-парында «Маталық емес (геотекстиль) материалдар өндірісі» инвестициялық жобасын іске асыру қамында екен. «Қазақстан-Инжиниринг» Ұлттық компаниясы жобаны пайыссыз несиемен қаржыландыру туралы шешім қабылдауы зауыт абыройын көтере түседі. Бұған қосымша, биыл ультра дыбыстық есептегіштердің, манометрлердің, резина-техникалық бұйымдардың жетілдірілген түрлерін кеңейту бағытында мақсатты жұмыстар атқарылмақ.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз» деп атап көрсетті. «Тыныс» дәл осы ағымдағы кәсіпорын екендігін айғақтап отыр. Мұндай міндет ең алдымен экономикалық әлеуеттің артуымен жүзеге асырылады. Ұжым 2017 жылы 7394847 мың теңгенің өнімін шығарса, былтыр бұл көрсеткіш 9573665 мың теңгені құрады. Ал, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында 2318632 мың теңгенің өнімін айналысқа шығарудан кіріс жоспары 118 пайызға орындалды. Бұл орайда зауыт арнайы жабдықтар, авиация өнімдері, полиэтилен құбырларын шығару және сервистік қызмет көрсетуде екпінді жұмыс атқарғанын атап өту лазым. Мұның өзі зауыттың әлеуметтік саясаттағы өнегелі қадамдарына жол ашатыны анық.
Қазір ұжымда 700 адам жұмыс істесе, оның үштен бірі 30 жасқа дейінгі азаматтар. Бұл өзіндік ерекшелігі бар кәсіпорынның кадрлық құрамының тұрақтылығын айқындайды. Соған қарамастан, өркендеу бағытындағы зауытта білікті конструкторларға, электроншыларға, күрделі электромеханикалық жабдықтарды пайдаланушы және қызмет көрсетуші мамандарға сұраныс өсе түсуде. «Тыныста» жаңа қабылданған жұмысшыларды теориялық және өндірістік учаскелерде оқытуға 136 сағаттық уақыт бөлініп, қатаң сынақ алынады. Сондай-ақ, «Ұстаздық», «Тәжірибеден өту» жүйесі енгізілген. Инвестициялық жобалардың іске асырылуына байланысты 20 маман Польша мен Ресейде, 70 кісі Қазақстанның әртүрлі оқу орындарында білімін жетілдіріп, қайта даярлықтан өтіпті. Кәсіпорында Көкшетау мемлекеттік университетінің «Инженерлік технология және көлік» кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Мұндағы мақсат кадр тәрбиесінде тәжірибе теориядан озық жүруі керек деген қағиданы басшылыққа алу деп есептейміз. Жастардың кәсіби, әлеуметтік-мәдени және рухани дамуына септік жасау мақсатында «Жас Тыныс» қоғамдық бірлестігі құрылғаны да құптарлық.
Жұмыс беруші мен ұжым арасындағы Келісім шарт негізінде әлеуметтік қолдау шараларының ауқымы біршама кеңейтілген. Мәселен, бала күтіміне байланысты демалыстағы ана 3 жыл бойы еңбекақымен қамтамасыз етіледі, сәбилі болған отбасына 100 мың теңгелік «бауы берік болсын» байланады екен. Бұған қоса, зауыт жұмысшыларына оннан астам бағытта қаржылай қолдау қарастырылған. Акционерлік қоғамда «Қазақстан – менің мақтанышым!», «Ұлттық дәстүрлер», «Жігіт сұлтаны», «Күлкі алаңы», «Мамандығы бойынша озат», «Үлгілі цех, бөлім» байқауларын өткізу дәстүрге айналған. Бұл шаралар жыл санап жаңа мазмұнмен жандана беретінін білдік.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар