Қосағалы батыр туралы не білеміз?..

Тоқтаусыз жылжып жатқан тарих толқынының кезекті кезеңінде тұрған ұрпақтың, яғни, біздің, болашақ алдында арқалар жүгіміз қомақты екені сөзсіз. Бізден бұрын өткен ұрпақтар өздерінің жасампаздығы мен батырлығы арқасында бізге мол тарихи мұра, ұлан-ғайыр бай өлкені қалдырып кетті. Ендігі кезек осы қазынаны шашау шығармай келешекке жеткізу, іргесі бекіп келе жатқан мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды қылып, ұрпағымыздың шығар белесінің биік болуын қамтамасыз ету. Алдымызда жаһандық ғаламдану заманында өз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, өткен заманмен сабақтастықты үзбей, атамекен алдындағы жауапкершілігімізді арттырып, рухы мықты ел екенімізді дәлелдеу міндеті тұр.

Осы бағытта ел аузында аты аңызға айналған тұлғаларды дәріптеп, ел жадында жаңғырту маңызды шаралардың бірі болып саналады. Сонау көне дәуірді айтпағанда, қазақ өз алдына хандық құрған заманнан бастасақ та, ұлтымыздың мақтанышына айналған ұл-қыздары жеткілікті. Солардың бірі ретінде Көкше мен Қызылжар өңірінде ежелден Қосағалы батыр аты ерекше құрметпен аталып келеді. Қосағалы туралы алғаш рет батырдың Т.Қасымбаев деген ұрпағы 1973 жылдың 13 қарашасында «За коммунизм» газетінде жазған екен. Еліміз тәуелсіздік алып, тарихымызды қайта жаңғырта бастаған сәттен бастап баспа бетінде атамыз туралы деректер молырақ жазыла бастады. Зерттеушілер халқын жау-
дан қорғаған батыр тұлғасына құрметпен қарап, ауқымды естеліктер жазды, жыр шумақтарын арнады.
Қосағалы батыр туралы Тортай Сәдуақасовтың 2003 жылы шыққан «Ел мен жер» атты көлемді кітабындағы Қарауыл руының шежіресінде былай деп көрсетілген: «Қарауылдан – Мәшек, Мәшектен – Есенбай, Есенбайдан – Әлмәмбет, Әлмәмбеттен – Жақсылық, Жақсылықтан – Баян, Баяннан – Төлек, Төлектен Қосағалы туады. Бүгінгі таңда Қосағалының ұрпақтарын қазақ жерінің әр түкпірінен кездестіруге болады. Ал, ең көп шоғырланып отырған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Бұлақ ауылы».
Сонымен бірге, жазушы Айдархан Шәбдәнұлының 2011 жылы шыққан «Досан батыр», белгілі жорналшы Бақберген Амалбектің 2012 жылдың 3 тамызы күні «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Қосағалы» мақаласын айтуға болады. Бұл мақаламен бірге көкшелік танымал суретші Манарбек Бұрмағанов бейнелеген батыр атамыздың суреті бірге жарияланды. Әсіресе, Айдос Әбутәліпұлы ағамыздың еңбегін ерекше айтқан жөн. Ол кісі «Қосағалы батыр есiмi қолдау күтедi» деп атамыздың атын ардақтауға ерекше үлес қосып, толғау да жазды.
Батыр бабамыз Қосағалы Төлекұлы бойы 2 метрден асатын ірі денелі кісі болса керек, 90 жастан асып, өз шаңырағында дүниеден озған екен. Батырдың зираты Көкшетау қаласынан солтүстікте орналасқан Азат деген төбеде жатыр. Батырдың алып денелі болғандығының нақты дәлелі жерленген жерінің ұзындығы шамамен 4 метр болуы. Өмір сүрген уақыты туралы баспа бетінде 1740-1813 және 1755-1820 жылдар деп көрсетіліп жүр. Алайда, нақты дерек болмаса да ел аузында сақталған аңыздар мен одан кейінгі ұрпақтарының санын есептей келе, Қосағалы батырдың туған кезі шамамен 1710-1713 жылдар аралығы деуге болады. Батырдың әкесі Баянұлы Төлек Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманында жоңғарлардың шақпыншылығы кезінде жапа шеккен халыққа малын бөліп беріп, қамқор болған деген аңыз бар. Содан ол Байтөлек атанса керек. Төлектің өзінен тумаса да кірме болып, Төлек ұрпағы атанып жүргендер сол жаугершілік замандарда бабамыздың бауырына басқан жетім-жесірлердің ұрпағы.
Осы атамыздың атын әсіресе, батыр баласы Қосағалы асқақтата түсті. Батыр бабамыздың заманында жасаған ерліктері, басынан өткен қилы оқиғалары, ел ішіндегі дау-жанжалдарды, түйіні қиын талай мәселелерді қалай шешкені туралы әсерлі де, таңдай қақтырар әңгімелер халық арасында көптеп айтылады. Қосағалы бабамыз жас кезінде Абылай ханмен, Қанай би, Жәпек батыр сынды айтулы тұлғалармен үзеңгілес болып, соғыстың бел ортасында жүріп, батыр атын шығарған. Батыр, әсіресе, қалмақтардан Кіші Жүздің жерін қорғауда ерекше көзге түскен көрінеді. Содан болар, Кенесарының жанында болған Тама руының Қилыбай деген батыры өзіне қосалқы ат қылып Қосағалының атын алған екен. Дәулеткерейдің «Қосағалы» деген күйі де тегін болмаса керек. Соның бәрі батыр бабамыздың атақ-даңқын айқындай түседі. Абылай хан дүниеден өткен соң, жасы ұлғайып, кәрілік келген кезде, Уәли ханның заманын да көрген. Соғыстың алғашқы жылдары (1734 ж.) Қосағалы батыр бабамыз жүз басы болғаны айтылса («Досан батыр» кітабының 67-беті), кейінірек Батыр бабамыздың мыңбасы болғаны жазылған. Мысалы, сол кітаптың 159-шы бетінде мынандай дерек берілген: «Абылай өзі алдыңғы топқа қосылып, қалған қолды Бөгенбай батырға қалдырды. Бес мыңбасының атын атап «жөнелдік» дейді. Олар Атығай, Қарауыл жігіттерінен тұратын қол. Мыңбасылары Аңдықожа, Құлсары, Жолдыбай, Қосағалы, Досан батырлар. Бұл соғыс болып жатқан кезең 1739-1740 жылдар аралығы» (126-бет).
«Адам ұрпағымен мәңгі» дегендей, Қосағалы батырдың ұрпағы өрбіп-өсіп, Қазақстанның түпкір-түпкірінде кездеседі, олардың ішінде ел қорғап, жауға шапқан батырлар да, үкімет деңгейінде басшылық еткендер де, ғылым мен білім, өнер жолының майталмандары да, шаруашылықтар мен кәсіпорындарды басқарған білікті басшылар мен кәсіпкерлер де, қарапайым еңбек қаһармандары да бар.
Сол ұрпақтары батыр аталарының атын ардақтау мақсатымен Көкшетау қаласының іргесіндегі Азат тауындағы батыр зиратында кесене тұрғызды. Кесене қызыл кірпіштен өрілген, ені 6 метр, ұзындығы сондай, ал, күмбезін қосқандағы биіктігі 9 метр болады. 19 қазан күні кесененің салтанатты ашылуы болып, Қосағалы батырға арналған ас берілді. Зеренді аудандық мешітінің бас имамы құран бағыштады, батырдың ұрпағы, еңбек ардагері әрі қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жақсылық Қабдоллаұлы Ысқақов, белгілі қаламгер Айдос Әбутәліпұлы, кәсіпкер-демеуші Самат Ескендіров және тағы басқа азаматтар батыр туралы тілектерін айтты. Кесене Ақмола облысы «Visit Aqmola» туристік ақпарат орталығы базасына тіркелді. Сондай-ақ, Зеренді ауданының халық зиярат етіп баратын қасиетті орындардың біріне айналып отыр. Осы жолы баспа бетінде жарық көрген, ел аузында қалған әңгімелер жинақталып, «Ел айбыны Қосағалы батыр» атты кітап жазылып, ұрпақтары мен қонақтарға таратылды.
Осы ретте, кесенені тұрғызуға оның салтанатты ашылуына арналған іс-шараларға белсене араласып, қолдан келген көмектерін беріп, жанашырлық көрсеткен Көкше өңірі азаматтарының еңбектерін атап өту орынды болар. Алдымен бұрынғы Күсеп селолық округінің әкімі Сағынтай Шәймерденұлы мен Алексеев селолық округінің әкімі Қайрат Алхатовқа алғысымызды білдіреміз. Жергілікті молла Мереке мен Доломит карьерінің директоры Есімбек Алпысбаев та қолдан келген қолғабысын тигізді. Оларға да мың рахмет. Зеренді ауданының әкімі мен орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, мәдениет үйінің ұжымы кесененің салтанатты ашылу шараларын ұйымдастырып, оны жоғары дәрежеде өткізді. Батыр баба ұрпақтары атынан баршаңызға зор ризашылығымызды білдіреміз.
Қосағалы батыр бабамыздың кесенесін тұрғызу барысында, қазіргі пайдаланылып жүрген шежіремізге түспеген, батыр бабамыздың Тосын атты ұлынан, бұрын бізге беймәлім Күнғабыл, Бағысай, Жанысай, Жәпек, Елеу атты бес ұлы болғанын естіп білдік. Жанашыр ағамыз Рашит Сейітұлының артындағы ұрпағына қалдырған жазба мұрасында сол бес атадан кімдер тарайтыны, қай өңірлерде тұрып жатқандары атап көрсетіліпті. Батыр бабамыздың ұрпақтары үшін осы бір қуанарлық жағымды жаңалықпен бөлісе отырып, осынау аттары аталған аталардан тарағандар арасында біздерменен жақынырақ танысқысы келетіндері бар болса, хабарласуларын сұраймыз. Кесененің ашылу салтанатына Рашит Сейітұлының балалары Ақмарал мен Мараттың арнайы келулері осы бауырлардың табысуының бастауы деп бағалаймыз. Алда барша ұрпағымызға амандық-саулық, ұйымшылдық беріп, саналы, бақытты өмір нәсіп етсін.
Ендігі болашақтағы мақсатымыз Қосағалы батыр туралы деректерді мұражайлардан, архивтерден іздеп, зерттеу жұмыстарын одан әрі тереңдетіп жүргізе түсу. Осы жолы батыр кесенесі орналасқан Алексеевка ауылына батыр есімін беру туралы мәселе де көтерілді. Осындай игі шаралар ата-баба мұрасын баянды етумен бірге, келешек ұрпақ үшін тағылымды тәлім-тәрбие де болары айқын.

Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы,
Серік СӘЛМЕНҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар